Қызыл жұлдызды жауынгер
Қызыл жұлдызды жауынгер
Жеңіске жеткен күннен бері 70 жыл өтті. Ұлы Отан соғысы уақыт өткен сайын бізден алыстап, тарих шежіресіне айналып барады. Алайда сондағы ержүрек майдангерлеріміздің ерен ерліктері жаңғыра түспесе еш көмескіленбек емес. Ұлы Отан соғысы Кеңес халқының ержүректігі мен батырлығын әлемге паш еткен, тарихта таңбалы ізін қалдырған даталы жылдар болып қала береді. Жауды жеңу, жеңісті жақындату жолында жан аямай күрескен ерлердің ерлігін еске алу, ұмытпау да парыз. Қойшы Рахымбердиев те сондай арда азаматтардың бірі. Ол 1915 жылы бұрынғы Ақмола облысы, Қорғалжың ауданында дүниеге келген еді. 22 жасында қатарластарымен бірге әскер қатарына шақырылып, 1940 жылы әскери борышын ойдағыдай өтеп елге қайтады. Көп кешікпей соғыс өрті тұтанып, Қойшы Оңтүстік Батыс Украин майданына аттанады. Оның әскери дайындықтан өткен, ысылған жауынгер екенін байқап, бірден барлау тобының бөлімше командирі етіп тағайындайды. Соғыс өрті шарпыған Украина және Беларусь жерлерінде жаумен бетпе-бет шайқасып, ерлікпен көзге түскен ол майданда жүріп бірнеше рет ауыр жараланып, әскери госпитальдарда емделеді. Сондай қанды қырғын кезінде қатты контузия алса да, қайтадан майдан алаңына аттанып, от пен оқтың нағыз қайнаған ортасында болады. Ерліктері тасада қалмай Кишинев, Влацлавск, Бжесц-Куявски қалаларын азат ету кезінде көрсеткен ерліктері мен Ландсберг, Мезеритц, Швибус, Цюллюхау, Шенлонке, Лукатц, Крейтц, Волденберг, Дризен қалаларын алу кезінде көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл жұлдыз», «Ерлігі үшін» медальдарымен және И.В.Сталиннің 8 рет алғыс хатымен марапатталған. Қойшы соғысты Берлинді алумен аяқтап, елге 1945 жылдың қыркүйек айында оралады. Соғыстан кейін де партияның нұсқауымен соғыс кезінде елде белең алған жат пиғылды қарақшылық топтарды жою үшін облысымыздағы Жамбыл ауданына жіберіліп, НКВД сапында қызмет етеді. Ал 1947 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін Билікөл совхозының 3-ші бөлімшесінің басқарушысы болып қызмет атқарады. Қойшы Рахымбердиев Құдай қосқан қосағы екеуі 7 ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ардақты әке болатын. Өсіп-өнген ұл-қыздары әлдеқашан өмірден еншілерін алып, орындарын тауып, мемлекетіміздің гүлденуіне өз үлестерін қосып жүр. Үлкен ұлы Жолжігіт облыстық ішкі істер бөлімінде абыройлы қызмет етіп, құрметті еңбек демалысына шықса, оның інісі Айжігіт – полиция майоры, әке, ағасы жолымен әскери салада еңбек етіп келеді. Елдің тыныштығы мен бостандығы жолында жанкештілікпен күрескен ерлерді ардақтау, олардың көрсеткен жолын үлгі ету – әр ұрпақтың парызы. Осы тұрғыдан келгенде, Қойшы Рахымбердиев те өз биігінде ардақталады деп сенеміз.
Әбдуәш Майшиев, зейнеткер.
Тараз қаласы.