Сайлаушылардың таңдауы айқын
Сайлаушылардың таңдауы айқын
ҚР Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Атырау облысына келді. Бұл жерде олар Ұлт көшбасшысы жақтастарының форумына қатысты, облыс белсенділерімен, Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) мен «ШевронМұнайГазИнк» компаниясының қызметкерлерімен кездесті. Делегация құрамында республикалық қоғамдық штаб жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, ҚР Парламентінің депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері, сондай-ақ, мәдениет пен өнер саласының өкілдері бар. Алдағы сайлауда Елбасына өз қолдауларын білдіру үшін «Жайық» спорт сарайына облыстың мыңдаған тұрғындары жиналды. Сөйлеген сөздерінде олар Қазақстанның табысты дамып жатқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс білдірді. Одан әрі Салтанат сарайында РҚШ мүшелерінің Атырау облысының еңбек ардагерлерімен кездесуі болды. Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, өңірдің құрметті тұрғыны Ілия Жақанов өз сөзінде Мемлекет басшысы саясатының әлеуметтік-экономикалық қана емес, сондай-ақ мәдени саладағы табысты дамуға да бағытталғанын қадап айтты. «Мемлекет басшысының бастамасымен «Мәдени мұра» бағдарламасы іске асырылды, соның арқасында әлемдегі түрлі кітапханалар мен мұрағаттардан біздің еліміз үшін ерекше маңызы зор бірегей жәдігерлер табылып, Қазақстанға әкелінді», – деді Ілия Жақанов. Өз кезегінде еңбек ардагері Любовь Монастырская бүгінгі қазақстандықтардың ынтымағы жарасқан бір үлкен отбасы болуына, Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасында дүниеге келген Қазақстан халқы Ассамбеясының атқарып жатқан қызметінің зор екенін атап өтті. «Ассамблеяның әр сессиясында, әр форумында біздің Елбасымыз бейбітшілікті, келісім мен халықтардың бірлігін үнемі жақтаумен келеді. Біздің бәрімізге – Көшбасшымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маңайына топтасқан – бір ұлт екенімізді түсінудің маңызы зор», – деді Любовь Монастырская. Түстен кейін РҚШ мүшелері Атырау мұнай өңдеу зауыты қызметкерлерімен жүздесті. Ұжымның атынан зауыт қызметкері Әлфия Гумерова сөз сөйледі. Ол еңбек адамының қажеттілігін Мемлекет басшысының біреулерден есту арқылы ғана білмейтінін және еліміздегі барлық еңбеккерлердің оның қамқорлығын сезетінін атап өтті. «Елбасы біздің аймақтың дамуына әрқашанда ерекше көңіл бөлді. Бүгінгі күні біздің зауытта екі көлемді инвестжоба – хош иістелген көмірсутегі өндіру және тереңде өңделетін мұнай өнімдерін өндіру іске асырылуда. Зауыт заманауи үлгілер бойынша жабдықталған, жаңа технологиялар енгізілуде. Біздің аймаққа көптеген миллиард инвестициялар тартқан Нұрсұлтан Назарбаев болмағанда, осының бірі де болмас еді», – деп атап айтты Ә.Гумерова. Зауыт жұмысшылары да Еңбек адамын қолдағаны үшін Елбасына алғыс айтты. «Өндіріс цехының жұмысшысы ретінде мен жыл сайын бізде жаңа жұмыс орындарының пайда болуының, еңбек жағдайының жақсаруының, жетістіктеріміздің артуының куәсімін. Осының бәрі біздің ертеңгі күнге деген сенімімізді арттырады, сондықтан да мен өз отбасымның игілігі үшін, яғни, еліміздің игілігі үшін еңбек етемін және менің елімнің гүлдене түсуі үшін Елбасына дауыс беремін!» – деді Атырау мұнай өндіру зауытының хош иістелген көмірсутегі өндіру кешенінің операторы Қасиет Лұқпанов. Кездесулер барысында Атырау облысының халқы алдағы сайлауда өздерінің Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс беретіндерін бірауыздан мәлімдеді. * * * Кеше Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Н.Ә. Назарбаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Маңғыстау облысына барды. Сапар барысында облыс активімен, медициналық қызметкерлермен, аймақтың кәсіпкерлерімен, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» АҚ және «Ақтау құю зауыты» ЖШС жұмыскерлерімен кездесулер өтті. Делегация құрамында республикалық қоғамдық штаб жетекшісі Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Бiрлiк» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали, «КТК» стратегиялық даму бойынша директоры Артур Платонов, ҚР Парламентінің депутаттары, ҮЕҰ өкілдері, зиялы қауым өкілдері бар. Маңғыстау облысының активімен кездесу Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театрының қабырғасында өтті. Маңғыстаулықтар өңірдің дамуындағы Мемлекет басшысының ерекше рөлін атап өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, «Народное согласие» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Юсуп Шахшаевтың айтуынша, облыс тұрғындары қашан да Елбасының сенімді тірегі болып қала береді. «Қазақ халқы – бір шаңырақ астында 140 халықты ұйыстырып отырған қазақстандық халық атты алып бәйтеректің тамыры. Бірлік пен келісім – бұл осы бәйтеректі ғасырлар бойы сақтап тұратын, нәр беретін энергия. 20 этномәдени орталықтан құралған «Народное согласие» қоғамдық бірлестігі және бүкіл Маңғыстау жұрты әрқашанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сенімді тірегі бола бермек», – деп атап өтті Ю.Шахшаев. РҚШ мүшелері Ақтау теңіз портының ұжымымен кездесті. Жұмысшы Эйбат Хантеміров мәртебелі меймандардан Нұрсұлтан Назарбаевқа оның өз халқы үшін жасап жатқан игі істері үшін алғыс білдіруді сұрады. «Мен Маңғышлаққа 1977 жылы келдім. Осы жерде шаңырақ көтеріп, бала сүйдім. Осылайша тағдыр мені Қазақстан және Ақтау портымен байланыстырды. Мұнда 20 жыл бойы жұмыс істеп жатырмын. Ұлым Баутино портында істейді. Бұл елде менің жанұям бақытқа кенелді, тұрақтылықтың арқасында әл-ауқатымыз артты. Мұның барлығы – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қажырлы еңбегінің жемісі. Әр қазақстандықты өзі үшін, өзінің, балалары мен немерелерінің жарқын болашағы, Қазақстан Республикасының өркендеуі үшін дауыс беруге шақырамын», – деді Э.Хантеміров. Сонымен қатар РҚШ мүшелері облыстық қан орталығына барып, медицина қызметкерлерімен кездесті. «Перинаталды орталықта жұмыс істеймін. Реанимация жүйесіндегі еңбек өтілім – 15 жыл. Сондықтан денсаулық саласындағы қиын-қыстау кезеңді бастан кешірдім. Ол кезде ауруханаларда қарапайым дәрілер тапшы болған. Науқасқа қалай жәрдемдесу керек екенін біліп, алайда дәрінің тапшылығынан көмек дер кезінде көрсетілмеген кездер болғаны есімде. Бірақ ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен құрылған, басты басымдықтарының бірі ретінде азаматтарымыздың денсаулығы белгіленген «Саламатты Қазақстан» бағдарламасының енгізілуінен кейін оның нәтижелері ұзақ күттіре қойған жоқ. Медициналық қауымдастық қысқа уақыттың ішінде қандай түбегейлі өзгерістердің болғанын байқады», – деді өз сөзінде облыстық перинаталдық орталығының реаниматологы Аймет Мұхаметов. Кардиохирург дәрігер Жеңіс Қозыбаев Мемлекет басшысына «Болашақ» бағдарламасы үшін алғысын білдірді. «2008 жылы мен «Болашақ» бағдарламасымен «Бакулев» университетінің «Кардиохирургия» факультетінде білім алу мүмкіндігіне ие болдым. 2006 жылы Мәскеуге барғанымда тобымызда бірнеше ел: Молдова, Грузия, Армения, Ресей, Кот-д-Ивуар және т.б. мемлекеттердің студенттері болған. Танысу кезінде біз қазақстандық студенттерге әлемнің жетекші университеттерінде білім алуға мүмкіндік беріп отырған «Болашақ» бағдарламасы туралы айттық. Олардың барлығы Нұрсұлтан Назарбаевтың өз халқының болашағына осындай үлкен инвестициялар құйып отырғанына таңғалды», – деп айтып өтті өз сөзінде Ж.Қозыбаев. РҚШ мүшелері сондай-ақ, аймақ кәсіпкерлері және «Ақтау құю зауыты» ЖШС-ның жұмыскерлерімен кездесті. Олар Мемлекет басшысына Маңғыстау облысына көрсеткен қолдауы және дамытуы үшін алғыстарын айтты. Аймақ тұрғындары 26 сәуір күні Ұлт көшбасшысына дауыс беретіндеріне сендірді. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев – Қазақстанның тұрақтылығы мен гүлденуінің кепілі.