АВТОБЕКЕТТІҢ АЙНАЛАСЫ АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ
АВТОБЕКЕТТІҢ АЙНАЛАСЫ АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ
Газетіміздің өткен санында хабарлағанымыздай, Қазақ хандығының 550 жылдығына дайындық жұмыстары Таразда енді-енді қарқын алып келеді. Жаппай жұмысқа кірісіп кетпесе де, облыстар өздеріне жүктелген нысандар бойынша әртүрлі жұмыстарын бастап кетті. Мәселен, олардың басым бөлігі нысан құрылысының жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеп қойғанмен, эскиздерін әлі дайындау үстінде. Сараптамадан да әлі жобалардың жартысынан астамы өте қоймаған. Ал нысандардың қаржыландыру мәселесі де толық шешім таппауда. Дегенмен, барлық облыс пен екі ірі қала – Астана мен Алматы билігі жуық арада жұмыстарын жандандыратынын уәде етіп отыр. Қазіргі уақытта екі нысанда құрылыс жұмыстары қолға алынды. Оның бірі – «Қарахан» кесенесі маңына орналасатын гүлзардың орны тегістеліп қойды. Бұл жайлы газеттің 14 сәуір күнгі санында жазғанбыз. Енді Солтүстік Қазақстан облысы демеушілер арқылы Тараз қаласының негізгі нысандарының бірі саналатын автобекет маңын тегістеуді қолға алған. Онда жоба бойынша Мәмбет батыр көшесінен бастап автобекетке дейінгі кең жер гүлзарға айналуы тиіс. Алдын ала есептеулер бойынша мұндағы құрылыс жұмыстарына шамамен 50 миллион теңгедей қаржы кетеді деп жоспарланыпты. Мұндағы құрылыс жұмыстары осыдан екі аптадай уақыт бұрын басталған. Петропавлдық «Сенім Мидас Строй» ЖШС құрылысшылары қазіргі уақытта автобекет алдынан бой көтеретін үлкен субұрқақтың іргетасын құйып жатыр. Құрылысқа 15 адам тартылып, 7 техника жұмылдырылған. Шамамен 800 метрге дейін созылатын аллеяның екі нүктесінде үлкен композициялық гүлзар болмақ. Одан бөлек, бұл аллея серуендеушілерге арналған орындықтар мен тротуарлар, жарықшамдармен қамтамасыз етіледі. Нысандағы жұмыс қарқынында, анау айтқандай мін жоқ. Дегенмен, жұмыс қызған шақта аллеяға тиесілі учаскеде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан көлік жөндеу орталықтары және кесе көлденең жатқан газ құбыры кедергі болатын сыңайлы. Яғни, қызмет көрсету нысандары мұндағы аллеяның көркіне кір келтірмек. Серіктестік директорының құрылыс жөніндегі орынбасары, компанияның Тараз қаласындағы өкілі Магомед Эдоковтың айтуынша, бұл мәселемен қазір қала билігі айналысып жатыр екен. Құрылысшылар 1 тамызға дейін тапсырылуы тиіс нысандағы жұмысты одан ерте уақытта-ақ аяқтаймыз деп отыр.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.