Жаңа әдіспен салынған ғимарат
Жаңа әдіспен салынған ғимарат
коммуналдық шығындарды азайтады
Тараздағы Тимур Манашев жетекшілік ететін «Тараз құрылыс дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысты ережелер мен нормативке және кестеге сәйкес жүргізеді. Серіктестік соңғы жылдары Тараздағы «Бәйтерек» мөлтек ауданындағы 200 төсектік көп салалы балалар ауруханасын, 600 орындық көп салалы колледж және шаһардағы «Жүрек» кардиохирургиялық ауруханасын белгіленген мерзімде салып, ел игілігіне берді. Компания облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті таяуда өткізген байқауда «Үздік салық төлеуші» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Қазір мердігер Тараздағы Сабалақов және Крупская көшелерінің қиылысындағы облыстық 200 төсектік перинатальдық орталықтың құрылысын жүргізуде. Нысанның жобалық-сметалық құны – 6 миллиард 953 мың теңге.
Іске 2013 жылдың қараша айында кіріскен олар қазірге дейін белгіленген жұмыстың 80 пайызын еңсерген. Нысан биыл қыркүйек айында іске қосылуы тиіс. Білікті мамандар шоғырланған, қуатты техникасы бар олар қазір әрлеу жұмысын аяқтап келеді. Инженерлік коммуникациялық жұмысты жүргізу үшін бес қосалқы мердігер тартылған. Бүгінде аурухананы уақтылы пайдалануға беру үшін мұнда 468 адам бел шешпей еңбек етуде. Былтыр және биыл жыл басында біраз уақыт қаржыландыру уақытша тоқтап қалған. Компания басшылары тығырықтан шығу, жұмыс ырғағын бәсеңдетпеу үшін екінші деңгейлі банктерден несие алған. Соның нәтижесінде кестеге сәйкес жұмыс істеуде. – Нысанның құрылысын жаңа әдіспен жүргізудеміз. Ғимараттың қабырғалары тұтас бетонмен және көпіршік блокпен құйылуда. Оның сырты минералды матамен қапталған. Мұның өзі үйдің ішіндегі бөлмелерде температураның тұрақты сақталуына, энергия үнемдеуге және коммуналдық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Осының есебінен электр қуаты мен газ едәуір үнемделеді, – дейді «Тараз құрылыс дизайн» ЖШС директорының орынбасары Ғазизбек Бекбердиев. Мұнда қазақстандық үлес 80 пайызды құрайды. Бетон – Тараздағы «Ғимарат-темірбетон» ЖШС-нан, ал гипс «Жамбыл гипс» кәсіпорнынан алынуда. Барлық сатып алынған материалдар зертханада тексеруден өткізіледі. Ауруханаға заманауи үлгідегі құрал-жабдықтар сатып алынады. Олар Ресей мен Австриядан жеткізіледі. Бұл мақсатқа 2 миллиард 700 миллион теңге бөлінген. Қайда болса да бәсекеге қабілеттінің бағы жанады. Уақыт серіктестіктегі құрылысшыларға бірнеше мамандықты қатар игеру талабын қойып отыр. Бұрын тек кірпіш қалаумен шұғылданатын тас қалаушылар сылақ жүргізуді, ағаш ұстасы мамандықтарын игеруде. Бұған қоса ертінді даярлаушы және дәнекерші мамандығын үйреніп жүргендер де көп. Орташа айлық жалақы 80 мың теңге. Жұмысшыларға жалақы айына екі рет, бөліп төленеді. Құрылыс басында 150 орындық асхана бар. Құрылысшылар түс мезгілінде кезектесіп ыстық тамақ ішеді. Жұмысшылардың барлығы жергілікті азаматтар. Іс тетігін қашанда мамандар шешеді. Прорабтар Ерлан Бейсекин, Асқар Қарабалаев, Жандар Мадиярұлы және бригадирлер Ғани Шабатаев, Махмұд Ерназаров, Орал Жапарова әріптестерін ұдайы өнімді еңбекке жұмылдырып жүреді. Ғазизбек Бекбердиев нысанды биыл қыркүйек айында пайдалануға беретіндерін нық сеніммен айтады.
Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.