Әлеумет

Татуаж – тәнге түскен таңба...

Татуаж – тәнге түскен таңба...

Қазіргі кезде жастар арасында денеге сурет салу, яғни татуаж жасату белең алып барады. Өкініштісі сол, соны көпшілігі «сән» деп түсініп, өзгеден ерекшелену үшін жасайды. Ал денеге сурет салу мен теріні тесудің, тырнаққа маникюр жасатудың зиян екенін көпшілігі біле бермейді. Бұл адам өміріне қаншалықты қауіпті? Сәнқой боламыз деп ауру жұқтыру ақымақтық емес пе? Мұны ойлап жатқан ешкім жоқ. Облыстық аурухананың гастроэнтерологы Мейрамкүл Қалисаева өз тәжірибесінде егде тартқан бір әйелдің татуаж жасатамын деп дерт жұқтырғанын, оның соңы ұзақ уақыт аурухана төсегіне таңылуға әкеліп соққан жағдайдың кездескенін айтады.

Бұл нені көрсетеді? Сұлулық салондары «саудаларын» жүргізу үшін татуаж жасатудың еш зияны жоқ екенін жарнамалаудан танбайды. Бірақ, нақты іс жүзіндегі жағдай басқаша. Бірден белгі беретін жұқпалы аурулар болса, тұрғындар да ойланар еді. Ұзақ уақыт бойы білінбейтін, бауырды зақымдайтын гепатит дерті жұқса ше? Маман Мейрамкүл Сапарқұлқызымен осы мәселе төңірегінде әңгімелестік. – Татуаж жасатып, дерт жұқтырған қария өзінің бауыры ауыратынын сезбеген бе? – Адам өзінің бауыры ауыратынын сезбей жүре беруі мүмкін. Тұрғындардың 40-50 пайызы вирустық гепатитпен, яғни сары аурумен ауырғандар. Оның 5 пайызы сарғаймаған түрі. Міне, осындай сарғаймаған түрін анықтау қиынға соғады. Маған қайырылған науқас та ауру жұқтырғанын көпке дейін білмеген. Татуаж жасатудың салдарынан ауырып, ұзақ уақыт аурухана төсегіне таңылды. Кейін ол кісіден мұндай қадамға не үшін барғанын сұрадым, сөйтсем «Менің де сұлу болғым келеді» дейді. – Гепатит қалай жұғады? Сән қуып, осындай құрбандыққа баруға бола ма? – Жалпы, көп жағдайда тұрғындар аурудың қалай жұғатынын білмейді. Балалар құтыдағы сусынды аузынан іше береді. Бір-бірімен қол алысу былай тұрсын, сүйісіп амандасатындар көбейді. Ал ол адам бұрын гепатит ауруымен ауырған шығар, оны ойлап жатқан ешкім жоқ. Тағы бір мысал, біздің бөлімшеде жатқан науқастардың 30 пайызы тісін емдетіп, дертті болғандар. Мұндай статистикаға қалай қол жеткіздік соны айта кетейін. Біз зерттеу жүргізге­німізде, емделушілердің медициналық картасын мұқият тексергенде олар еш уақытта сары аурумен ауырмаған, ата-анасы, бауырлары бәрі сау екеніне көз жеткіземіз. Сонда сырқатты қалай жұқтырған? Міне, мәселе қайда жатыр. Гепатиттің 20 пайызы қан құю арқылы жұғады. Қан құяр алдында біз маркюра дегенді анықтаймыз. Вирусты гепатиттің А, В, С, Д, Е түрлеріне талдау жасаған кезде бірден теріс нәтиже көрсетіп, ал ауру 3-6 айдан кейін анықталуы мүмкін. Бірақ, шұғыл жағдайда біз оны күтіп отырмаймыз ғой, қан құя береміз. Сондықтан, қан құйған науқастарды 6 ай сайын маркюрге тексеріп тұру қажет. Бұл кеңесті тіс емдетіп, татуаж және татуировка жасатқандарға, тырнақ әрлеушілерге де айтамыз. Сұлулық салондарында татуаж жасатқанда ешқандай ауру жұқпайтынын айтып, дәлелдеп бағуы мүмкін. Олар қанша жерден жаңа инені қолданса да, перманентті макияж, яғни бояу бір ғой. Инені теріге батырғанда