Мәдениет

Қазақстан тарихында

Қазақстан тарихында

ислам дінінің рөлі қандай?

2Әлемдегі діндердің ішіндегі ең асылы саналатын ислам дінінің қазақ тарихындағы рөлі де, үлес салмағы да ел тарихында орасан зор болғаны ақиқат. Сол ислам дінінің ғасырлардан бергі атқарып келе жатқан ізгі миссиясы, тазалыққа, адалдыққа, имандылыққа тәрбиелеудегі рөлі «Қазақстан тарихындағы ислам дінінің рөлі» тақырыбында өткен аймақтық тәжірибелік конференцияда кеңінен қаузалды.

Мәжілісті облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов ашып, жүргізіп отырды. Ол ағымдағы жыл мерейтойға толы болатынын, оның ішінде Қазақ хандығының 550 жылдық торқалы тойының мәні мен маңызына айрықша назар аударылатынын, ислам діні ғасырлар бойы түркі тілдес ұлттардың ұстанатын негізгі діні екенін айтып өтіп, жиынға қатысушыларға сөз берді. Алдымен облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров сөз алып, көшпелі қазақ халқының мәдениетін, ислам дінінің орталық Азиядағы, екі мың жылдан астам тарихы бар Тараз қаласындағы рөлін кеңінен сөз етті. Басқарма тарапынан атқарылып жатқан игі жұмыстарды да айтып өтті. Мұнан соң сөз кезегі М. Х. Дулати атындағы ТарМУ-дың бірінші проректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Асқар Абдуалыға берілді. Ол өз кезегінде «Қазақ хандығы және ислам өркениеті» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамашы өз сөзінде сан ғасырлар бойы қазақ жұртшылығында әдемі сабақтастығын үзбей келе жатқан ислам діні мен қазақ өркениетінің байланысын толыққанды әңгімеге арқау қылды. Дәуірлер бойы жалғасып келе жатқан ислам өркениеті кезең-кезеңімен дамып отырғанын, әр хандар мен сұлтандар тұсында да исламға деген құрметтің толастамағанын сөз етті. Бұдан соң мінберге көтерілген Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Еуразиялық талдаулар» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес «Қазақ жеріндегі исламдық құндылықтар мен жәдігерлер: тарихи қалыптасуы және рухани қызметі» тақырыбындағы хабарламасын назарға ұсынды. «Жалпы қазақ тарихын дін тұрғысынан алып қарағанда, исламға дейінгі дәуір және исламнан кейінгі дәуір деп қарастыруға болады. Бүгінгі қазақ қоғамының дамуы адамның бойындағы ізгі қасиеттерді тербиелеу, рухани қажеттіліктерді қанағанттандыру, мәдени дәстүр сабақтастығын жалғаумен астасады. Әлем халықтарының тарихи қалыптасқан наным-сенімі, діни танымы бар. Қазақ даласына ықылым заманда талай уағызшылар келіп, дінді насихаттаған. Арғы ата-бабаларымыз ислам қағидаларын ертеден қабылдаған. Алайда, ислам діні біздің санамызға оңай сіңісті болды дегенді тарих растамайды. Арабтар көршілес елдерге ислам дінін таратқаны да айқын» деген ол арабтардың жетінші ғасырда Сырдария сағасына жетіп, одан Түркістанға ойысқанын да дәйекпен айқындады. Адам шейіт болғандағы ислами үрдістердің қазақ болмысында ертеден қалыптасқанын да сөз етті. Діннің қайырымдылық, ізгілік, шарапатты істерді атқарудағы маңызына да тоқталды. Исламның көшпелі қазақ жұртына қалай жеткенін толғамды ойларымен жеткізді. Келесі кезекте сөз сөйлеген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Дінтану» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Асылбек Избайров «Қазақ тарихындағы дәстүрлі дін және оның бүгінгі жайы» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде ғасырлар айрығында ізгі дінімізге іріткі салуға тырысқандардың жымысқы әрекетінен еш нәрсе өнбегенін дәйекті пікірлермен дәлелдеп отырды. Ұлтты жаулау үшін соғыстан да, басқадан да жеңіл тәсіл ретінде ел ішіне діни теріс ағымдардың өкілдерін жіберіп, бүлдіргі жасау арқылы біртұтастықты бұзу әлдекімдердің миссиясына айналғанын айқын жеткізді. Сонымен қатар, діннің бүгінгі қоғамдағы орны мен рөлін де мазмұнды пікірлерімен талдай отырып әңгімеге арқау етті. Өзге де баяндамашылар ислам дінінің қоғамдағы рөлін әртүрлі дәйектер арқылы нақтылады. Соңыра конференция жұмысына орай қарар қабылданды. Конференция секциялық жұмыстармен жалғасын тауып, келесі күні өзге де шаралар өткізілді. Экскурсия жасалды. Бейнефильм көрсетілді. Аймақтық шараға Алматы, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері, құқық қорғау органдарының өкілдері, этномәдени орталықтар жетекшілері және тарихшы профессорлар қатысқанын да айта кету керек. Мазмұнды шара барысында қазақ хандығы тұсындағы ислам өркениеті жайлы да кеңінен сөз болды.

Табиғат Абаилдаев,  «Ақ жол».