Экономика

Жуалыдағы Меже - 100 мегаватт

Жуалыдағы Меже - 100 мегаватт

жуырда күн электр стансасы іске қосылады

13Әлемде халық саны өсіп, экономика қарыштап дамуына байланысты электр қуатына қажеттілік күн санап өсіп келеді. Көптеген мемлекеттер арзан электр қуатын өндірудің алуан жолдарын қарастыруда. Өркениетті елдерде қуаттың дені жаңартылмалы энергия көздері – күн, жел және судан өндіріледі. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен елімізде жасыл энергияны дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл бағытта еліміз, оның ішінде облысымызда орасан жобалар жүзеге асырылуда. Оңтүстік өңірде орналасқан облысымызда қыс – қысқа, жаз ұзақ болатындықтан күн, жел және судан арзан әрі экологияға зиянсыз қуат өндіруге үлкен мүмкіндіктер бар. Келешекте аймақтың қуатқа деген жаздағы қажеттілігінің – 80, қыстағы 40 пайызын жаңартылмалы энергия көздерінен өндіру көзделуде. Мұның өзі орасан ресурстар мен қаржылай шығындарды азайтуға мүмкіндік берері сөзсіз.

14Бұл мақсатқа өзіміздегімен қатар шетелдерден инвестиция, Еуропадан мамандар тартылуда. Ірі жобаларды жүзеге асыру үшін бірлескен «Samruk Kazyna–United Green» кәсіпорны құрылған. Оның құрылтайшысы – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қарасты «Самұрық Қазына Инвест» ЖШС. Оның стратегиялық әріптесі – британдық холдинг «United Green». «Бурное Солар-1» – «Samruk Kazyna–United Green»-нің еншілес кәсіпорны. «Солар» – ағылшыншадан аударғанда «күн» деген сөз. Кәсіпорын облысымыздың аумағында сағатына 50 мегаватт қуат өндіретін күн электр стансасын салу үшін әуелі қолайлы орын іздестірді. Таңдау Жуалы ауданының Нұрлыкент ауылдық округінің аумағындағы егістікке жарамсыз тастақты қыратқа түсті.

– Бұл аумаққа таңдау текке түскен жоқ. Мұнда күн көп түседі әрі үздіксіз жел есіп тұрады. Жел энергия өндіретін панельдерді қатты қыздырмайды. Келешекте оның аумағын кеңейтуге мүмкіндік мол, – дейді Жуалы аудандық әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Бақыт Төлегенов. «Бурное Солар-1» ЖШС-ның 50 мегаватт қуат өндіретін күн электр стансасының құрылысы – облысымыздағы Индустрияландыру картасына енгізілген тоғыз жобаның бірі. Оның алғашқы кезегі үстіміздегі жылдың маусым айында іске қосылады. Жобаның құны – 23,6 миллиард теңге. Инвестицияның үштен бірі өздерінің қаражаты, қалған несиені олар 12 жылда өтеуге келіскен. Стансаны үстіміздегі жылдың соңына таман толық қуатында жұмыс істету көзделуде. Еуропалық банктер келешекте осында салынған стансаны кеңейту әрі қайта жарақтандыру арқылы қуатын 100 мегаватқа жеткізу үшін қаржы қарастыруда. Күн электр стансасы осындай дәрежеге жеткен кезде 30000 ауланы онымен қамтамасыз ете алады. Оны өндіруде қоршаған ортаға зиянды заттар шығармайды. Ірі жобаны жүзеге асыруға шетелдіктермен қатар, қазақстандық қосалқы мердігерлер де тартылған. Құрылыс өткен жылдың қараша айында басталған. Осы мерзімде Нұрлыкент ауылының солтүстік жағындағы тастақты 150 гектар алқапта орасан жұмыс атқарылған. Нысанның айналасы қоршалған. Қосалқы станса салынған. Германиядан энергия өндіретін жүздеген панельдер жеткізіліп, орнатылуда. Қосалқы стансаның құрылысын «Шнайдер электрик» АҚ жүргізуде және панельдерді «Пауэр монтаж» ЖШС орналастыруда. Нысанда 150-ге жуық адам жұмыс істейді. Олардың жартысынан астамын жергілікті азаматтар құрайды. Осы мерзімде уақытша болса да бірқатар қазақстандық компаниялар жұмысты болып қалды. – Күннен өндірілген қуаттың бағасы көмір мен газбен өндірілгенге қарағанда бірнеше есе арзан болады. Оның құрылысына жұмсалған қаржы бірнеше жылдардан кейін толық өтеледі. Стансаның өнімі жалпы қазақстандық электр жүйесіне қосылады. Мұның өзі біраз жылдан кейін аймақта қуат бағасының едәуір арзандауына игі ықпал етеді, – дейді компанияның жоба жөніндегі менеджері Шыңғыс Белгібеков. «Бурное Солар-1» компаниясы Жуалы ауданында тіркелген. Демек, салықтық және міндетті төлемдер аудан бюджетіне құйылады. Мұның өзі өңір экономикасының өрлеуіне игі әсерін тигізеді. Бұған қоса жамбылдық ондаған мамандар жұмысты болады. Шетелдік мамандардың тәжірибесін үйреніп, оны еліміздің игілігі үшін жүзеге асырады. Станса толық қуатында жұмыс істегенде аймақтың энергияға деген қажеттілігінің едәуір бөлігін өтейтін болады. Күн электр стансасының қызметін «ЭКСПО-2017» көрмесіне келетін шетелдік қонақтар да танысып, тамсанатын болады.

Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».

Жуалы ауданы.