Әлеумет

Ерғалидың алдауына түскен Раушан

Ерғалидың алдауына түскен Раушан

Еліміздегі қылмыстық іс-әрекеттерге қатысты жүргізілетін статистикалық деректер әрқилы айла-шарғылар жасау арқылы өзгенің есебінен баюды көздейтін алаяқтық қадамға барушылардың қатары тыйылмай отырғандығын айғақтайды. Сондай айла-шарғының құрбандығына ұшырап, басы әуре-сарсаңға түскен Байзақ ауданындағы Диқан ауылының тұрғыны, осындағы «Раушан» шаруа қожалығының жетекшісі Раушан Жақыпова редакцияға жазған арызында ауылдасы Ерғали Жақсылықұлы Нұрғалиевтың алдауына түсіп, соның зардабынан қаржылық қиындықтарға ұшырағандығын және әділдік іздеп заң орындарына шағымданғанымен кей мәселелер бойынша күні бүгінге дейін құқыққорғау органдарының тарапынан тиісті қолдау таппай келе жатқандығын, керісінше олардан қысым көріп отырғандығын баян етіпті.

Оның айтуынша, денсаулығының нашарлауына байланысты шаруа қожалығының жұмысын жүргізе алмағандықтан 2013 жылғы шілде айының 24 күні диқандық Ерғали Нұрғалиевтің ұсынысы бойынша, иелігінде 7,68 гектар егістігі, 4,04 гектар шабындық жері бар шаруа қожалығын нотариус куәландырған сенімхат негізінде оның сенімді басқаруына берген көрінеді. Сондай-ақ, сол жылғы шілде айының 25 күні «Қазақстан халықтық банкі» акционерлік қоғамындағы №КZ 166010161000180610 банктік есепшотын да №4094 нотариалдық куәландырылған сенімхатпен Е. Нұрғалиевке сеніп тапсырыпты. Ал ол болса, өзіне берілген сенімхаттың оған шаруашылық жүргізуші басқа заңды тұлғалармен келісім-шарт жасасуына құқық бермейтіндігіне қарамастан шаруа қожалығын сенімді басқаруына алғаннан кейінгі екі күннің аралығында-ақ Алматы облысындағы «Племзавод Алматы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне 250 тонна жемдік арпа сатпақ болып, 6,5 миллион теңгеге келісім-шарт жасасып үлгереді. Сөйтіп, 2013 жылғы тамыз айының 5-і күні аталған құжаттың негізінде шаруа қожалығының «Қазақстан халықтық банкіндегі» есепшотына келіп түскен қаржының 3,5 миллион теңгесін, 9 тамызда — 2,9 миллионын, 27 тамыз күні 38 мың теңгесін қолма-қол ақшаға айналдырып алады. Өндірістік кооперативке «Раушан» шаруа қожалығының атынан бағасын 1466 400 теңгеге есептеп, бас-аяғы 56,4 тонна жемдік арпа жөнелтумен ғана шектеледі. Сонау Алматы облысына апарып құрған алғашқы торына ауыз толарлықтай олжа түсіп, құныққан Ерғали Нұрғалиев енді «алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалап» көрмек болады. Оның бұл жолғы айла-шарғыға негізделіп тастаған «құрығына» Тараз қаласындағы «ЮжКамТорг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ілінген. Ерғали бұл жолы серіктестікке бағасы 2089000 теңге тұратын бу құрал-жабдықтарын сататын болып келіседі. Сөйтіп, 2013 жылдың 31 қазанында «Раушан» шаруа қожалығының атынан «ЮжКамТорг» ЖШС-мен келісім-шартқа отырады. Әрі құрбандықтарының қалтасын қағып, тез жылыстап ізін суытатын үйреншікті әдеті бойынша, серіктестікпен арадағы келісім-шарт негізінде қожалықтың «Қазақстан халықтық банктегі» есепшотына келіп түскен қаржыны көп жатқызбай, қараша айының 4-і күні 2 миллионын, ал қарашаның 11-і күні 79 мың теңгесін қолма-қол ақшаға айналдырып алады да екі жағына да сұлбасын көрсетпей аумақтан тысқары жерге тайып отырады. Қаншалықты әккі болғанымен өзгеге қиянат жасаған жандардың іс-әрекеттері тез арада-ақ әшкереленіп жатады. Сол