Мәдениет

«Бозторғайдың» бишілері жүлдемен оралды

«Бозторғайдың» бишілері жүлдемен оралды

Жуырда Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар одағының концерт залында Шәмші Қалдаяқовтың әндерін орындаушылардың бірінші республикалық «Менің Қазақстаным» атты ән-би байқауы өтті. Байқау сазгердің әндерін болашақ ұрпақтың жүрегіне жеткізе отырып, дарынды жастар тәрбиелеу, балалардың қазақ өнеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру, рухани, адамгершілік және көркемдік дамуын қалыптастыру, оқушылардың сахараны әуенімен әлдилеген ұлы сазгердің әндерін-орындау шеберліктерінің өсуіне ықпал жасау, дамыту мақсатына негізделді. Аталмыш байқауға республикамыздың әр аймағынан мыңға жуық талапкер қатысты. Байқауға қатысушылар кіші топ, орта топ, жоғары топқа жіктеліп, Шәмшінің әндерін әуелетіп, би билеп, өнерлерін көрсетті. Осы байқауда Тараз қаласы Мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың хореографтары Дилнара Елдекенова, Алтынай Жүнісбаева жетекшілік ететін «Бозторғай» үлгілі ән-би ансамблі де өнер көрсетіп, жүлдемен оралды. Өнерпаз балалардың басын қосқан дүбірлі додада орта топ оқушылары «Би» аталымында І дәрежелі дипломды иеленіп, лауреат атанса, ал жоғары топ бойынша өнерлерін ортаға салған бишілеріміз бас жүлдені жеңіп алды. Бишілеріміздің сахналық киім үлгісіне, би қойылымы мен музыкасының үйлесуіне, би қозғалысының техникасына, сахна мәдениетінің сақталуына әділ қазылар үздік баға беріп, керемет өнер көрсеткендерін ерекше атап өтті. – Осы өнер сайысында бала­ларының дарынын танып, демеушілік көрсетіп, олардың өнерінің шыңдалуына атсалысқаны үшін ата-аналар ұжымына орталықтың әкімшілігі атынан алғысымызды білдіреміз. Бұл – біздің ғана жеңіс емес, барша жерлестеріміздің де мерейі. Осындай республикалық, халық­аралық деңгейдегі жарыстарда бала­лардың талабы ұшталып, талант­­тары өрге басатыны сөзсіз. Қазақ өнерін биік­тен көрсе­тетін жастарымыз көп болсын, – деді аталмыш орталықтың хореографы Дилнара Елдекенова.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.