Спорт және туризм

Ұстаздар шықты алаңға

Ұстаздар шықты алаңға

Білім саласы қызметкерлерінің спартакиадасында тараздықтардың мерейі үстем болды

Облыс әкімдігі білім басқармасы мен қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы облыстық ұйымының бірлесе ұйымдастыруымен «Тәуелсіз елдің спортсүйер ұстаздары» атты білім және ғылым мекемелерінің спартакиадасы болып өтті. Доданың орталық стадиондағы ашылу салтанатында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз алып, жарысқа қатысушыларды құттықтады. Өзге де азаматтар тілектерін білдірді. Мұнан соң жарысқа қатысушы командалар топқа бөлініп, доданы бастап та кетті. Қазақ хандығының 550 жылдығы мен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай өткізілген аламанда ұстаздар қауымы волейбол, баскетбол, тоғызқұмалақ сынды бірқатар спорт түрлері бойынша сынға түсті. Нәтижесінде волейболдан ерлер арасында меркіліктер жеңімпаз атанса, Тараз қаласы екінші орынды, Талас ауданы үшінші орынды иеленді. Ал қыздар арасында Шу ауданы топ жарса, екінші тұғырға біріккен комитет ұжымы орналасты. Үздік үштікті Қордай ауданы түйіндеді. Тоғызқұмалақтан ерлер арасында Талас ауданы жеңіске жетсе, Тараз қаласы екінші, ТарМУ командасы үшінші орынға орнықты. Жалпы есепте Тараз қаласының командасы көш бастаса, бірдей ұпай жинаған меркіліктер, шулықтар, қордайлықтар екінші орыннан, Байзақ ауданы үшінші орыннан көрінді. Үздік төрешілер мен үздік ойыншылар және ардагер ойыншылар да марапаттан тыс қалған жоқ.

Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».