Денсаулық

Келешекке бағдар берген...

Келешекке бағдар берген...

Биыл қазақ оқу орындарының қара шаңырағы саналатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 80 жыл толып отыр. Ғасырға жуық студенттерді білім нәрімен сусындатумен келе жатқан бұл шаңырақта оқу – еліміздің әрбір түлегінің арман-мұраты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – өзіндік өнеге-дәстүрі бар, көпжылдық білім саласындағы және ғылыми жұмыстарда тәжірибесі мол еліміздегі бірден-бір көшбасшы жоғары оқу орны. 80-нің сеңгіріне шыққан білім ордасы қазақ жастарының әлденеше буынының арманын ақиқатқа айналдыруға сүбелі үлес қосып келеді. Бүгінде тәуелсіздікті нығайтып, еліне ерен еңбек етіп жүрген тұлғалардың басым бөлігі – осы оқу орнының түлектері. 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаты мен философия докторы, 100-ден астам академиялардың академигі, 30-ға таяу Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері, 30-дан астам Қазақстан Республикасының мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаты еңбек ететін университетте 18 мыңнан астам студент пен магистрант білім алуда. Мен де еліміздегі осы іргелі оқу орнында білім алып жүргенімді мақтаныш тұтамын. Мұнда әр студенттің білімін жетілдіруіне үлкен мүмкіндік берілген. Әсіресе, өзім оқитын «Экономика және Бизнес жоғары мектебіндегі» теориялық қана емес, тәжірибені де ұштастыра білім беріп жүрген ұстаздар мен факультет декандарының еңбегін ерекше атап өту ләзім. Университетіміздің Ғалымқайыр Мұтанұлы бастаған ғалым-оқытушылары қауымына студенттердің айтар алғыстары шексіз. Осы оқу орны түлектері Қазақстан қоғамының элитасын қалыптастырады деп нық сеніммен айта аламыз. Осындай бірегей оқу ордасы бар жастар болашаққа жарқын жүзбен қарап, ел дамуына ерен үлес қосатыны хақ.

Айжан Мұсаева, ҚазҰУ «Экономика және бизнес жоғары мектебі» қаржы мамандығының 4-курс студенті.