Жамбылда не жаңалық?

Жеке отбасы дәрігері

Жеке отбасы дәрігері

қаншалықты тиімді немесе жаңа тәжірибеге дайынбыз ба?Ем алатын аурухананы, дәрігерді өзі таңдап, құжатын түгендеп өткізген соң кезегін күтетін бірыңғай жүйенің тәртібіне жұртшылықтың еті үйрене бастаған секілді. Бәлкім, компьютер арқылы, ашық түрде жүргізіледі деген жұмыстың да оңай, төте жолын тапқан шығар? Әйтеуір, соңғы кездері портал төңірегінде айтылатын толассыз әңгіме де біршама саябыр тапқандай. Есесіне, бірқатар емдеу мекемелерінде қолданыла бастаған «отбасы дәрігері» тәжірибесінің ертеңіне күмәнмен қарайтындар көбейіп тұр. Жұрт жаңа жүйе бойынша қайта даярлаудан өткен маманның дертінің түріне қарамастан, балаға да, қартқа да көмек көрсететініне сенімсіз. Негізі, көпшілік арасында осындай көзқарастың қалыптасуына 90-жылдардағы отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны ұйымдастыру реформасының сәтсіздікке ұшырауы себеп болған сыңайлы.Сәтсіз сынақ 

Алдымен госпитальдау бюросы, кейінгісі кезексіз емханалар, ендігісі жалпы тәжірибедегі дәрігерлер... Денсаулық сақтау саласындағы жаңалықтар мұнымен шектелмесі анық. Жыл өткен сайын ем-домға қажетті жабдықтар да жаңарып, дәрі-дәрмек түрлері де көбейіп, ем-шаралар да өзгере бермек. Заман ағымы, уақыт талабы сондай. Жаңалық адам үшін жасалады. Десе де, тұрғындар түсіністікпен қарамаса, салаға жаңа жүйені кедергісіз енгізіп, нәтижеге қол жеткізу оңай болмайды. Тоқсаныншы жылдары отбасылық-дәрігерлер амбулаториясы тәжірибесін енгізуге тырыстық. Қазіргісінің атауы мен бірқатар жұмыс жүйесіндегі өзгерістері болмаса, түпкі мақсаты бір. Ол – бастапқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету әрі отбасын әлеуметтік тұрғыда қорғау. Ерекшелігі – жалпы тәжірибелі дәрігер жүйесіне көшуге дайындықтың алдын ала басталғанында ғана. Ал алғашқы сынаққа отандық медицина еш әзірліксіз кіріскен еді. Содан болар, сәтсіз шықты. «Алғашқы жүйе сәтсіз болғаны рас. Себебі, еліміз бұл жүйеге дайын емес еді. Жаңа тәжірибе бойынша жұмыс істейтін мамандар болмады. Дәрігерлерді қайта даярлықтан өткізіп, білімін жетілдіру мәселесі қолға алынбады. Ал қазір олай емес. Мамандарды оқыттық, жұмыстың нәтижелі болуының өзге де тетіктерін қарастырдық. Бұл тәжірибе емдеу мекемелеріне бірден емес, кезең-кезеңімен енгізіледі. Сондықтан, отбасы дәрігері жүйесі өз жемісін береріне сенімдімін», - дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Марат Жұманқұлов. Тәжірибе тиімділігі Отбасы дәрігері – отбасылық қызмет көрсету қағидасы негізінде, тұрғындар арасында емдеу, аурудың алдын алу жұмыстарын ұйымдастыру үшін арнайы көпбейінді даярлықтан өткен жалпы тәжірибелі маман. Оған отбасы емделушілерінің жас ерекшеліктеріне қарамастан, отбасылық және қоғамдық тұрғыдан қарағандағы мәселелерін ескере отырып, анықтап, барлық медициналық қызметті үйлестіре жүргізу талабы қойылады. Бір сөзбен айтқанда, учаскелік терапевтің қызметін отбасылық дәрігер алмастырады. Учаскелік терапевке қарағанда жалпы тәжірибелі дәрігердің жұмыс ауқымы кең, оған жүктелетін жауапкершілік те жоғары болатынын айтады мамандар. Жаңа тәжірибе бойынша жұмыс істейтін мамандар өздеріне бекітілген отбасылардағы әрбір жанға тәулік бойы санитариялық-медициналық, емдік-консультациялық, оңалту және әлеуметтік көмек көрсетуі тиіс. Бір дәрігерге бірнеше қызметті атқару міндеттеледі. Жалпақ тілмен жеткізсек, науқастың көзі ауырса да, жүрек-қан тамырлары ауруларынан зардап шексе де бастапқы медициналық көмекті көрсететін бір ғана маман. Жалпы тәжірибелі дәрігерлер жүйесін, әсіресе, ауылдық амбулаторияларға, емханаларға енгізу тиімді. Өйткені, ауыл тұрғындарының аудан, облыс орталықтарына ат сабылтып, кабинеттерді тоздырып, кезек күтіп жүруге мұршасы бола бермейді. Жағдайы да көтермеуі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, елді мекендегілер үшін медициналық көмек қолжетімді бола түспек. Негізі, ауылдағы жағдай қазірдің өзінде осындай. «Ауыл тұрғындары басы ауырса да, бүйрегі мазаласа да учаскелік терапевтің көмегіне жүгінеді. Соның ақыл-кеңесі бойынша ем-дом қабылдайды. Бірақ, кейбір жағдайда ол маманның көрсеткен қызметі невропатолог, нефролог, гастроэнтерологтың кеңесіне қайшы келіп жататын кездер де кездесіп жатады. Сондай-ақ, ауылдық амбулаторияларда көз, құлақ ауруларын қарайтын маманның болмайтыны бесенеден белгілі. Қалаға барып қаралуға кез-келгеннің мүмкіндігі бола бермейді», – деп ой бөліседі ауылдық емхананың орта буынды медицина қызметкері, меркілік Сәуле Нүсіпжанқызы. Ал отбасы дәрігері ше? Оның қызметі – көпбейінді. Алдын ала бірнеше бағытта дайындық курстарынан өткен. Сондықтан, ауру түрлеріне қарай ем-шараларын белгілей алады екен. Ауру асқынған болса, тиісті тексерулердің қорытындысы жазылған қағаздарды қосып, арнайы емдеу мекемесіне жолдама береді дейді мамандар. Жаңа жүйеге 17 мекеме көшкен Басқарма берген мәліметке сүйенсек, былтыр 65 маман жалпы тәжірибелі дәрігер жүйесі бойынша қайта даярлаудан өтіпті. Қажетті қаржы жергілікті бюджет есебінен қарастырылған көрінеді. Соның нәтижесінде облыстағы бастапқы медициналық-санитариялық көмек беретін ұйымдарда жұмыс істейтін отбасы дәрігерлерінің үлес салмағы 18-ден 28 пайызға жетіпті. «Денсаулық сақтау министрлігінің 2014-2018 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына сәйкес, отбасы дәрігерлерінің үлес салмағын 35 пайызға жеткізуіміз қажет. Бүгінде облыстағы бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 20 ұйымның 17-сінде жаңа жүйе енгізілген. 164 жалпы тәжірибелі дәрігер жұмыс істейді. 2013 жылы 110 отбасы дәрігері бар болатын. Былтыр бұл тәжірибені 3 емдеу мекемесі қолға алды. Биыл жоспар бойынша қалған үш ұйымды іске қоссақ деп отырмыз», – деді басқарма басшысының орынбасары өңірдегі осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар жайлы сұрағанымызда. Марат Сейітбекұлы емханаларда учаскелік терапевт пен педиатр институты бұрынғыша қала беретінін айтады. Бірақ, бірте-бірте жалпы тәжірибелі дәрігер жүйесіне ауысу үлесі арта түспек. Уақыт ағымы соны талап етуде. «Еуропа елдері отбасы дәрігері жүйесінің тиімді екенін әлдеқашан дәлелдеп қойған. Ұлыбритания бұл жүйеге 1949 жылы көшкен. Біз мұны «Саламатты Қазақстан» бағдарламасы қабылданған кезде ғана қолға алдық. Әрине, жаңа жүйе әлі жемісін бере қоймайтыны түсінікті», – дейді ол. Әлеуметке көмек Бұрынғы ескі жүйеге үйреніп қалған тұрғындар да, дәрігер де отбасылық медициналық көмек жағдайына бой үйретіп, бейімделуі үшін уақыт керек. Бірақ, бір нәрсе айқын. Бұл жүйенің көптеген аурулардың асқынуының алдын алуға септігі тимек. Тұқым қуалайтын аурулар да болады. Ал жалпы тәжірибелі дәрігер өзіне бекітілген отбасының жағдайын толық зерттейтін болғандықтан, балаға берілуі мүмкін аурудың алдын алып, асқындырмайды. Сонымен қатар, бұл жүйе арқылы әлеуметтік қызметтер институтын дамыту көзделген. Яғни, қай жағынан алып қарасаңыз да әлеуметке көмек. Бір ғана отбасы дәрігеріне қаралып, көп істі тындыруға болатыны ауыл тұрғындары үшін қолайлы. «Алысқа сабылтпай науқасымыздың түрін анықтап, ем-дом жасап жатса, жақсы емес пе?», – дейді олар. Басқарма мамандарының айтуынша, бастапқы медициналық қызмет көрсететін ұйым жұмысының тиімділігін арттыру үшін 2011 жылдан бастап емдеу мекемелеріне әлеуметтік қызметкер, психологтардың бірліктері енгізіліпті. 2013 жылдың өзінде облысымыздағы жаңа жүйеге көшкен мекемелерде 540 психолог, 2120 әлеуметтік қызметкер жұмыс істей бастаған. Бұдан басқа тұрғындармен профилактикалық жұмысты күшейту мақсатында 2-3 учаскелік мейіргер бекітілген екен. Түйін: «Ауылдардағы жағдай маған өте жақсы таныс. Еңбек жолымды ауылдан бастағанмын. Бір күні таңертең жұмысқа келсем, бір апа кішкентай нәрестесін әкеліп отыр екен. Бала түнімен ауырып, ұйықтамай шыққан. «Аудан орталығына апару керек» десем, «жағдайым жоқ» дейді. Бала дәрігері болмасам да, нәрестеге ем жасауыма тура келді. Алғысын айтып, апа кетті. Ал ертеңіне қарасам, маған қаралуға кезек күтіп, отыз ана отыр. Отбасы дәрігерінің жұмыс жүйесі де осындай. Бізде бұл тәжірибе ерте басталған. Бір ғана арнайы жүйе болмаған», – деп ой бөліседі Марат Сейітбекұлы. Иә, Еуропадан келді десе де, профилактика және диагностика, кеңінен тараған ауруларды емдеу, науқасты оңалту, шұғыл медициналық көмек көрсету секілді көпқырлы міндеттемені атқаратын отбасы дәрігері институтының негізі қазақ ауылдарында қаланған. Тек арнайы атауы жоқ, белгілі ережесі бекітілмеген. Жағдайға қарай солай қалыптасып кеткен. Сондықтан, елді мекендердегі емдеу мекемелерінде жаңа жүйе бойынша жұмыс істеу тиімдірек болатын шығар.