Өмір жолы - өнеге
Өмір жолы - өнеге
Шапай аға – cоғыс ауыртпалығын иінімен көтерген ұрпақ өкілдерінің бірі. Ол Шу ауданы, Төле би ауылының тумасы. Жеті жасынан бастап «Қызыл майдан» колхозында бақташы, шопан көмекшісі болып тер төкті. 1953 жылы колхоздың жолдамасымен бір жылдық ауыл шаруашылық есепшілер курсын бітірген ол есепшінің көмекшісі, бас есепші болып колхоздың қоғамдық жұмыстарына да белсене араласқан. Сол тұста Томарөткелде құрылған «милиция бригадасы» деген қоғамдық ұйымға басшылық жасап, ауылдағы қоғамдық тәртіпті нығайтуға өз үлесін қосады.
Оның «халық жауының баласы» деген аты қызметте өсуіне көп кесірін тигізген еді. 1958 жылы әкесі ақталғаннан кейін Жамбыл қаласына көшіп келіп, тамыз айында 23 жасында артельге (былғары комбинаты) нормалаушы болып жұмысқа орналасты. Жұмыс барысында артельдің экономикалық жағдайын зерттеп, шығарылатын өнімдердің өзіндік құнын қайта қарау керектігін дәлелдеп, ішінара ұсыныстар да енгізді. Соның нәтижесінде еңбек өнімділігі артып, өнімнің өзіндік құны арзандап, жаңа бағалар бекітіліп, артельге қомақты пайда түседі. Сол жылы ол осындағы жоспарлау тобының басшысы болып бекітіледі. Көп өтпей партия қатарына қабылданған ол қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, комбинаттың комсомол комитетіне хатшы болып сайланған еді. Іскерлік қабілеті ескеріліп, облыстық атқару комитетінің ұйымдастыру бөлімінің кадрлар жөніндегі аға нұсқаушысы қызметіне жоғарылатылып, мекемедегі кәсіподақ ұйымына жетекшілік етеді. Науқандық ауыл шаруашылығы жұмыстары кезінде облыстық партия комитетінің жауапты өкілі болу міндеттерін де абыроймен атқарады. Кәсіподақ саласында он жылдай істеп, шыңдалған азамат басшылар назарына ілікті. Облыстық партия комитеті 1971 жылы Ш.Құрамысовты мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитеті төрағалығына ұсынған. Ол кәсіподақ комитетінің пленумында бірауыздан комитет төрағасы болып сайланды да. Осы саланың жұмысы сол кезде қанағаттанарлықсыз жағдайда болды. Бұл саланың кәсіподақ мүшелері бар болғаны 1200 адам ғана еді. Содан бұл жұмысты оған жаңадан бастауға тура келді. Ол ең әуелгі ісін аудандарды аралап, кәсіподақ жұмысының жағдайымен танысудан бастайды. Әлеуметтік сақтандыру жарнасынан түскен қаражаттың қалай, қайда жұмсалынып жатқандығын тексеру барысында көптеген олқылықтардың бетін ашады. Мұндай жағдайлар негізінен ауылдық кеңестерде орын алған. Олардың жалақы қорында 100 пайыз әлеуметтік артық шығындар болғаны, сақтандыру қаражаттары мүше емес адамдарға төленіп келгені, басқа да кемшіліктер белгілі болды. Шакең сақтандыру қаражаттарының жаратылуын облыстық комитеттің құзырына алып, қатаң бақылау орнатып, жұмысты бір жүйеге түсіреді. Басшылар содан былай қарай кәсіподақтардың жұмысына мән бере бастайды. Осының нәтижесінде жаңадан бастауыш ұйымдар құрылып кәсіподақ мүшелерінің саны 10 мыңға жеткен. Ол Жамбыл қалалық кеңесіне екі рет депутат болып сайланған. Сол жылдары сайлаушылардың аманатын орындауға жауапкершілікпен қарады. Чапаев, Новая көшелеріне газ жүргізу жұмыстарына басшылық жасап, 1975 жылы көше тұрғындарына көгілдір отын жеткізіп берді. Облыстық кәсіподақтар кеңесінің төрағасы Ә.Әпсеметов Ш.Құрамысов басқаратын кәсіподақ комитетінің жұмысына жоғары баға беріп, комитеттің іс-тәжірибесін басқаларға үлгі етіп отырды. Бір жолы оған үлкен сенім артылып, облыстық кәсіподақтар кеңесінің тапсырмасы бойынша 40 адамды турист ретінде Венгрия, Югославия республикаларына басқарып бару тапсырылғаны да бар. Сәл кейіндеу ол кәсіподақ саласының үздік қызметкері ретінде облыс делегациясын Моңғолия Республикасына бастап барып, Қобда аймағының мекемелерін, шаруашылықтарын аралап, іс-тәжірибелерімен бөлісіп қайтты. Бұдан соң Қобда аймағы кәсіподақтарының өкілдері біздің облысымызда болып, бауырластық қатынас нығая түскен еді. ВЦСПС тарапынан Қазақстан кәсіподақтар кеңесінің пленумында мемлекеттік мекемелер қызметкерлері кәсіподағы Жамбыл облыстық комитетіне оң баға беріліп, Одақ бойынша бірінші орын алғаны және аудандық, селолық советтер арасында социалистік жарыс ұйымдастырғаны, спортты дамытуда екінші орын алғаны атап көрсетілді. Сол тұста кәсіподақ комитетінің тәжірибесі «Труд» газетінде жазылып, насихатталды. Шәкең қай жерде жұмыс істесе де жақсы қырынан көрініп жүрді. Соңғы жиырма жыл бедерінде кәсіподақтың беделін көтеріп, кәсіподақ мүшелері қатарын көбейтуге үлесін қосты. Кәсіподақ мүшелерінің «Нұр Отан» партиясының қатарына өтуіне ықпал жасап отырды. Ол өз Отанының патриоты ретінде Парламенттік, Президенттік сайлау өткізуге де көмегін аямады. Осы еңбегі жоғары бағаланып республикалық «Нұр Отан» партиясының Құрмет грамотасы мен Алғыс хатына ие болды. Шапай Құрамысов – өмірдің ауыр кезеңдерін бастан кешірсе де мойымаған, өзіне тапсырылған жұмыстарды жауапкершілікпен, абыроймен атқарған азамат. Өзінің білімін, іскерлігін облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсады. Қоғамда, жанұясында беделді, абыройлы, парасатты азамат екендігін көрсете білді. «Ұзақ жылдар атқарған ерен еңбегі үшін», «Кәсіподақтардағы ерен еңбегі үшін», «Халықаралық кәсіподақтар федерациясының 20 жылдығы», басқа да медальдармен марапатталған. Бүгінде бала-шағасының, замандастарының ортасында әдемі қариялық шағын өткізіп жатқан ел құрметіне, сый-абыройға ие азамат сексеннің сеңгіріне келіп, қуанышқа бөленіп отыр. «Адам ақылымен сымбатты, ұрпағымен қымбатты» дегендей, Шапай ағамыз бен Нағима жеңгеміз тәрбиелеп өсірген 6 ұл, 4 қыздың бәрі де жоғары білімді мамандар. Олар бұл күндері еліміздің әр тарабында, әр салада абыроймен қызмет істеп жүр.
Жеңісбек ЕГЕМБЕРДИЕВ, саясаттанушы, зейнеткер.
Тараз қаласы.