Мойынқұм индустриялы өңірге айналуда
Мойынқұм индустриялы өңірге айналуда
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Мойынқұм ауданындағы іссапарын Мыңарал балық зауытының жұмысымен танысудан бастады. Өткен жылдың желтоқсан айында өзі ашылу салтанатына қатысқан зауыттың өңір өнеркәсібін өрістетудегі мән-маңызына да айрықша тоқталды. Зауыттың атқарушы директоры Сергей Ни дәл қазір балықтың уылдырық шашатын кезең екенін тіліне тиек етіп, жұмыс барысы уақытша кідіріп тұрғанын айтты. – Ағымдағы жыл басынан бері бар болғаны 30 тонна өнім өндірдік. Ал жылдық жоспарымыз – 250 тонна. Дегенмен, балық аулауға тыйым салынған мерзім аяқтала салысымен жоспарды орындау үшін жанталасатын боламыз. Маусым айының басынан бастап зауыт жұмысына қайта қан жүгіртеміз. Оған барлық мүмкіндіктер бар, – деді Сергей Ни жағдайды баяндап. Сонымен қатар ол мұндағы қызметкерлердің орташа жалақысы 60-70 мың теңгені құрайтынын да мәлім етті. Оған қоса зауыттың алдағы уақытта жұмыс ауқымы кеңейіп, 200-250 адамды жұмыспен қамтуға болатынын да айтып қалды. Оның үстіне С.Ни жақында зауыттағы өндіріске қарқын беруге қауқарлы екі теплоход сатып алғандарын да тілге тиек етті. Бұл мұндағы жұмыс көлемінің әлі арта түсетінін көрсетеді. Өз кезегінде Кәрім Көкірекбаев зауыттың жарық және жылумен толықтай қамтамасыз етілгенін қаперге алып, күре жол мен электр қуатының да қажетінше тартылғанына баса назар аударды. «Барлық мәселесі шешімін тауып, жағдай барынша жасалған зауыт жұмысында ешқандай сұрақ туындамауы керек», дей келе облыс басшысы міндеттелген межені жыл соңына дейін тиянақты түйіндеуді тапсырды. Сондай-ақ ол жұмыс күшін мыңнан аса тұрғыны бар жергілікті ауылдан тарту керектігін де ескертті. Аудан басшысы Болат Мәдікенов аудандық бюджеттен 1 миллион 200 мың теңге қарастырып, 20 адамды қайта дайындық курсынан өткізіп жатқандарын, соңыра балық өңдеуші маман ретінде осында жұмысқа жіберілетінін айтты. Бұдан кейін Кәрім Көкірекбаев Мыңарал темір жол стансасы мен «Жамбыл цемент өндіру компаниясы» ЖШС арасына тартылып жатқан темір жол жағдайымен танысты. Серіктестіктің атқарушы директоры Анатолий Медюков темір жол құрылысының таяу уақытта аяқталатынын, қуаттылығы жылына 1200 мың тонна цемент өндіретін «Жамбыл цемент өндіру компаниясы» жұмысының жандануына орасан зор септігі тиетінін сөз етті. Кәрім Нәсбекұлы Шығанақ ауылындағы 140 орындық балабақшаның құрылысымен танысты. Жобалық сметалық құны 336,9 миллион теңгені құрайтын балабақшаның құрылыс жұмысы біраз уақыт бұрын бастау алғанымен, ауа райының қолайсыздығы салдарынан қыс мезгілінде кідіріп қалған болатын. Осыны ескерген облыс әкімі мердігерге құрылыс жұмысын шілде айында аяқтауды шегелеп тапсырды. Бұдан кейін облыс басшысы Ақбақай орта мектебінде болып, мұғалімдер және оқушылармен жүздесті. 500 орындық мектепте қазіргі таңда 140 бала оқып жатқанын білдік. Мұндағы мектеп табалдырығын аттап жатқан бүлдіршіндердің саны жыл санап артып келе жатқандығынан хабардар болған облыс басшысы келешекте аталмыш мектепте 300-ден аса оқушы оқитын болады деп сенім білдірді. Мектеп директоры Мадина Оразалиева оқу орнының орталықтардан шалғайлау орын тепкенін алға тартып, маман тапшылығы туындап отырғанын да жасырмады. Әсіресе, математика, физика және дене шынықтыру пәндерінен беретін ұстаздар жетіспейтінін жеткізді. Облыс әкімі бұл тұрғыда облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбековаға сауалдар қойып, осыны қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ, аймақ басшысы «АлтынАлмас» АҚ Ақбақай филиалында да болды. Жоба құны 8,1 миллиард теңгені құрайтын кәсіпорынның жылдық қуаты 1 миллион тонна кен өндіруге шақталған. 