Білім

Тұрар есімі берілген

Тұрар есімі берілген

білім ошағы мерейтойын атап өтті

Тараз қаласындағы №48 орта мектепке осыдан 25 жыл бұрын көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың есімі берілген-ді. Небәрі 25 жасында ірі мемлекет басшысы деңгейіне көтерілген халқымыздың біртуар перзентінің атымен аталатын білім ошағы содан бері жас ұрпақтың бойына елжандылықты сіңіру және оқыту, тәрбиелеу жұмыстарында көптеген жетістіктерге жетті. Бүгінде тау тұлғаның есімін иеленген мектепте 116 ұстаз еңбек етуде. Олар біліктіліктерін ұдайы арттырып, талмай ізденіп те жүр. Оқушыларға өнеге боларлықтай танымдық шараларды жиі өткізуге баса мән береді. Сондай шаралардың бірі жуырда мектепке айтулы азаматтың есімі берілгеніне 25 жыл толуына орайластырыла ұйымдастырылды. «1990 жылы 23 наурызда ата-аналар мен халық қалаулыларының ұсыныстары мен тілектері негізге алынып, мектепке Т. Рысқұловтың есімін беру туралы қаулы қабылданды. Халқымыздың ардақты ұлының 100 жылдығына орай 1994 жылы мектеп жанынан мұражай ашылды. Тұрар тұлғасын дәріптеуде біздің ұжым мұнымен шектелген жоқ. Қайраткердің өмірі мен қызметі жайлы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, оны топтастырып, жинақ етіп шығарды», – деді мектеп директоры Айжан Әбдешова салтанатты шарада. «Тау тұлғалы қайраткер» атты топта­маны жинақтаған ұстаздар – мектеп басшысы А.Әбдешова, тарих пәнінің мұғалім­дері Индира Малдыбаева, Ләйла Сәменбаева, Гүлнар Кариева екен. Кітапта Т. Рысқұловтың өміріне, қызмет­теріне қатысты тың мәліметтер қамтылған. Мерекелік шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Маржан Қожаева, қалалық мәслихаттың хатшысы Балабек Нарбаев, «Нұр Отан» партиясының Тараз қалалық филиалының төрағасы Қаржаубай Бекболатов және «Қазақстан-Тараз» радиосының бас редакторы Мақұлбек Малдарбеков, ақындар Айша Көпжасарова мен Шырын Мамасерікова, Тұрар туралы жазылған әннің авторы Шәбден Омаралиев, облыстық іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары Хадиша Оспанова, ардагер ұстаз Айман Садықова, аталған мектепті 15 жыл басқарған Ұлбала Баялишева, тағы басқа да түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген азаматтар шақырылыпты. Қадірлі меймандардың арасында осы білім ордасының түлектері де бар. Кеште Тұрар Рысқұловтың өміріне қатысты көптеген құнды деректер айтылды. Оқушылар Шерхан Мұртазаның «Бесеудің хаты» атты тарихи драмасынан үзінді сахналады. Бұл жастар үшін нағыз тәлімді шара болды десек, артық айтқандық емес. Оқушылар есімі мектепке берілген тұлғаның өмірінен жан-жақты мәлімет алды. Кешке шақырылған қонақтардың тағылымды әңгімелерін тыңдады.

Мақұлбек Жаналиев, Тараз қалалық ақсақалдар кеңесінің мүшесі.