Дәуірбековтің домбырасы
Дәуірбековтің домбырасы
Халықтық музыкалық аспаптарды жасаудың хас шебері Балтабай Дәуірбеков туралы осыдан екі жыл бұрын естігенмін. Алтын қолды шебермен тереңірек танысудың сәті таяуда ғана түсті. «Сарысу инвест-2015» аймақтық форумында Балтекең өзінің қолынан шыққан домбыра, қобыздың бірнеше түрін кәдуілгі киіз үйдің керегесіне іліп қойыпты.
Негізінде шебер Игілік ауылында тұрады. Жасы алпыстың алтауына шықса да ауылдағы мектепте ұстаздық етеді. Ілгерідегі Жамбыл мәдени ағарту училищесінде алған білімін жас буынға дарытып, мейірім нұрын себезгілетіп жүрген жайы бар. – Училищеде белгілі сазгер, әнші Алтынбек Қоразбаевпен халық аспаптары бөлімінде бірге оқыдым. Ол әншілікті, мен күйшілікті қаладым. Әлі күнге араласып тұрамыз. Оркестрінің, өзінің бірер домбыра, қобызы менің қолымнан шықты. Реті келіп тұрғанда «Қазақтың ұлттық саз аспаптарын жасауды кімнен үйрендіңіз, кәсіп еткеніңізге неше жыл болды, домбыраларыңызды атақты өнер шеберлерінен кімдер тартып жүр?» деген сауалдарды шеберге қарша бораттым. – Әулетім өнерге жақын еді, – дейді Балтекең, – шеберхана ашып, музыкалық аспаптарды жасауды бастағаныма отыз жылдан аса уақыт өтіпті. Домбыра мен қобызды негізі жеміс ағаштарының діңінен, қайың, емен, үйеңкіден шауып жасаймын. Жас өскін ағаштарды аралап, жұқалап кесіп, кептіріп барып жасамасаң, кепкен ағашты жона да алмайсың. Үні келісті болуы үшін ағашты құймалап істегенді жөн көремін. Домбыраның бірнеше түрін оркестрге, жеке дауысқа арнап, тапсырыс бойынша жасаймын. Сәуле Жанпейісова, Алтынбек Қоразбаевтар мен жасаған домбыраға ризашылықтарын білдіріп жүр. Қазір «Қоңыр» тобының тапсырысын орындау үстіндемін. Осыдан төрт жыл бұрын «Аққу» деп өзіме арнайы домбыра жасадым. Біраз музыкалық аспаптарымды Астанаға көрмеге апарып, сатып жүргенімде, қызымның көршісі, бір генералдың көзі сол домбыраға түсіп, аттай қалап алды. Әлгі генерал, бір үлкен кісілер арқылы Рим папасына іссапарлап келгенде сыйға беріпті деп естідім. Рас болса, қазақтың қасиетті қара домбырасы Ватикандағы мұражайда тұрғаны анық. Әңгімеден әңгіме шығып, Балтекеңнің шеберханасына шетелдік туристер келіп, таңқалып қайтқанын естіп, білдім. Тіпті, қызығып аспаптардың бірнеше данасын сатып алыпты. – Бүгіндері халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындалу үстіндемін, – дейді шебер, – Шаңырақ жасап қойдым. Міне, керегелері дайын. Табанын айналмалы етіп жасаймын да, музыкалық аспаптарды іліп қоямын. Келушілер айналмалы үйден көріп тамашалайтын болады. Осыған қарап-ақ қазақ өнерінің өмірінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса беретініне кәміл сенгің келеді. Енді екі жылдан соң «ЭКСПО-2017» көрмесінде «Қазақстанда жасалған» деген атаумен Балтабай Дәуірбеков жасаған музыкалық аспаптарды бүкіл әлем жұртшылығы тамашалап, таңдай қағары хақ.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Сарысу ауданы.