Мәдениет

Махаббат маздағы

Махаббат маздағы

«Еңлік-Кебек»  трагедиясы  облыс  сахнасында

2Театрсүйер қауым облыстық қазақ драма театрының сахнасынан тағы бір трагедияны тамашалады. Таяуда ғана У.Шекспирдің атақты «Отеллосы» жергілікті көрермендер назарына ұсынылса, енді қазақ сахарасының біртуар тұлғасы, ұлы суреткер Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебегі» сахналанып, өз көрермендерін қуантты. Мұхтар Әуезов бұл қойылымды Семей қалалық мұғалімдер семинариясында оқып жүріп, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Жолсыз жаза» дастанының негізінде жазған болатын. 3Ол алғаш рет Абайдың қызы Кенже мен Әйгерімнің тіркестіріп тіккен киіз үйінде 1917 жылы маусым айында Ойқұдық деген жерде автордың режиссерлігімен сахнаға шығарылғаны тарихтан мәлім. Тобықты мен найман рулары арасындағы жесір дауын арқау еткен бұл қойылым одан кейін 1921 жылы мамырда «Ес-аймақ» труппасының бастамасымен Жүсіпбек Аймауытовтың режиссерлігімен қойылды. Ал 1922 жылы Орынборда бұл пьеса кітап боп басылып, түрлі труппалар мен көркем үйірмелердің репертуарынан тұрақты орын ала бастаған. 1926 жылы қазақтың Мемлекеттік драма театры да осы «Еңлік-Кебек» пьесасымен ашылған болатын. Содан бері театрдың әр маусымының шымылдығын «Еңлік-Кебек» спектаклімен ашу дәстүрге айналыпты. Ал осы бір М.Әуезов шығармашылығының маржаны облыстық қазақ драма театрында сонау 1941 жылы сахналанғаны тарих беттерінен белгілі. Бір кездері режиссер Ә.Ордабаевтың сахналауымен қойылған трагедия дәл жетпіс төрт жылдан кейін қарашаңыраққа оралып, жергілікті көрермендерімен қайта қауышты. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, жетпіс төрт жыл аз уақыт емес. Одан бері бір буынның ауысып үлгергенін ескерсек, бұл трагедияны сахналау – облыстық театр үшін артар жүгі мен міндеті мол жауапты сәт, мерейлі шақ болса, көрермендер үшін теңдессіз тарту болғаны сөзсіз. Сондықтан болар, осы күні ақшам ауа қала тұрғындары театрға қарай ағылып, үлкен залға лық толды. Сондай-ақ, тағдырлы трагедияны тамашалауға облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Нұрбапаұлы бастаған бірқатар мемлекеттік қызметкерлер де, сала басшылары да көрермендер арасынан табылды. Құп, сонымен араға алты мүшел уақыт салып облыстық қазақ драма театрының сахнасына қайта оралған айтулы қойылымға ойысайық. Классика, ол қашанда өлмейді. Оны бүгінгі заманның тәуекелі басым эксперименттерімен шатастыруға мүлде болмайды. Классиканы режиссердің өзгеше өңдеуі, басқа бір қалыпқа айналдыруы мүмкін емес. Бұл жолғы қойылым да сол бағытынан айнымады дей аламыз. Тек осыған дейін көптеген театрларда екі жарым-үш сағат көлемінде өрбитін оқиға барысы бұл жолы бір жарым сағатқа ыңғайластырылғаны болмаса, спектакль өз дәстүрлі бағытынан анау айтқандай басқа арнаға түсе қойған жоқ. Қойылымның негізгі арқауы – махаббат трагедиясы болса, онда Шыңғыстау жеріндегі XVIII ғасырдың сексенінші жылдарында болған қанды оқиғасы суреттеледі. Бір-біріне жауласқан екі елдің батыры Кебек пен ару қызы Еңліктің бірін-бірі сүйіп табысқандарын екі жақтың да билеушілері қолдай көрмейді. Мұның аяғы үлкен дау-жанжалға ұласып, жан түршігер шешіммен түйінделеді. Қазақстанның халық әртісі, қоюшы режиссер Ерсайын Төлеубайдың сахналауындағы қойылым ә, дегеннен Еңліктің бейнесін ашумен, болмысын сипаттаумен өрбіді. Бұл ретте басты актерлік дуэтті алып шығатын қос кейіпкердің бірі Еңліктің образын ашуға