Экономика

Баға жетпес байлық

Баға жетпес байлық

Облыста ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлердің игерілуі өз деңгейінде емес

Үстіміздегі жылдың 23 ақпанында өткен облыс әкімдігінің аппараттық кеңесінде аймақ басшысы Кәрім Көкірекбаев жер қатынастарын реттеу саласындағы кейбір көрсеткіштерге көңілі толмай, тиісті орынбасары мен бірқатар мекеме басшыларына тапсырмалар берген болатын. Сол тапсырма аясында екі жұмыс тобы құрылап, ондағы мамандар аудандарды бір ай бойы аралап келген. Кәрім Нәсбекұлының төрағалығымен өткен кешегі кеңесте жұмыс топтарының атқарған жұмыстары пысықталды. Алдымен жерді тиімді игеру мәселелері туралы облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ілияс Тортаев хабарлады. Ол басқарған топ өздеріне жүктелген Байзақ, Жамбыл, Сарысу, Жуалы, Талас аудандары мен Тараз қаласы бойынша жұмыс істеген. І.Тортаев хабарлама басында-ақ облыс бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы егістік жерлерді игеру көрсеткіштерінің төмен екендігіне назар аударды. – 2014 жылғы 5 ауыл шаруашылық статистикалық есебінде Байзақ ауданында – 3426, Жамбыл ауданында – 1808, Жуалы ауданында – 3674, Сарысу ауданында – 4318, Талас ауданында 9767 гектар егістік жер игерілмеген. Сонымен қатар, 2012-2014 жылдар аралығында республикалық бюджет есебінен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер түгендеуден өткізілді. Анықталған 274 мың гектардың (оның ішінде егістік жері 85 мың гектар) 249 мың гектары немесе 91 пайызы мемлекет иелігіне қайтарылды. Соның ішінде, Талас ауданында анықталған 43 мың гектар жер толығымен мемлекет иелігіне қайтарылған. Байзақ, Жамбыл, Сарысу, Жуалы аудандарындағы 24 мың гектар жерде бұл талап орындалмаған. Бүгінгі таңда ешқандай ілгерілеу жоқ, – деді Ілияс Тортаев. Ол ендігі жерде аталған аудан әкімдері жұмыс тобын құрып, жер иелерін нақтылап алу қажеттігін ұсынды. Оған қоса сол жерлер бойынша бұдан былай салық заңнамаларына сәйкес жер салығын 10 есеге ұлғайтуды да алға тартты. Жердің пайдаланылмай бос жатуының бір себебін хабарлама иесі І.Тортаев ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің ұсақтанып кетуімен де байланыстырды. Аудандарда шаруа қожалықтары біріктірілгенімен, бұл бағыттағы жұмыстардың нәтижесінің төмендігін ашып айтты ол. Жердің игерілуіне кері әсерін тигізіп отырған келесі бір фактор – инженерлік су жүйелерінің тозуы. Өйткені Байзақ ауданында – 21, Жамбыл ауданында – 25, Жуалы ауданында – 66, Сарысу ауданында 68 шақырым бетон науалы каналдар қалпына келтіру мен күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етіп отыр. Орайы келгенде ол каналдардың әрқайсысы мыңдаған гектар егіс алқабын суғара алатынын айта кеткен жөн. Ал облыс әкімі К.Көкірекбаев көрші шымкенттіктердің өзіміздің «Бином» ЖШС-нан бетон науаларға тапсырыс беріп жатқанын мысалға келтіріп, бізде де бұл бағыттағы жобаларды жандандыру керектігін атап өтті. Сонымен қатар, Ілияс Тортаевтың жұмыс тобы қамтыған аудандар бойынша мемлекет иелігіне қайтарылған 249 мың гектардың 110 мың гектары ауыл шаруашылық айналымына енгізілген. Бұл – аграрлық салаға инвестиция тартуға мүмкіндіктер ашылып отыр деген сөз. Бұл ретте Сарысу ауданы малайзиялық инвесторларға – 54 мың, Қытай инвесторларына 15 мың гектар жер учаскесін ұсынуға әзір. Мұны келтіріп отырған себебіміз, облыс әкімінің айтуынша, Алматы облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы бағытындағы ірі инвесторларға жалға беретін жер қалмапты. Ал бізде біраз учаске бос жатыр. – Жерді қайта айналымға сауда-саттық (аукцион, конкурс) арқылы қосу – жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін арттыру жолдарының бірі. Халықтың әл-ауқатының жақсаруына байланысты қазіргі уақытта жерге деген сұраныс артқан. Соған қарамастан аудандар мен қала әкімдігі бұл шараға мән бермеуде, – дейді Ілияс Тортаев. Жалпы, өз хабарламасында Ілияс Әлімұлы саяжайлар мен көпжылдық екпелерді түгендеу, бүлінген жерлерді түгендеу, тұрғын үй салуға берілген жерлерді тексеру, индустриалды аймақ құру, жол бойындағы бизнес нысандарды орналастыру, су көздері аумағындағы құрылыстар бойынша да мәліметтер беріп өтті. Мәселен, жол құрылысы кездерінде бүлінген жерлерді қайта қалпына келтіруде де біраз шикіліктер бар. Олардың кейбірі құзырлы мекеме мен арнайы комиссияның назарынан тыс қалып қалған, ал оның ар жағында мердігер компанияның жауапсыздығы мен сапасыз жұмыстары жатыр. Басқарма басшысының міндетін атқарушы І.