сияқты, соңына сенімді басқарушы Ерғали Нұрғалиев қол қойған «Раушан» шаруа қожалығымен жасасқан келісім-шарттан күткен үміттері ақталмаған «Племзавод Алматы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мен «ЮжКамТорг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де көп ұзамай сот билігі арқылы «құрдымға сіңген ағын судай» жоқ болған шаруа қожалығының есепшотына аударған төлемақыларын даулай бастаған. Олардың алғашқысының талап-арызы бойынша істі аумақтағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың судьясы Г. Тәжиеваның төрағалығымен 2014 жылдың 14 мамырында өткен сот отырысы қарайды. Талапкер жағының жемдік арпа сатып алу үшін қожалықтың «Қазақстан халықтық банкі» акционерлік қоғамындағы есепшотына аударған 6,5 миллион теңге қаржының қалған бөлігі, негізгі қарыз — 5033600 теңгені қайтару және қарызды қайтару мерзіміне қатысты аралықта өткен 160 күн үшін 4026880 теңге мөлшерінде өсімақы төлеу жөніндегі талап арызы мен жауапкер — «Раушан» шаруа қожалығының басшысы Раушан Жақыпованың өз басы «Племзавод Алматы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативімен ешқандай да келісім-шартқа отырмағандығы, ал қожалықтың уақытша сенімді басқарушысы Ерғали Нұрғалиевтің өзге шаруашылық жүргізуші субъектілермен келісім жасасуға құқығы жоқтығы туралы айтқан жауабын және тараптардың ұсынған құжаттарын еліміздің қолданыстағы заңнамасының таразысында безбендеп, зерделеген сот отырысы Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 272 және Азаматтық іс жүргізу кодексінің 65-баптарына сілтеме жасай отырып, талапкердің талабын қанағаттандырудан бас тартады. Сөйтіп, ауданаралық мамандандырылған экономикалық соттың судьясы Г. Тәжиева төрағалық еткен сот отырысының әділ шешімі арқасында қожалық жетекшісі Раушан Жақыпова қожалықты сенімхат бойынша басқарған Ерғали Нұрғалиевтің тарапынан жасалған алаяқтық іс-әрекеттің алғашқысынан зардап шекпей аман-есен құтылған-ды. Ақиқатын айту керек, «Раушан» шаруа қожалығының жетекшісі қожалықты сенімхат арқылы басқарған Ерғали Нұрғалиевтің кейінгі айла-шарғылық әрекетіне қатысты туындаған даулы істі де сот билігі өз пайдаларына шешер деп үміттенген-ді. Бірақ, 2014 жылдың 23 маусымында судья Е. Романенконың төрағалығымен өткен ауданаралық мамандандырылған экономикалық сот отырысы заңды тұлғаға қарсы «Племзавод Алматы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мен «ЮжКамТорг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қозғаған даулы істердің өзара ұқсастығына қарамай, «ЮжКамТорг» ЖШС-ның «Раушан» шаруа қожалығына қойған талаптарын қарауда мәселеге басқаша тұрғыдан келеді. Сот әуелі екі жақтың да тарапынан түскен талап, жауаптарды, ұсынған дәлелдемелері мен құжаттарды зерделей келіп, «ЮжКамТорг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің келісім-шарт бойынша алған міндеттемесін орындамағаны үшін «Раушан» шаруа қожалығынан 302905 теңге мөлшерінде өсімпұл өндіріп беруін сұраған талабын қанағаттандырусыз қалдырыпты. Сот бұл ретте, «ЮжКамТорг» ЖШС-ның қожалық жетекшісі Р. Жақыповамен емес, керісінше заңды тұлғаны сенімхат бойынша уақытша басқарған, сондай-ақ, өзге шаруашылық жүргізуші заңды тұлғалармен келісім-шартқа отыруға ешқандай да құқығы жоқ Е. Нұрғалиевпен келісім жасасқанын назарға алады. Алайда, қожалықтың серіктестік алдындағы