Біздің таңдауымыз – бірлік
Біздің таңдауымыз – бірлік
Ұлттар мен ұлыстардың бірлігі берік, ынтымағы ырысты Шу ауданынан 4500-ге тарта күрді ұлтының өкілдері қоныс тапқан. Ұрпақ тәрбиесінің өнегелі үлгісін қалыптастырып келе жатқан жерлестер ауданның қоғамдық өмірінде белсенділігімен танылып, игілікті бастамалардың басы-қасында жүреді. 1989 жылы құрылып, бүгінде «Навруз» атты этномәдени бірлестіктің төңірегінде ұйысқан күрді ағайындар бейбітшілік пен келісімнің ұлы қағидаттарын қорғап келеді.
Жалпы алғанда, күрділер – Төле би ауылы мен Бірлік ауылдарында көбірек қоныстанған. Аудан орталығында орналасқан әл-Фараби атындағы орта мектеп оқушыларының 90 пайызы – дерлік осы ұлттың өкілдері. Мектепте күрділердің басым бөлігі қазақ тілінде білім алуда. Олардың республикалық, облыстық түрлі байқауларда ауданның намысын қорғап, өзге де мәдени іс-шараларға белсенді қатысатындығы қуантады. Әсіресе, күрді жастары мен жасөспірімдері – спорттық жарыстарға қалмай қатысып, жүлдесіз қайтқан емес. Аудандағы күрділер өз ана тілдерімен қатар, мемлекеттік тілді де еркін меңгерген. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылын лайықты қарсы алып, еліміздегі биылғы дүбірлі думандарға үн қосуды борышы санайтын бұл этномәдени бірлестік жуырда аудандық Мәдениет үйінде ауқымды мәдени шара ұйымдастырды. «Біздің таңдауымыз – бірлік!» тақырыбында өткен бұл фестивальдың мақсаты бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті бірліктің тұтқасы екендігін дәлелдеу болатын. Зал толы көрерменнің көңілін серпілткен концерттік бағдарламаны Шу ауданы әкімінің орынбасары Ербол Аймамбетов сөз сөйлеп, ашып берді. Ол өз баяндамасында: «Қазақстан халқы Ассамблеясы – елімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлттар достығының ең басты және берік іргетасы. Биылғы айтулы даталарды аудан көлемінде жоғары деңгейде атап өту – абыройлы міндет. Ел ішіндегі жарастығымыздың, татулығымыз бен адал еңбегіміздің арқасында бұл шараларды атқаруда межелер биігінен көрінетіндігімізге сенім мол», – деді. Фестивальда, күрді этномәдени бірлестігінің төрағасы Үсен Алиев, сонымен қатар, аудандағы қалған 5 ұлттық бірлестіктер жетекшілері сөз сөйлеп, ізгі тілек-лебіздерін жеткізді. Бұдан соң, көпшілік әртүрлі ұлт өкілдерінің өнерлерін тамашалады. Алматы қаласынан шақырылған елімізге танымал «Мидия» және «Курдистан» вокалды-аспаптық топтарының өнері сазды кешке тұздық болды. Залдағы жиналған қауымның түгел қол ұстасып, күрді халқының ұлттық биін бірге билеген сәті мен олардың ықыласты қошеметі - фестивальдың көздеген мақсатына жеткендігінің айқын дәлелі болса керек.
Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол». Шу ауданы.