Қыр төсінде қозылар көбейіп келеді
Қыр төсінде қозылар көбейіп келеді
Аса өзенінің бойындағы Қаратөбе, Еспе, Ақсай, Қосқызыл көктеулеріндегі отар-отар мал көзге сүйініш, көңілге демеу. Мысалы, Үшарал ауылына қарасты Бурабай маңында 4 отар саулық төлдетілуде. Оның екеуі «Мырзатай» шаруа қожалығына қарайды.
Сәуір айының басынан екі отардағы саулықтар төлдей бастады.
– Баяғыдағыдай міндеттеме жоқ, – дейді шаруа қожалығының малшысы Оспан Жуасбеков. – Оның үстіне қазақы қой, негізінен, жалқыдан төлдейді. Сондықтан қозылары ірі, төзімді келеді. Малшы аз уақыт ішінде жүзге тарта саулықтың төлдегенінен хабардар етті. Өлім-жітімі жоқ, шетінен аяқтаныпты. Шаруа қожалығы малшыға айына 70-80 мың теңге мен бір бас сойыс малын төлейді, ал сақпаншының алар айлығы – 40-45 мың теңге. Сақпаншы Сұлтан Сактаев – мал бағудың қыр-сырын меңгерген азамат. – Мен қару-жарақ, әшекей бұйымдар жасайтын әулеттің баласымын. Бірақ маған салт атқа мініп далада жүріп, қой баққан ұнайды, – дейді ол. Сонымен, көктеудегі қой төлдеу науқаны басталып кетті. Ақсайдың төсі қой мен қозыға толып, «Жайлаудың сәні – төлімен» деген сөз ақиқатқа айналсын!
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Үшарал ауылы, Талас ауданы.