2011 жылы іске қосылған комбинатта мыңға жуық адам алтын, күміс өндіру жолында аянбай еңбек етуде. Олардың жартысына жуығы жергілікті тұрғындардан құралғаны көңілімізді көншітті. Филиалдың атқарушы директоры Мақсұт Дүйсенаев өндірілетін өнім көлемі жыл санап артып келе жатқанын айтты. Олар былтырғы жылы алғашқы үш айда 214 келі алтын , 54,7 келі күміс өндірсе, бұл көрсеткіш ағымдағы жылдың алғашқы үш айында – 284 және 70 келіні құраған. Демек, жылдық көрсеткіш те өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда артады деп күтілуде. Хантаудағы цемент зауытында болған Кәрім Көкірекбаев жобалық құны 8,3 миллиард теңге кәсіпорынның қызу әрі өнімді жұмыс барысына ризашылық танытты. Құрылтайшы «ACIG» АҚ президенті Денис Никитин облыс әкіміне зауыттың өнімі біртіндеп артып келе жатқанын мақтанышпен айтты. Оның айтуынша, өткен жылы 8 мың тонна өнім өндірілсе, ағымдағы жылдың алғашқы үш айының өзінде-ақ бұл көрсеткіш 3,6 мың тоннаға жетіп отыр. Мұндағы 240 жұмысшының 53 пайызын жергілікті тұрғындар құрайды. Әлбетте, бұл мойынқұмдықтар үшін екі қолға бір күректің табылғандығы десек, қателеспейміз. Облыс басшысы К.Көкірекбаев жылдық қуаты 500,0 мың тоннаны құрайтын зауыттың табысты еңбегіне оң баға берді. Кәрім Нәсбекұлы Радай өзеніндегі су реттегіш гидроқұрылғысының жұмысымен танысты. Өткен жылғы желтоқсан айында пайдалануға берілген Шу өзеніндегі су реттеу гидроқұрылғысы өзеннің төменгі ағыс жағында орналасқан елді мекендер мен жайылымдық жерлерді су басудан сақтау мақсатында салынған болатын. Облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен мердігер «SAT Construction» ЖШС жүргізген гидроқұрылғының бір жанындағы үйілген құм шайыла бастағаны байқалды. Осыны назарға алған Кәрім Көкірекбаев өткен жылдарда көршілес облыстарда орын алған су тасқындарын еске салып, су тілсіз жау екендігін, алдағы өзен суларын байлау кезінде байқалған олқылықтардың орнын толтыруды тиісті басшыларға тапсырды. Сонымен қатар, облыс әкімі аудандағы іссапары кезінде Ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандағы филиалы мен аудандық ветеринариялық стансада болып, ондағы жұмыстармен жете танысты. Сондай-ақ ол аудандағы төрт түліктердің қазіргі жағдайына баса назар аударып, күн жыли сала қаптайтын кене қатерінен сақ болуға, оның алдын алуға шақырды. Іссапар соңы аудандық әкімдіктегі актив жиналысымен түйінделді. Онда өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев облысымыздың 44 пайызын алып жатқан Мойынқұм өңіріндегі сапарына көңілі толғанын жеткізді. Кәрім Нәсбекұлы бірқатар кемшіліктерді жою жөнінде тиісті басқарма басшыларына тапсырмалар берді. Аудан әкімі Болат Мәдікеновке де өңірдің әлеуметтік-экономикалық бағытындағы бірқатар нақты шараларды жүзеге асыруды міндеттеді.
Жанғазы АХМЕТОВ, «Ақ жол».
Мойынқұм ауданы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.