Тортаев мұндай сапасыз жұмысты қабылдаған комиссия мүшелерін тиісті жауапкершілікке тарту қажеттігін алға тартты. Сондай-ақ жоғарыда аталған аудандарда тұрғын үй салуға берілген 2541 гектар жер де өз мақсатында пайдаланылмай отыр. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бойындағы сервистік қызмет көрсетуді дамыту үшін берілген бірнеше гектар жерлерде де құрылыс жұмыстары әлі басталмаған. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша облыс әкімдігі жерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Серікбай Тәпеев те хабарлама жасады. Оның басшылығындағы жұмыс тобы Қордай, Меркі, Мойынқұм, Т.Рысқұлов және Шу аудандары бойынша жер қатынастары төңірегінде қалыптасқан мәселелерді зерделеп шығыпты. – Жалпы, соңғы екі жылды салыстырғанда пайдаланылмаған жерлер көлемі 2014 жылы біршама азайған. Дегенмен, зерделеу барысы егістік жерлерді игеру көрсеткіші аудандарда әркелкі деңгейде қалыптасып отырғандығын көрсетті, – дейді хабарламашы. Оның айтуынша, Т.Рысқұлов пен Қордай аудандарында пайдаланусыз жатқан жерлерді игеруде оң көрсеткіштер байқалған. Меркі мен Мойынқұмда да игерілмеген егістік алқаптары біршама кеміген. Ал өзге аудандарға қарағанда жер-су ресурстары жоғары, топырағы құнарлы келетін Меркі ауданында игерілмеген жер көлемі әлі алдыңғы жылдардағыдай сақталып отыр. Сонымен бірге, алқаптарды бір санаттан екінші санатқа ауыстыру да аудандарда әркелкі жүргізілуде. Тиянақтылық тек Т.Рысқұлов ауданында ғана бар. Өзге аудандар бұл жұмыстарды тіпті қолға алмаған. Бұл өз кезегінде кейбір инвестициялық жобаларға қажетті жерлерді таңдау кезінде жер ресурстарына нақты сипаттама бергізбейтін көрінеді. Сондықтан, хабарламашы облыс әкімінен суармалы жерлерді төменгі сатыға ауыстыру сынды саладағы біраз жұмыстарды нақтылау жөнінде тапсырма беруін сұрады. Күн, жел және су электр стансаларына бөлінген жер учаскелерінің де кейбір бөліктері пайдаланылмай отыр. Мәселен, Қордай ауданындағы «Ветро Инвест» ЖШС, «Инсайдер групп» ЖШС, Шу ауданында «Windhand» ЖШС мен «Sun Salutions Kazakhstan» ЖШС, Т.Рысқұлов ауданындағы күн электр стансасы өз жобаларына бөлінген жерлерін игермеген. Кеңесте жердің миын шығарған мия тамырларын заңсыз өндіру мәселесі де талқыланды. Қысқасын айтқанда, заңсыз мия тамырларын өндірушілерге әкімшілік шара қолданатын заңнамалар әлі де жеткіліксіз екен. Сондықтан басқарма басшысы қызыл мия тамырын заңсыз өндіруді тоқтату үшін кешенді шара қабылдануы қажеттігін атап өтті. Оған қоса қызыл мия тамырын шикізат ретінде сыртқа шығаруға тыйым салатын заңнамалық өзгерістердің ауадай қажеттілігі де айтылды. Күн тәртібіндегі мәселенің үшінші хабарламашысы облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Серік Қойбақов та жер қойнауын пайдалану бағытына атқарылып жатқан біраз мәселеге тоқталды. Сондай-ақ, құрылыс мақсатындағы жер кеніштерін консервациялау жұмыстарының орындалуын пысықтап шықты. Үш басшыны мұқият тыңдаған облыс басшысы Кәрім Көкірекбаев арнайы құрған жұмыс комиссияларының тексерулері біраз кемшілікті анықтағанын айтып, ендігі кезекте сол бойынша аудан әкімдерімен бірлесіп жұмысты одан әрі жандандыру керектігін тапсырды. Сонымен қатар бар жерді тиімді пайдаланудың аймақ экономикасына тигізер пайдасының көптігін айтып, жерлердің бос жатпауы керектігін ескертті. Бұл кеңестегі екінші мәселе бойынша облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ержан Ахметов хабарлама жасады. Ол өз сөзінде облыс елді мекендерінің бас жоспарын әзірлеу және сол жоспар бойынша атқарылуы тиіс егжей-тегжейлі жұмыстарға қысқаша тоқталды. Сондай-ақ, бас жоспар әзірлеуге бөлінген трансферттік қаражаттардың игерілуі жайлы да тілге тиек етті. – Бүгінгі таңда тұрғын құрылысы үшін жер телімдерін алуға кезектің саны артуда. Олардың сұранысын қанағаттандыру үшін бізге ең алдымен сол елді мекеннің бас жоспарын, егжей-тегжейлі жоспарлау, жобалау қажет. Бұл құжаттарсыз инфрақұрылым жүргізу мүмкін емес. Сондықтан, бас жоспарларды әзірлеу жұмыстарын тездетіп аяқтау қажет, – дей келе К.Көкірекбаев аудан әкімдері мен Тараз қаласы әкіміне сәулет және қала құрылысы басқармасымен бірлесе жұмыс істеуді тапсырды.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».