Рейхстагқа дейін барған жауынгер
Рейхстагқа дейін барған жауынгер
Жасы 104-ке жетіп өмірден өткен қазыналы қария Әбдірәлі Тілеубердиевтің өмірі өнегеге толы еді. Қылшылдап тұрған кезі. Ауылда мал бақты, шөп шапты, қырманда бидай суырды. Тыныштықтың қаймағы бұзылмай тұрып, қазіргі Байзақ ауданы әскери комиссариатынан шақырту алып, әскерге аттанды. Не керек, соғыс оты тұтанғанда жігерлі жігіт Мәскеу түбіндегі шайқаста неміс фашистеріне тойтарыс беруге қатысады. Ә дегенде, зеңбірекшілер ортасында байланысшы болып жүрді. Қиян-кескі ұрыс басталып, оқ қардай борағанда батальон командирінің полк басшыларымен арадағы байланысы үзіліп қалады. Батальон командирі Әбдірәліге байланысты тез арада жалға деп бұйрық береді. Сымды бойлап жүгіріп келе жатып, құлақ түбінен снаряд жарылып, екі қолына бірдей жарықшақ тиеді. Жүрегі шайлықпаған сарбаз күшін бойына жинап, сымның үзілген жерін тауып жалғайды да қалпына келтіреді. Байланыс орнағаннан кейін иек астына жақындап қалған жау танкілеріне снаряд оғы жаудырылып, тойтарыс беріледі. Сол оқиғадан кейін батальон командирі оны зеңбірек көздеушісі етіп қояды. Ол Днепр үшін шайқаста аянып қалмады. Ұрыс үстінде шапшаң қимылдап, жау техникаларына атқан әрбір оғы дөп тиіп жатты. Жер бауырлаған басқыншы фашистердің төбелерінен құқайды көрсетті. Осы ерлігі үшін қатардағы жауынгер Әбдірәлі Тілеубердиев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Соғыс ер жігітті шыңдайды. Оттың бел ортасында жүрген жігіттің жорық жолындағы қиын сәттері аз болмаған. Ол І Украин, ІІ Украин майдандарында Кутузов орденді Қызыл тулы №208 гвардиялық полктің, №59 ауыр артиллерия бригадасының сапында Шептовка, Тернополь, Ярославль, Кенигсберг қалаларын азат етуге қатысады. Еуропаның ұрыс даласынан өтіп, Берлинге де жеткен. Рейхстагқа қолтаңбасын қалдырған. Екінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Сталинградты қорғағаны үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін» тағы басқа тоғыз медальмен марапатталып, Жоғарғы қолбасшы Сталиннен Алғыс хат алған. Соғыс аяқталып, елге аман-сау оралған жеңімпаз жауынгер Әбдірәлі Тілеубердиев осындағы «Киров» колхозында ұзақ жыл егіс бригадирі, жылқышы, шопан болып еңбек етті. Ауыл шаруашылығының өсіп-өркендеуіне өзіндік үлес қосты. Біраз жыл көрші Жамбыл ауданының Бесжылдық ауылында еңбек майданында тер төкті. Әбдірәлінің әкесі Тілеуберді би, шебер кісі болыпты. Шеберлік әкесінен баласына жұғысты болып, жауынгер Әбдірәлі соғыс уақтысында офицерлерге ер-тоқым жасап, жауынгерлерге аяқ киім тігуді үйреткен екен. Ел басына күн туғанда етігімен қан кешкен жауынгердің ұрпағы өсіп-өніп, алып бәйтерекке айналды. Одан тараған сегіз немересі мен жиырма үш шөбересі желкілдеп өсіп-өніп, өмірден өз орындарын тапқан.
Е. Сыдығалиев. мәдениет қызметкері.
Байзақ ауданы.