театр актрисасы Зарина Асанның алынғаны лайықты таңдау болғанын аңғарамыз. Өйткені, батыл да ерке, нәзік те өжет, сондай-ақ ер мінезді Еңліктің нағыз бейнесіне Зарина арқылы куә болып, көрермен бірден аңыз кейіпкерімен табысқандай әсер кешіп отырды. Трагедия негізі де Еңлік бейнесі арқылы өз иірімін табумен жалғасады. Тағдырын түйістірер теңін, таңдауын таба алмай жүрген Еңлік қыз Кебекпен кездескен сәтте-ақ берік байлам жасап, нақты шешімге келеді. Ақылды ару өз бақыты да, қасіреті де Құдай айдап кез келтірген осы батыр жігіттің қолында екенін көкірек көзімен көріп, жүрек пернесімен сезінеді. Сондықтан да тағдыр тартқан сыйдан айырылмауға ұмтылады. Ел салтында жоқ әрекетке барып, жігітке өзі сөз салады. Бұл батыл әрекет Кебекті жеңіл ойға жетелегенмен, Еңлік өз шешімінің шын астарын жайып салғанда, айбарлы батырдың асау сезімін ноқталап тастайды. Еңліктің алғашқыда өрескел көрінер қадамының психологиялық дәлелдеулері, іс-қимылдары нанымды түрде жалғаса береді. Әсіресе, әкесі – Ақан шалдың малшы баласы Жапалмен Еңліктің жайбарақат диалогында қыз бейнесі елді қылықтылығымен одан әрі баурай түседі. Осы тұста оқиға желісіне тұтастай шырайлы реңк беріп жүретін, Еңлікке «апалап» жанашырлық танытуға әрқашан дайын тұратын, әзілге жүйрік малсақ баланың бейнесі де бізді елең еткізгені жасырын емес. Ондағы Жапалдың образында өмір сүрген актер Жасұлан Қамбатыровтың еңбегін ескерусіз қалдыруға болмайды. Сатираға сұранып тұрған Жасұланның осындағы болмысы оқиғаның шиеленісіндегі шешуші сәттерге дейін өз орнын айшықтап отырды. Одан әрі оқиға барысы Еңлік пен Кебекті тосқан ағасының кегін, ру жесірінің жолындағы жігіттік намысын жықпау үшін келген Есеннің есерсоқ әрекеттерімен шиеленісе түседі. Найман руының батыры Есеннің образын барынша нанымды бейнелеуде актер Жандар Қырықбаевтың кескін-келбеті де дөп түскен. Даңғой, мақтаншақ, өркөкірек, оңай алдауға түсіп қалар аңғал түрінде суреттелетін Есен қос ғашықтың арасындағы үлкен кедергіге айналады. Содан да шығар, ұнамсыз кейіптегі батыр көрерменнің ақ тілеуінен мүлде алыс еді. Залдағы жұртшылықтан оған деген жеккөрінішті көзқарасты байқау қиынға түспеді. Бұл батыр рөліндегі актердің өз образын ашуға деген табандылығы, жанкешті еңбегі десек қателеспейміз. Ол солай көрерменді сендіре білді, өз міндетін орындады. Ал басты кейіпкерлердің екіншісі Тобықты руының батыры Кебекті сомдаған театр актері Сухраб Мадумаров Еңлік образындағы Зарина Асанмен бірге актерлік дуэтті нанымды орындап, тіпті, ғашық жігіттің алып-ұшқан ғазиз пейілін, ынтызар сезімін жеткізуде ешқандай олқылыққа ұрынбай, Кебек тағдырын айна-қатесіз кеше білді. Солай-ақ, көрерменнің сүйіктісіне айналып үлгерді. Десек те, батыр Кебектің мінезін, қайратын Сухрабтың бойынан тапқанымызбен, тұлғасын онша келістіре алмадық. Олай дейтініміз, батыр десе көз алдымызға бірден алып тұлғалы, кең иықты, баһадүр болмысты ерлер елестейтіні бесенеден белгілі. Ал өзі жекпе-жекте жер жастандырған сұңғақ бойлы, ірі денелі Есенді айтпағанда, іңкәр жүректің иесі Еңліктің бойынан да аласалығы да аңғарылған бұл Кебектің болмысы аңыздағы бір рудың айтулы батыры атанған Кебектен басқарақ сипатта өрбігендей. Мақұл. Бірақ, жергілікті көрермендер Сухрабтың актерлік өнеріне ризашылығын білдіріп жатқанын көріп қуандық. Шығармада жер дауын қабындатқан құн дауы, құн дауының соңы тағы барып жесір дауына шырмалған қым-қуыт жағдайлар орын алса, режиссердің