Днепрді дүрілдеткен десант
Днепрді дүрілдеткен десант
Ұлы Отан соғысы кезінде қиян-кескі ұрысқа толы қанды қақтығыстар көп болды. Әсіресе, Мәскеу түбіндегі Волоколамск тас жолындағы, Сталинград шайқасы және Украина мен Белоруссияның қалаларын азат ету жолындағы ұрыстар жантүршігерлік деректерімен, оқиғаларымен тарихқа қанмен жазылып қалды.
Өкініштісі Ұлы Жеңіс жолында сол қан майданда миллиондаған отандастарымыз жер жастанды. Есесіне тағдырдың жазуымен ажалы кейін келген талай тарлан ерлік танытуға мүмкіндік алды. Әскердің бас көтеруіне, алға жылжып, жау бетінің қайтуына жанын бере жанталасқан жауынгерлер мен офицерлер аз емес еді. Степан Сущев сондай жандардың қатарында болды. Қордайда туып-өскен бұл батырдың ерлігі атақты Днепр өзенінен өтер тұста көзге көрінді. Ол 112-атқыштар дивизиясының 416-полкі, 5-ротасының взвод командирінің көмекшісі кезінде қаруластарынан ерлігімен ерекшеленді.
Степан Захарович Сущев 1914 жылы қазіргі Қордай ауылында дүниеге келген. Алғашында әскер қатарына алынбай тұрып әртүрлі қызметтер атқарған ол кейін 1937 жылы әскерден келген соң НКВД органдарында да еңбек етіпті. Қашанда ұстамды әрі қарапайым қалпында жүретін ол ұрыс даласында да осы қасиетімен қарулас достарын қанаттандырып, жаумен арпалыста жалынды сөздерімен жігерлендіріп отырған деседі батыр жайлы деректер. Оған дәлел ретінде соғыстың алғашқы жылдарында тәжірибелі десантшылар фашистерге тұтқиылдан шабуыл жасап, олардың тылына басып кіргенін айтсақ болады. Осы шайқас кезінде Сущев бастаған взвод қоян-қолтық арпалыста жау траншеясында асқан ерлікпен күрес жүргізіп, 65 фашистің көзін жойды. Бұл шайқас С.Сущевтің жұдырықтасудың ерекше тәсілдерін шебер меңгергендігін танытты. Одан бөлек, жауынгерлердің рухын түсірмеу үшін, оларды жеңіске жетелейтін қарым-қабілетінің, қасиетінің бары байқалды. Осылайша сол шайқастан кейін аталған ерекшеліктерін ескеріп, 5-атқыштар ротасы оны рота парторгы етіп бекітті. Кеңес әскері алға қанша ентелей жылжып келе жатса да, соғұрлым фашистер де қарап тұрмады. Днепрді бермеу үшін олар қолдан келген бар әрекеттерін іске асырумен болды. Дзоттар мен доттарды көбейтіп тастады. Ол ол ма, жасырын атыс нүктелерін дайындап, оларға мол оқ-дәріні үйіп тастады. Дегенмен, қатарында Сущев болған біздің ротаның айла-тәсілі олардыкінен анағұрлым жақсы нәтиже берді. Бұл 1943 жылдың 27 қыркүйегі болатын. Киев маңындағы Ясногородск селосы тұсынан шыққан Степанның ротасы мен аға лейтенант Семыкиннің автоматшылары қолбасшылықтан Днепрден аялдамай жедел түрде өзенді кесіп өту жөнінде тапсырма алды. Түн жамылып, толқынмен жағаласып жағаға жеткен арнайы жасақ жауынгерлері рота парторгы Сущевтің бұйрығымен жасырын түрде емес, керісінше ұрандатып, жауды үрейлендіріп алға ұмтылды. «Қиян-кескі ұрыс басталды. Екі жақ та жан аямай шайқасты. Автоматшылар мен десантшылар жылдам қимылдаудың нәтижесінде жаудың алдыңғы шебін тез-ақ тас-талқан етіп, олардың окоптарын басып алды. Жаумен траншеяда шайқасты. Мұндайда десантшылардың жұдырықтасу әдістеріне қарсы фашистер тегеурінді күш көрсете алмады. Шабуылдаған десантшылар алға жылжи түсті. Көп ұзамай Днепрдің сол жағынан негізгі күш те жетті. Совет әскерлерінің батыл қимылдарына төтеп бере алмаған фашистер кейін шегінді...», – деп жазылған белгілі журналист, мұрағатшы Мақұлбек Рысдәулет жинақтап шығарған «Жамбыл облысына 75 жыл. Жылнама-шежіре» атты көлемді кітапта. Осылайша Степан Сущевтің де қосқан үлесі арқасында жаудың арам ойының тас-талқаны шықты. Десантшылардың табандылық танытуының нәтижесінде бүтін бір полк алға жылжыды. Бірақ, келесі бір ұрыста рота командирі Смыкин оққа ұшып, оның орнына Сущев командирлікке қойылды. Осы қарқынмен ол Коростень және Житомир қалаларын азат ету кезінде де батылдық танытты. Соғыста үнемі алғы шепте жүргендіктен небір сойқанды көрген ол бес рет жараланады. Степан Днепр жағасындағы асқан ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағын алғандығын госпитальда естиді. Соғыстан кейінгі өмірінің басым бөлігін Қырғызстан астанасы Бішкекте өткерген батыр 2008 жылы 94 жасында дүние салды. Қырғыз үкіметінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, Степан Сущевтің қазасынан кейін ол елде небәрі екі-ақ Кеңес Одағының Батыры қалған екен. Майдан даласындағы жаужүректігі үшін жерлесіміз көптеген орден, медальдарға ие болды. Одан бөлек кейінірек Ленин орденін алған. Бертініректе оны қырғыз елі ІІІ дәрежелі Манас орденімен де ерекше құрметтеген екен. Ал 2006 жылы көзінің тірісінде Қырғыз ішкі әскерінің әскери колледжі алдына Батырдың бюсті қойылды.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».
Қордай ауданы.