Әлеумет

Иван Батыр

Иван Батыр

11Ұлы Отан соғысы жылдарындағы шежіреге көз жүгірте отырып, «Кеңес Одағының Батыры» атағының қалай өмірге келгендігі туралы да мәліметке қаныққанымыз бар. 1934 жылдың 16 сәуірінде КСРО Орталық атқару комитеті тағайындаған бұл жоғары награда ең бірінші Солтүстік теңіз жолымен жүзіп, мұз құрсауында қалған «Челюскин» кемесінің адамдарын құтқарған 11 ұшқышқа беріліпті. Дегенмен, Кеңес Одағының Батыры атағын алғандардың 92 пайыздық үлесі Ұлы Отан соғысы жылдарына тиеді. Бұл атақты майдандағы ерліктері үшін барлығы 11 мың 657 адам алған. Соның бірі де бірегейі – даңқты жерлесіміз Иван Трубицин. 1908 жылы Ақмола губерниясы Көкшетау уезіне қарасты Райсовка елді мекенінде өмірге келген Иван жастайынан жетімдік тауқыметін тартып, еңбекке ерте араласады. Ол 13 жасында сол кездегі Шаловка деп аталатын елді мекенде екі жыл еңбек еткен. Одан кейін екі жыл Меркі маңындағы шаруашылықта сиыр баққан. Үш жыл Түрксіб темір жолының Меркі стансасында, бұдан соң тері илеу цехында жұмыс істейді. Жалынды жас жігіт 1930 жылы әскер қатарына шақырылады. Түркістан артиллерия полкында азаматтық борышын өтеген соң ол алғаш Ленинградта теориялық білім алып, одан кейін ұшқыштар мектебінде оқиды. Зейіні мен зеректігінің арқасында ол бір жылдың ішінде-ақ ұшқыш маман­дығының қыр-сырын меңгеріп шықты. Техника тілін жетік меңгерген ол көк жүзінде қыран құстай еркін қалықтады. Оның осы кәсібилігі мен ержүректілігі кейін дұшпандармен болған айқастарда орасан зор пайдасын тигізді. И.Трубициннің ерлігін 1937 жылы немістер мен италяндықтар Испания аспанында көрді. 1938 жылы Хасан көлінің биігінде жапондықтар байқады. 1930-1940 жылдары ол Финляндия көк аспанында шарықтап, жау ұшақтарына қырғидай шүйлікті. Ал Ұлы Отан соғысы жылдарында неміс фашистері, оның батыл қимылдарынан қаймықты. Батыр Иван 1941 жылғы 22 маусымда соғыс басталған алғашқы күннің өзінде ұшағымен көкке көтеріліп, жау танкісінің колоннасын бомбалап, аэродромға қайта оралған. Жалпы, ол жеке өзі отты жылдардағы қиян-кескі ұрыстарда жаудың 39 танкісін, Балтық теңізінде жүк тасымалдау кемесін, майдан жолдарында 55 жүк тиеген автокөлік пен әскерлерін, 5 оқ-дәрі қоймасын, 3 жанармай цистернасын, 5 зеңбірегін, 2 миномет батареясын, темір жол стансалары мен көпірлерін жойып жіберді. Сонымен бірге, аспан көгінде жау ұшқыштарымен болған шайқаста 6, жерде 3 ұшақтың күл-талқанын шығарған. Ол 15 рет әуе шайқастарына қатысып, жеңімпаз болыпты. Ал ол басқарған әскери құрам жауды бомбалауда олардың 87 танкісін, жүк тиелген 375 автомашина мен әскерін, 13 артиллерия нүктесін, 16 темір жол эшалонын, 8 жанар-жағармай қоймасын, 2 оқ-дәрі қоймасын, 2 жау кемесін, 13 станокты пулеметті, 5 миномет батареясын, 3 артиллериялық батареяны, тағы да басқа көптеген жау күштерінің көзін құртқан. Мұрағат деректерінде Иван Трубициннің өзі борышын өтеген әскери бөлімдегі ең таңдаулы ұшқыштардың бірі болғандығы айтылады. Ол қандай шайқаста болсын жауына қаймықпай қарсы тұрып, ерлікпен қатар жауынгерлік шеберліктің ерен үлгісін де көрсете білді. Бір өзі жау әскеріне тойтарыс бере отырып, қуатты қорғанысын бірнеше рет бұзып өткендігіне еріксіз таңдай қағасың. Міне, бұл нағыз батырға тән қасиет. «Жазмыштан озмыш жоқ» дейді халық даналығы. Иван Трубицин 1943 жылдың 24 ақпанында әуе шайқасында жаудың 2 ұшағын өртеп жіберіп, өзі ерлікпен қаза табады. Осы ерлігі үшін оған «Кеңес Одағының Батыры» атағы берілді. 13 жыл бойы қорғаныс саласында жүріп, Отанына адал қызмет еткен жауынгердің ерлігі елге мұра, ұрпаққа ұран болып келеді. Жерлестері И.Трубициннің елі үшін көрсеткен ерен ерлігін ескеріп, Меркі ауданының орталығындағы еңселі мектепке есімін берді. Бүгінде бұл білім ошағы Батыр даңқына дақ түсірмей, облыс мектептері арасында алдыңғы қатардан көрініп келеді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Меркі ауданы.