қанайды, оны бояуға салады, сөйтіп, вирус таралады. Гепатиттің вирустары қатты аязда да, ыстықта да өлмейді. Қазір аурудың ТТ және J деген түрлері пайда болған. Сарғаймаған түрімен ауырғандар, уақытты өткізіп алып, циррозға шалдыққанын бір-ақ біліп жатады. Ішімдікке құмарлардың арасында алкогольді гепатит жиі таралған. – Гепатиттің тұқым қуалайтын түрі бар екен, алкогольді гепатит ата-анадан балаға беріле ме? – Вирустық гепатит қарым-қатынас арқылы жұғады. Тұқым қуалайтын дерт ішкі ағзадағы бұзылулардың әсерінен болады. Алкогольді гепатит тұқым қуаламайды, егер әкесі ішімдікке салынып, сол аурудан қайтыс болатын болса, ол балаға берілмейді. – Соңғы кезде бауыр ауруы көбейіп кетті, мұның себебі неде? – Менің осы бөлімшеде жұмыс істегеніме 28 жыл болды, соңғы 10 жылда цирроз ауруы көбейіп кетті. Осыдан 20 жыл бұрын бір жағдай болған. Бір топ адам тамақтан уланып, ауруханаға түскен. Кім білсін, солар дұрыс күтінбей, вирустық дерт циррозға айналуы, болмаса тамақтану тәртібінің бұзылуынан көбейіп жатуы мүмкін. Біз қазір көбінесе консерванттары көп тағамдар жейміз. Мысалға майонез, кетчуп. Олардың құрамына уксус, бояйтын заттар да бар, консерванттар қосылады. Көкөністердің өзі – алма, қияр, қызанақтың селитрасыз піскенін табу қиын. – Ине арқылы жұқпалы аурулардың барлық түрі таралуы мүмкін. Десек те, татуажды қандай жағдайда мүлдем жасатуға болмайды? – Ине арқылы тек бауыр аурулары ғана жұқпайды. Бұл – жұқпалы дерттердің негізгі таралу жолының бірі ғана. Ал татуаж жасатуға болмайтын жағдайлар – қант диабеті, тері аурулары, онкология, жүктілік кезінде, қан ұйығыштыққа бейім болғанда. Сонымен қатар, теріге тез тыртық түсетін адамдарға мұндай «сәннен» бас тартқан дұрыс. Бастысы, мұндай «сән» ең әуелі жұқпалы, қатерлі ісік ауруларына шалдығуына себепкер болатынын ұмытпау керек. Түйін: Шетелге еліктегеніміз соншалық, жасымыз да, кәріміз де татуаж жасатуды сән санайтын болдық. Тәнге түскен жазбалар азып-тозудың, азғындалудың белгісі екенін түйсініп жатқан ешкім жоқ. Ауылда еншілеген малға ғана таңба салады. Ал біздің жастар денесіне өрнек салып әуреге түсіп жүр. Ертеде кейбір ежелгі тайпаларда қылмыскерді жазалау, масқаралау үшін денесіне сурет салатын болған. Сондай-ақ, түрмеге отырған қылмыскерлердің денесіне, не бетіне татуировка салынатыны белгілі. Ислам дінінде Алланың берген һәм жаратқан денесін бүлдіріп, сурет салу харам саналады. Құранда Жаратқанның адам баласын ең көркем мүсінде жаратқаны жазылған. Тақырыпқа тұздық: Батыста жарнама үшiн инемен дененi әшекейлеу бұдан бiрнеше жыл бұрын пайда болған. 2005 жылы GoldenPalace.com онлайн-казиносы бiр американдық қызға маңдайына осы казиноның аты-жөнiн татуаж жасап жарнамалау үшін 10 мың доллар төлеген екен. Ал Ресейге бұл үрдіс 2011 жылдың ортасына таман келіпті. Оны алғаш пайдаланған «220 вольт» компаниясы Петербор қаласының тұрғыны Олеся Кириенкоға компанияның логотипiн жотасына татуаж жасап жарнамалауға тапсырыс беріп, ақысына 10 мың рубль төлептi.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».