шешімімен бұлар сахнадан өз ретімен сәтті көрініс тауып жатты. Әсіресе, оқиғаның шарықтау шегінде қос тараптың талқысына түскен қос ғашықтың тағдыры бәрімізді толқытып, тебірентіп отырды. Жесір дауын даулап келген Найманның елшісі Еспембет Есеннің кегін де қайтаруды көздейді. Еспембеттің қатыгез, кекшіл кейпін актер Мұрат Құсайынов әдеттегіден әлсіз жеткізді дей алмаймыз. Өзінің бір беткейлігінен айнымаған ол қос ғашықты өлім жазасымен жазалайды. Осы ретте қоюшы режиссердің тың бағытта жұмыс жасағаны көңілге қонды. Оның шешімімен осыған дейін садақтың жебесінен ажал құшатын, болмаса ат құйрығына байланып азаптап өмірмен қош айтысатын Еңлік-Кебек бұл жолы мойынға салынған арқанмен ана дүниеге аттанып кете барады. Өлер алдындағы Кебектің ақырғы сөздері, Еңліктің ғашығынан бір елі ажырамай езілгені, Абыздың жанайқайы, Тобықтының қабырғалы, айдынды биі Кеңгірбайдың (актер Асқарбек Сейілхан) амалсыздығы бәрі-бәрі трагедияны үсті-үстіне әсерлендіре түсті. «Ер қадірін ел білер, елден шыққан не білер? Сонда менің қанымды қарғыс етіп басар сенің маңдайына. Білгеніңді істей бер! Тобықтыға менің айтарым жоқ, оларға сөзім жетім. Ендігі арызым сенде, Еспембет. Өлтірсең, қорламай өлтір!» деген Кебектің соңғы сөздерінен, Еңліктің «Мені де Кебекпен бірге өлтіріп, бір жерге көміңдер!» деген зарынан залдың іші күрсініске ұласты. Қаншама жанарға жас іркілді. Ал малшы бала Жапалдың «Апалаған» жан даусы жаңғырығып, қайғылы қойылымның қойылар нүктесіне айналғаны да режиссердің трагедияның мінезін ашудағы сәтті түйіні деп қорыттық. Сондай-ақ, төбеден төнген сансыз тарау-арқан арқылы қос ғашықтың, сол кезеңдегі ру-руға бөлініп, бір-бірін алапай-талапайға тастаған қазақтың шиеленіскен тағдырлы жолдары меңзелгендей. Қыл арқанмен есіліп, көмкерілген шаңырақ көріністер арасында құлағаны шаңырақтың шайқалғанынан хабар бергендей. Ол шаңырақ біздің көзқараста бәлкім, елден қашқан қос ғашықтың мұңды бейнесінен сыр шерткен болар. Актерлері де сол заманға сай киінгені әдемі үйлесім тапқан. Қоюшы суретші Рахат Сапарәлиеваның спектакльге сай үйлесімді жұмыстар жасағаны да көрініп тұрды. Трагедиялық шығарманы оқыған, яки сахнадан көрген адам орасан зор тебіреніске түсіп, сан алуан ойға қалып, кейіпкер қайғысын бөлісіп, бір алуан сезім толқынына бөленіп, терең ой құшағына енеді. Бұл идеялық-эстетикалық әсер ету ерекшелігін Аристотель – жан ашу, қорқыныш һәм қуаныш сәттерінің шарпысуынан туған ерекше күй деп атайды. Дәлірек айтқанда, көрерменді қаһарман қайғы-азабын бөлісу, оның ауыр тағдырынан шошыну және күнәдан құтылып, тазару сезімдері билеп, ол өзі сол халдерді бастан кешкендей, өзі өліп-тірілгендей болып толқымақ. Осы жағынан алғанда, облыс сахнасынан орын алған айтулы классика өз биігін тағы бір айғақтай түсті. Арғы бастауын халық негізінен алған Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» трагедиясы талант құдіретімен әлденеше рет редакцияланып, жаңғыртылып, байытылу арқасында образдары кесек-кесек, конфликтісі шыңыраудай терең, тілі ғажап шұрайлы классикалық пьесаға айналғанына көз жеткізген көрермен қойылымды ұсынған шығармашыл ұжымға, режиссер мен сахнада сан қилы образды ашуда аянбаған актерлерге қошемет көрсетіп ұзақ тұрды. «Жарайсыңдар, Браво!» деген қолпаштар көпке дейін басылмады. Сонымен қатар, сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі жеткізілді.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».