негізгі қарызы — 2089000 теңгеге келгенде сот бастапқы ұстанымына негіз болған Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 165-бабындағы «Мәміле жасауға өкілдік берілмеген адамның басқа адамның атынан немесе өкілеттігін асыра пайдаланып жасаған мәмілесі өкілдік беруші осы мәмілені кейіннен мақұлдаған ретте ғана ол үшін азаматтық құқықтар мен міндеттерді туғызады, өзгертеді және туғызады. Өкілдік берушінің кейіннен мақұлдауы мәмілені онсыз жасалған кезінен бастап жарамды етеді» деген тұжырымды назардан тыс қалдырады. Ал «Раушан» ШҚ-ның басшысы Р. Жақыпованың сенімхат арқылы қожалықты уақытша басқарған Ерғали Нұрғалиевқа ондай өкілдік бермегенін сот өзінің «ЮжКамТорг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қожалықтан міндеттемесін орындамағаны үшін 302905 теңге мөлшерінде өсімпұл өндіріп беруін сұраған талабын қанағаттандырудан бас тартуы арқылы-ақ мойындағандығы анық. Бірақ, сөйте тұра судья Е. Романенконың төрағалығымен өткен сот отырысы зерделеу барысында жауапкер Р. Жақыпованың Е. Нұрғалиевқа «Раушан» шаруа қожалығының «Қазақстан халықтық банкі» акционерлік қоғамындағы №КZ 166010161000180610 банктік есепшотын пайдалануға мүмкіндік беретін сенімхат бергендігі анықталғанын (жауапкер оны ешкімнен де жасырған емес), 2013 жылғы қазан айының 31-і күнгі №1 сату-сатып алу туралы келісім-шарттың күшін жою туралы талаптың жоқтығын, шаруа қожалығы жетекшісінің Е. Нұрғалиевтің атына берген сенімхаттардың күшін тек 2014 жылдың маусым айында ғана жойғандығын және жауапкердің ұсынысы бойынша сот отырысына шақырылған үшінші тұлға — Е. Нұрғалиевтің сот үдерісіне қатыспауынан аталған азаматтық істі қараудың әлденеше рет кейінге қалдырылғандығын негізге алып, Жақыпова Раушан Сырғабайқызы жетекшілік ететін «Раушан» шаруа қожалығынан «ЮжКамТорг» ЖШС-ның пайдасына негізгі қарыз — 2089000 теңге және мемлекеттік баж салығын төлеу бойынша шығындар үшін 62670 теңге қаржы өндіру туралы шешім шығарған. Бастапқы соттың шешімін жауапкердің шағымы бойынша 2014 жылғы тамыз айының 27-сі күні осы істі қараған облыстық соттың судьясы Г. Егембердиеваның төрағалығымен өткен облыстық соттың азаматтық және әкімшілік істер бойынша апелляциялық сот алқасы күшінде қалдырады. Бір өкініштісі, «ЮжКамТорг» ЖШС-ның «Раушан» шаруа қожалығымен келісім-шартқа отырған кезінде, серіктестік басшыларының қожалықты сенімхат негізінде ғана басқаратын Е. Нұрғалиевтің шаруашылық жүргізуші өзге субъектілермен келісім жасасуға құқығы бар-жоқтығына неліктен мән бермегендігі және өздеріне беймәлім заңды тұлғаның банктегі есепшотына келісілген екі миллион теңгеден астам қаржыны оның қаржылық-экономикалық мүмкіндіктерін зерделеп алмай, ойланбастан аудара салғандығы, сондай-ақ серіктестіктің алдында міндеттеме алып, оны орындамай әріптесін сазға отырғызған Е. Нұрғалиевтің сот процестеріне қатысудан қашып, бой тасалап жүру мәнісі мәселені қараған бастапқы соттың да, облыстық соттың апелляциялық сот алқасының да назарынан тыс қалыпты. Бәлкім, судьялар азаматтық сипаттағы істерді қараған кезде, сот билігінің тек тараптардың арасындағы дау-дамайға төрелік айтумен ғана шектелуі тиістігін ескеріп, мәселенің мән-жайын терең зерделеуді жөн көрмеген болар. Әйтпесе, қожалықты сенімхат негізінде басқару құқына ие болысымен, іле-шала егістік танабы небәрі 7,68 