Экономика

«Әркімнің даусы маңызды!»

«Әркімнің даусы маңызды!»

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қолға алуымен республикалық деңгейде басталған «Әркімнің даусы маңызды!» акциясын облыстық кәсіпкерлер палатасы да қолдауда. Палата басшылығының ұйытқы болуымен бұл шараға облысымыздағы ірі кәсіпорындар да атсалыса бастады. Солардың бірі – Байзақ ауданы, Қызыл жұлдыз ауылында орналасқан «Rola-7» ЖШС кеше алғашқылардың бірі болып өз өнімдеріне аталған акцияның логотипін жапсырды. Сондай-ақ кәсіпкерлер палатасының директоры Асан Қошмамбетов бастаған ынталы топ облыстық «Ақ жол» газетінің ұжымында болып, алдағы үлкен сайлауда дауыс беруде қалыс қалмауға шақырды. Палата баспасөз қызметінің жетекшісі палатаның осы күнге дейінгі атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталды. Аталған акцияның басты мақсаты – еліміздің Президентін сайлайтын өте жауапты саяси науқан кезінде бизнес-қауымдастықтың және өзге де азаматтардың бейтараптық танытпай, сайлау учаскелеріне бір кісідей барып, өз дауыстарын беруге үгіттемек. Акция логотипіне келетін болсақ, жапсырма күйіндегі қағазға қазақ және ресми тілдерде «Әркімнің даусы маңызды!» және «Важен голос каждого!» деген ұрандар жазылған. Бұдан бөлек, жақында кәсіпкерлер палатасы облыстағы ірі супермаркеттер мен кафе, мейрамхана сынды қызмет көрсету нысандарының көрікті жерлеріне сайлауды күнделікті еске салып тұратын күнтізбелер ілмек. Сонымен қатар, жуырда қала көшелерінен де барлығымызды сайлауға шақыратын ҰКП-ның алып билбордтарын көруіміз мүмкін. – Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ешқандай саяси күшке ие емес екендігін баса айтқым келеді. Яғни, біз қандай да бір кандидатқа дауыс беруге үгіттемейміз. Мақсатымыз – тек халықты 26 сәуір күні өтетін Президент сайлауында белсенділік танытуға шақыру, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асан Қошмамбетов. Таразға мыңдаған данамен жеткізілген «Әркімнің даусы маңызды!» – «Важен голос каждого!» жапсырмасы жақын күндері облысымыздың ет, сүт, ұн өнімдерін өндіруші ірі кәсіпорындардың өнімдері қаптамасының сыртына жаппай жапсырылмақ.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».