Әлеумет

Майданға өзі сұранып барған

Майданға өзі сұранып барған

Сонау соғыс жылдары жастардың патриоттық сезімдері күшті болғанды­ғын өз еріктерімен қан майданға сұранып барғандығынан-ақ білуге болады. Біздің кейіпкеріміз Мамашариф Фаязов та Ұлы Отан соғысы бастал­ғанда жасы бар болғаны он алтыда еді. 

Соған қарамастан Жамбыл қалалық әскери комиссариатына келіп, майданға жіберуін өтінді. Ондағылар бозбаланы мектепке қайтарып жібергенімен, қайсар Мамашариф ақыры дегеніне жетіп, 1943 жылдың алтыншы қаңтарында соғысқа аттанды. Ол алдымен әскери училищені бітіріп, кіші лейтенант атағына ие болды. 58-гвардиялық Красноград Қызыл Тулы атқыштар дивизиясының 175-атқыштар полкінде взвод командирі болды. Ол дивизияға келгенде оның қарулас достары Украина жерінде ІІ Украин майданының құрамында шайқасып жатқан. Мамашариф соғыс даласында өзінің ержүрек екендігін танытты. Бір жылға жетпей үш рет жараланды. 1944 жылы оның ерлігі өзгелерге үлгі етіліп коммунистік партия қатарына қабылданды. Висла өзенін бағындыруда ол тағы жараланды. Осы ұрыста оның взводы жау орналасқан жағалауды басып алды.

...Фашистердің ұясына жақындаған сайын олар аласұрып шайқасты. Дегенмен совет жауынгерлерінің тегеурінді күшімен олар амалсыз Одер өзеніне шегінуге мәжбүр болды. Полк басшылығы гвардия лейтенанты, атқыштар ротасының командирі Мамашариф Гиясұлына Одер өзенінен алғаш болып өтіп, қарсы жағалаудан плацдарм алуды бұйырды. Ерлікпен алға ұмтылған жауынгерлерді оқпен қарсы алған жау дамылсыз атқылаумен болды. Мамашарифтің ротасы үлкен шығынға ұшыраса да ақыры батыс жағалауға өтті. Сөйтіп фашистерді окоптарында жайратты. Екі сағат бойғы шайқастан кейін алға қарай ұмтыла беріп, ойламаған жерден қарсы жақтың дивизия штабын да басып алды. Соңдарынан сарбаздарға қосымша күш келгенде ротада аман қалғандардың саны жетеу-ақ еді. Осы Одер өзенінен өтуде көрсеткен ерлігі және жауынгерлерді батыл қимылға бастағаны үшін Мамашариф Фаязовқа Совет Одағының Батыры атағы берілді. Туған жерге аман-есен оралған соң, Мамашариф Жамбыл қаласында бірнеше жыл еңбек етіп, кейін атамекені Өзбекстанға көшіп кетеді. Ташкентте жоғарғы партия мектебін оқып, зейнетке шыққанша Наманган облысындағы Чуст қаласында еңбекшілер депутаттары қалалық советі атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін атқарған. Батыр азамат «Алтын Жұлдыз» медалімен бірге Ленин, Қызыл Ту, Отан соғысы ордендерімен марапатталған.

Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».

Тараз қаласы.