Ол оралды!
Ол оралды!
Оңтүстік Қазақстан облысы, Жетісай қаласында Қазақстан Республикасының қазақ күресінен еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші Бақыт Жаңбырбаевтың жүлдесіне арналған қазақ күресінен ашық турнир өтті. Дүбірлі додаға Қырғыз, Өзбекстан мемлекеттерінен және еліміздің барлық облысынан кіл мықты балуандар қатысып, жүлдені сарапқа салды. Айтулы аламанда қарсыластарын алып та, шалып та жыққан жамбылдық балуандар жүлденің алдын бермеді. Түйе балуандар сынында өзін жақсы қырынан көрсеткен 2012 жылғы «Қазақстан барысы» Бейбіт Ыстыбаев топ жарса, Жасұлан Әбішев екінші орынға, Аманғали Жартыбаев үшінші орынға ие болды. Бұдан бөлек, 90 келіге дейінгі мықтылар сынында да жамбылдықтардың жұлдызы жанды. Бұл санатта Бегімхан Әділбеков үздік үштіктен көрінді. Осылайша жамбылдық жігіттер Жетісай төрінен жүлдені күреп әкелді. Алда «Қазақстан барысы» мегажобасы жақындап келе жатқанын ескерсек, Бейбіт Ыстыбаев бастаған баһадүрлеріміздің аяқ алысы көңіл қуантады.
Табиғат Абаилдаев,
"Ақ жол".