Тараздың аяқ киімі
Тараздың аяқ киімі
Кеңестік кезеңде тері илеуден бастап дайын өнім берудің толық тізбегі бойынша жұмыс істеген кәсіпорынның бірі – «Жамбыл былғары аяқкиім» өндірістік комбинаты. Бұл комбинаттың бұрын дүркіреп тұрған дәуренін үлкендер жағы жыр қылып айтып бере алады. Тоқырау жылдары өндірісін тоқтатқан бұл кәсіпорынды қазіргі буын біле бермейді. Өйткені, олардың көпшілігі Тараздың аяқ киімін киіп жүрген жоқ. Дегенмен, негізі 1961 жылы қаланған алып зауыттың аяқ киімдері әлі күнге өндіріліп келеді. Себебі, оның орнында 2002 жылдан бері «ТаразКожОбувь» ЖШС құрылып, бұрынғы бағдармен жұмыс істеп келеді. Зауыт баяғы қуатында болмаса да, оның бүгінгі тіршілігі жоқтан гөрі жоғары. Өнімдеріне келсек, олар – ерлерге арналған аяқ киімдер, жартылай дайындалған «Вет-блю», «Краст» былғары материалдары, түрлі былғары тауарлары, аяқ киімнің жоғары және төменгі астарлары, ұлтарақтар мен ұлтарақ астарлары, аяқ киімнің төменгі бөліктеріне арналған қатты материалдар шығарады. Еліміздің әскерилері «ТКО» маркілі былғары аяқ киімді жазбай танитын шығар. Себебі, еліміздің Қорғаныс министрлігі біраз жылдан бері осы кәсіпорынға тапсырыспен аяқ киім тіктіріп келеді. Әскерилерге арналған нағыз былғары аяқ киімдерді қолымызға алғанда олардың жоғары сапасы бірден көрініп тұр. Әсіресе, НАТО жауынгерлері киіп жүрген үлгідегі ұрыс даласына арналған аяқ киім тіпті көздің жауын алады. Бұдан бөлек «ТаразКожОбувь» өнімдеріне «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ішкі істер министрлігі, «Әскери темір жол күзеті» АҚ, ірі құрылыс компаниялары, мұнай-газ саласының компаниялары, «Май өнімдері Корпорациясы» АҚ, тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындары, сонымен қатар жақын және алыс шетелдердегі былғары өнімдерін өндіретін зауыттар да тапсырыс беріп тұрады. – Біз негізінен мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейміз. 2013 жылы 36 мың жұп аяқ киім шығардық. 2014 жылы мемлекеттік тапсырыс ала алмай қалдық та, өндірісте аздаған қиындықтар болды. Ал биылғы жылға бізге Қорғаныс министрлігінің тапсырыс беру мәселесі әлі Үкіметте қарастырылып жатыр. Зауыт толық күшінде жұмыс істесе, мұнда бір ауысымда 500 аяқ киімге дейін тігуге болады, 366 адам жұмыс атқарады. Қазіргі уақытта тапсырыстың болмауы себебінен 93 адам жұмыс істеуде. Бір айта кетерлігі, біздікіндей зауыт Қазақстанда жоқ. Басқа облыстардағы зауыттар өнімді тек шикідей шығарса, біз теріні сатып алудан бастап, дайын аяқ киімге дейінгі барлық өндірістік үдерістерді өзіміз атқарамыз, – дейді зауыттың бас технологы Жанболат Құрмашев. Теріні илеуден бастап, оны сүргілеп, созып, басқа да тазалау, тегістеуден өткізетін қондырғылардың басым бөлігі зауыт ашылған өткен ғасырдың ортасынан бері пайдаланылуда. Африканың қызыл ағашынан жасалған тері илейтін барабандар мен үрлеу машинасы сынды қондырғылар жақсы сақталған. Сөйтсек, 1991 жылы қолға алынған қайта жарақтандыру жұмыстары нәтижесінде зауыт инженерлері мен технологтары мұндағы көптеген негізгі қондырғылар мен машиналарды жарамды күйінде сақтап қалыпты. Осы қондырғылардың өзімен-ақ зауыт айына 600 тонна тері илей алады. Ал аяқ киімді тігіп, үлгілейтін машиналар мен жабдықтар Германия, Италиядан әкелінген. Әзірге 93 адаммен өндірісін жүргізіп отырған кәсіпорын негізінен ерлер аяқ киімдерін шектеулі ғана данамен шығарып отыр. Дайын аяқ киімді өткізу үшін кәсіпорын облыс орталығынан үш жерден сауда нүктесін ашқан. Олардың екеуі «Атакент-Тараз», «Ауыл-Береке» базарларында орналасса, біреуі кәсіпорын жанынан ашылған. Дүкен сөрелерінде зауыттың 20-ға жуық аяқ киім түрі қойылған. Зауыт өнімдерінің басты артықшылығы – мұнда тігілетін аяқ киімдерге тек таза былғары қолданылады. Былғарыны да өздері өндіреді. Сондықтан «ТКО» маркалы аяқ киімдерінің сапасы жоғары. Зауыт басшылары болашақта әйелдерге арналған аяқ киімдерді де шығару ойларында бар екенін айтып қалды. Оған да шетелден біраз қондырғылар алу қажет. Оның үстіне мұнда тәжірибелі үлгілеушілер еңбек ететін аяқ киімдерді үлгілеу зертханасы бар. Тек оларға тапсырыс берсеңіз болғаны, қолданыстағы стандартқа сәйкес талғамы бойынша кез-келген үлгідегі тауарыңызды дайындап береді. Зауыт әзірге Астанадан жақсы жаңалық күтіп жүр. Себебі, Қорғаныс министрлігі көп көлемде тапсырыс беретін болса, мұнда нағыз еңбектің қазаны қайнағалы тұр. Одан қалса, зауыт өнімі төңірегіндегі жарнама маркетингі де ақсап тұр. Өнім жоғары сапалы болғанымен жұртшылық көбіне біле бермейді. Мемлекеттік қолдаулар арқылы тасын өрге домалатқан зауыттың болашағы зор. Таразда тігілген аяқ киім әлі-ақ еліміздің әр қаласында сатылатын кез келер.
Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.