Әлеумет

Махаббатты мәңгілік сақтаңыздар!..

Махаббатты мәңгілік сақтаңыздар!..

15 сәуірді «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» немесе «Ғашықтар күні» деп білетін ел жастары бірнеше жылдан бері бұл датаны нағыз махаббаттың мерекесіне айналдырған. Көктемде бүр жарған жауқазын гүлдей осынау бір әсем сезімді ұлықтау, жастардың бойында адалдық пен пәктікті, оның біздің қазақы болмысымызға, ұлттық құндылықтар мен ұятқа қарата насихаттауды мақсат еткен бұл мерекенің төңірегіндегі пікірталастар әлі де толастай қоймады. Дегенмен, қашанда сезімнің жетегінде шынайы сүюге, сүйсінуге құштар жастар «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» күнін атап өтетін болған. Осы күні түрлі тілектер жазылған жеделхаттар мен жүрекшелердің сыйға тартылып жатқанына көпшілік талай куә болған. 

1990 жылдары қазақ басылымдары аталған мерекені бекіту туралы бастама көтеріп, түрлі мақалалар жариялаған болатын. Ондағы мақсат ұлттық ұстанымға, тәрбиеге кері әсерін тигізіп, жастарды сан түрлі арсыздыққа итермелеп жатқан «Әулие Валентин күнін» ұмыттыру еді. Сөйтіп, халқымыздың махаббат деп аталатын асыл сезімді қалай қастерлегенін, ол қыз бен жігіттің сезімге бой алдырып, арсыздыққа баруы емес, керісінше, ұлы сезім алдында ақылдылық танытуын жетеге жеткізу болды. Аталмыш махаббат мерекесіне Қозы мен Баянның бейнесін беру де тегіннен-тегін болмаса керек. Кім қалай десе де, жылт еткен жаңалықты қалт жібермейтін жастар жағы бұл күнді кеңінен атап өтеді қазір. Ғашықтар күнінде бір-біріне түрлі сыйлық ұсынып, сезімін білдіруге асығатын сол көптің Қозы мен Баян махаббатынан, олардың оқиғасынан еш хабары жоқтығы қын­жылтады. Бұл күнді барша жас халқымыздың махаббат дастандары мен жырларын, асыл сезімге арналған жыр шумақтарын оқу секілді шаралар ұйымдастырумен есте қалдырса, тіпті тамаша болар еді.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».