Жан жылуын сыйлаған Анжелика
Жан жылуын сыйлаған Анжелика
(қаз-қалпында)
Анжелика деген есімді алғаш естігенімде «оны шетелден шақыртылған маман» деп ойлағанмын. Ол басқарып отырған «Амазонка» қоғамдық қоры обыр дертіне шалдыққан науқастарға көмек көрсетеді дегенде өз байламымның дұрыстығына ешқандай күмәнім қалмады. Көпшілік аурудың атауының өзіне үрке қарайтын болғандықтан біздің ортамыздан қамкөңіл жандарға қолұшын созатын белсенділер шыға қоймайды десем керек. Сөйтсем, қателесіппін. Арамызда жүрегі кең адамдар әлі де бар көрінеді. Тіпті, оларды алыстан іздемей-ақ қойсақ та болады. Өзгеге жан жылуын сыйлап жүргендер дәл қасымызда, Таразда жүр екен.
Анжелика Сарьян басқаратын «Амазонка» қоғамдық қорына ерікті көмекшілер топтасыпты. Олар төсек тартып жатып қалған науқастардың үйіне барып, тегін қызмет көрсетеді екен. «Қызмет аясы өте кең» дейді қор директоры. «Хоспис на колесах» жобасы бойынша қамқоршысы жоқ қарияларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетеміз. Медициналық колледждің студент-терін волонтерлікке тартамыз. Командамызға облыстық онколо-гиялық диспансердің дәрігері, психолог, заңгер кіреді. Медбикелер мен әлеуметтік қызметкерлер науқастың күтіміне жәрдемдеседі. Кейбіреулері рухани тұрғыда қолдауға зәру. Сол үшін шіркеу қызметкерімен, мешіт имамымен келісім жасастық. Қамкөңіл жандардың көңілін табу оңай емес. Бірақ, біздің тобымыз еш қиындықтарға қарамай, еңбек етуде. Солардың арасында алғаш құрылған жылдан бастап жұмыла жұмыс істеп келе жатқан Олег Крымцовты, диспансер онкологтарын атап өткім келеді», – дейді ол. Өзгенің қайғысын бөлісіп, қиналғанға қол ұшын созу – зор адамгершіліктің белгісі. Сондықтан, «Амазонка» қоғамдық қорында қызмет етіп жүрген тілі басқа болса да, тілегі бір жандардың әрқайсысын алтын жүректі адам десек, артық айтқандық емес. Жүрегі алтын демекші, «Амазонка» бірнеше рет «Алтын жүрек» сыйлығын ұтып алған екен. Өткен жыл да олар үшін табысты болыпты. Облыстық, республикалық конкурстарда топ жарып, жетістіктерге жетіп, сыйлықтарға ие болыпты. «Соның ішінде біз үшін ең елеулісі – облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев сыйлаған «ГАЗель» автокөлігі болды. Бұл бізге үлкен көмек. Соның арқасында жұмысымыз жеңілдеп, ары қарай қызмет аясын кеңейтуге мүмкіндік алып отырмыз», – дейді Анжелика Сарьян. Жалғыз-жарым, жанашыры жоқ жандар қоғамнан сырттап қалмағаны жақсы. Анжелика еліміздегі әлеуметтік ахуалдың жақсаруына әрбір адам үлес қосуы тиіс, сол үшін алдымен оларға қолдау көрсететін қоғамдық ұйымдарды дамыту керек деп есептейді. «Бүгінде қоғамдық институттар жұмысы бір арнаға түсе бастады. Бұл елдегі орныққан бейбітшіліктің арқасы. Әлемде не болып жатқанын естіп-біліп отырмыз. Тыныштық болмаған жерде ауру емес, бас қайғы. Ауызбіршілігіміз мықты болып, еліміз дами берсін. Сонда барлығы жақсы боларына күмән жоқ. Біздің қоғамдық қордың да жағдайы жақсарады», – дейді Анжелика Сарьян. «Амазонка» құрылымы және қызметі жағынан алғанда ерекше ұйым. Мұнда әртүрлі саланың қызметкерлері, түрлі ұлттың өкілдері топтасқан, жас ерекшеліктері де әрқилы. Көрсетер қызметтері де сондай. Жасы мен ұлтын талғап жатпайды. Қашанда жұмылған жұдырықтай бірге. Тілектері мен ниеттері орайлас.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол». Тараз қаласы.