Жиырма төрт-ақ жас жасап,ерен ерлігімен жұрт жадында қалған батыр
Жиырма төрт-ақ жас жасап,ерен ерлігімен жұрт жадында қалған батыр
«Отанда орнатсам деп тамаша бақ, олар он сегізінде отқа кірді базбіреулер жүргенде бала санап» деп ақын өлеңінде айтылатындай, сонау сұрапыл соғыста ата жаумен арыстанша арпалысып, алмастай серпілген ерлерін елі ешқашан ұмытпақ емес. Солардың бірі Владимир Артемович Савваны да өзінің есімімен аталатын білім беру мекемесінің ұжымы, әсіресе, жас өрендер әркезде де құрметпен еске алады. Батыр атындағы арнайы мүйіс ұйымдастырылып, ол жас ұрпақты тағылымына ұйытып, отансүйгіштік пен ерлікке үндеумен келеді. Олай болатын да жөні бар. Жас Володяның жер жаннаты – Солтүстік Қазақстан облысы Красноармейск (қазіргі Тайынша) ауданындағы Мироновка селосында кіндігі кесілгенмен, бал балалық шағы, жастығы Меркі жерінде өтті. Мектепті де Меркі ауылында бітіреді. Жастайынан жанарынан жігер оты лаулаған жігіттің кеудесінде Отанына деген алапат ыстық махаббат бар болатын. Білетіндер жап-жас украин жігітінің ерекше батылдығы, өжеттігі жөнінде аңызға бергісіз әңгімелер айтады әлі де.
Ол он сегізге толар-толмас жасында 1940 жылы әскери міндетті борышын өтеуге шақырылады. Ал соғыс... ол кадрлық армия қатарында жүргенде басталды. Гомельдің жаяу әскер училищесін тәмамдаған ол 1942 жылы Оңтүстік-Батыс майданындағы, сондай-ақ, Брянск және Воронеж қалаларын жаудан азат етудегі шайқастарға қатысып үлгереді. Айрықша ерліктерімен де көзге түседі. 1943 жылдың күзі. Көптен күткен кезең туып, кеңес әскерлері Украинаның ұлы өзені Днепрге шығады. 27 қыркүйекте 240-атқыштар дивизиясы, 842 полкы құрамындағы атқыштар батальонының командирі Савва Артемович жоғарыдан Днепрден өту жөнінде бұйрық алысымен-ақ, бұл жауапты істің жоспарын құруға кіріседі. Қолда бар құралдар мен балықшы қайықтарын қолданып, дәл белгіленген уақытында батальон арғы жағалауға өтуді бастайды. Қарсы беттен фашист басқыншылары қанша оқ жаудырғанымен, командирлерінің жеке үлгісінен қанаттанған батальонның жеке құрамы бұйрықты бұлжытпай орындауды одан әрі ерлікпен жалғастырып жатты. Комбат ержүрек жауынгерлер бастауымен өзен бойындағы қақтығыстарды көктей өтіп, қарсы жағалауға бекінеді де, қарсыластарының бірнеше тұтқиыл шабуылына тегеурінді тойтарыс береді. Қарша бораған оққа да қарамастан, жаумен кескілескен ұрыс жүргізіп, ұтқыр ұйымдастырылған қарсы шабуылдың нәтижесінде батальон ең керекті биіктікті жаулап алып, соның арқасында полктың Днепрді басып алуына жол ашады. Днепрді аз ғана құраммен шығынсыз көктей өтіп, неміс әскерлерін нық орныққан шебінен батысқа шегінуге мәжбүр еткен Батыр ерлігін туған Отаны жоғары бағалап, марапаттады. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Қаулысымен 1943 жылдың 29 қазанында капитан Владимир Артемович осы ерлігі үшін өзінің басқа да көптеген қаруластары секілді Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды. Жау жағадан алғанда елін қорғауды азаматтық парызым деп білген талантты жас комбат сол соғысқа бастан-аяқ қатысып, түтеген оқ пен оттың ішінде ойран сала ұрыс қимылдарын жүргізген еді. Ұйымдастырушылық қабілеті мен ерен ерліктерінің арқасында Ленин, II дәрежелі Отан соғысы, екі рет Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған командир Савва соғыстан кейін де Кеңес Армиясындағы қызметін жалғастырады. Түрлі қиын тапсырмаларды орындап, көбін сәтті аяқтаған батырдың соғыста алған көптеген жарақаттары денсаулығына әсер етіп, өмірі аққан жұлдыздай қысқа болды. Ол соғыстан кейін 1947 жылы, 19 қыркүйекте небәрі жиырма үш жасында мына фәнимен қоштасып, бақиға аттанып кете барды. Мәскеудегі Нова-Девичье зиратында жерленген батырдың жерлестері оның өшпес қаһармандығын әркез мақтан тұтады. Бүгінде Меркі ауданындағы батырдың есімі берілген Меркідегі мектеп-интернат ғимаратының қабырғасына оған арналып ескерткіш тақта орнатылған. Жеңісті жақындатқан жауынгерлердің ерен ерліктері ешқашан да ұмытылмайды. Сонау бір сұрапыл соғыс жылдарында олардың жанкештілікпен елі, жері үшін жанын садаға етіп, маңдай тері мен қасық қанын төге жүріп, қол жеткізген Жеңісі біз үшін де қымбат. Асыл туған ерлеріміздің есімі ел есінде әр кезде де сақтала бермек. Ешкім де, еш нәрсе де ұмытылмақ емес.
Наурызбек САРША, «Ақ жол».
Меркі ауданы.