гектар жерден аспайтын, шабындығы 4,04 гектарды ғана құрайтын, өзгедей иелігінде мүлкі жоқ шаруа қожалығының атынан «Племзавод Алматы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі, «ЮжКамТорг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сияқты заңды тұлғалармен сомасы миллиондаған теңгені құрайтын келісім-шарт жасасып жүрген Ерғали Нұрғалиевтің ісінің алдын ала ойластырылған алаяқтық әрекет екендігі көзге ұрып тұрған жоқ па?! Бұл — ең болмағанда «Раушан» шаруа қожалығының жетекшісі Раушан Жақыпованың Байзақ аудандық ішкі істер бөліміне жазған шағымы бойынша №1245 реттік санымен тіркелген іс құжаттары тапсырылған АІІБ тергеу бөлімшесінің тергеушісі, полиция лейтенанты Е. Садықовтың іс жүргізуі барысында ашылуы керек еді. Бірақ, тергеуші арызданушының шағымында аты аталған Е. Нұрғалиевтің екі бірдей шаруашылық жүргізуші субъектінің қожалықтың есепшотына аударған қаржысын қалтасына басып, ізім-қайым жоқ болу себебін өзінен сұрамақшы болып, оны таба алмайды. Содан соң, амал жоқ, Е. Нұрғалиевті Алматы қаласында жұмыс істеп жүр деген туыстарының сөзіне сенім артуға мәжбүр болады. Ең соңында, істі жабу үшін арыз иесі, «Раушан» шаруа қожалығының жетекшісі Раушан Жақыпова мен Е. Нұрғалиевтің кезінде нотариалдық түрде келісім-шарт жасасқандығына, сондықтан екеуінің арасындағы даудың азаматтық сот отырысында қаралып шешілуі тиістігіне сілтеме жасай салады. Ал өзін алаяқтық айла-шарғының құрбаны санайтын Раушан Жақыпованың айғақтауынша, өзі нотариалдық куәландырылған сенімхат негізінде шаруа қожалығын басқаруға берген Ерғали Нұрғалиевтің алаяқтық іс-әрекеті туралы Байзақ аудандық прокурорының атына және басқа да құқық қорғау органдарына шағымданғанымен, әлі-әзір ешқандай да нәтиже болмай отырған көрінеді. «Ал Ерғали Нұрғалиев болса, бізге қарасын да көрсетер емес. Біздің шағымымыз бойынша оны іздестіріп жатқан тірі жанды да көрмедік», дейді ол. Соны ескерген біз де бұған дейін әрқилы сатылардағы сот органдарына жазылған шағымдарда, сот хаттамаларында және тергеуші шығарған қаулыда аты-жөні сан рет қайталанған Ерғалидың өзімен тілдеспек болып, Байзақ ауданы Диқан ауылындағы Рахманқұл Бұқарбаев атындағы көшедегі №3 үйдегі мекен-жайында болғанбыз. Біздің алдымыздан қарсы шыққан Ерғалидың ата-анасы Жақсылық аға мен Зеркүл жеңгей оның жеке шаруаларымен еліміздің солтүстік облыстарында жүргенін айтып шығарып салған. Байланысу үшін телефон нөмірін айтуын сұрап едік, «Шырағым, онысын өзіміз де білмейміз. Әйтеуір, қажет деп тапқан кезінде өзі хабарласып, амандық-саулығын білдіріп тұрады», деді Зеркүл жеңгей. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне» тоқталсақ, Ерғали Нұрғалиев сынды ақылға сыймайтын, көңілге қонбайтын қисынсыз қадамға барып, ауылдасына қиянат жасаған жанның қаншалықты қашып-пысып бой тасалағанымен де түптің-түбінде бетпердесі әшкереленіп, заң тұрғысынан тиісті бағасын алатындығы анық. Ал әзірге «Раушан» шаруа қожалығының жетекшісі Раушан Жақыпованың сот шешімін орындауды талап еткен сот орындаушыларының талабын төзімділікпен тыңдаудан басқа амалы болмай, лажы таусылуда. Оның тек кассациялық тәртіппен жазылған өз шағымын қарауға тиіс облыстық соттың алдағы уақытта өтетін шешімінен ғана үміт күтіп отырған жағдайы бар.

Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».

Байзақ ауданы.