Ғаламшардың болашағы саналы әрекетке тәуелді
Ғаламшардың болашағы саналы әрекетке тәуелді
Президенттікке үміткер Әбілғазы Құсайынов Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы «Молсервис» ЖШС ұжымымен кездесу өткізді. Өз сөзінде Ә.Құсайынов жиынға қатысушыларды сайлауалды тұғырнамасының негізгі бағыттарымен таныстырды. Ә.Құсайыновтың айтуынша, бірқатар әлем елдерінде экономиканы қарқынды дамытуға бағытталған жұмыстар қоршаған табиғи ортаның мүмкіндіктерін ескермей, оған шамадан тыс күш салып жатыр. Атмосфераның шаң-тозаң және газды қалдықтармен ластануы үлкен алаңдаушылық тудырады. Олар минералды отын мен биомассаның өртенуіне, сондай-ақ тау-кен, құрылыс пен басқа да жерде жүргізіліп жатқан жұмыстарға байланысты ауаға таралып жатыр. Адам орны толмайтын табиғи ресурстарды шексіз тұтына отырып, қалпына келтіруге болатын қорлардың қайта толысуына кедергі жасауда. «Табиғи ресурстардың қайта қалпына келмейтінін естен шығармаған жөн», – деп атап өтті Ә.Құсайынов. Сонымен қатар Ә.Құсайынов экологиялық білімнің маңыздылығына тоқталды. «Жалпы білім беретін мектептерде міндетті пән енгізе отырып, экология мен оның қауіпсіздігі туралы түсінік қалыптастыру, сонымен қатар тұрақты экологиялық-ағартушылық жұмыстар жүргізу экологиялық және өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы білім берудің маңызды қадамдары болып табылады», – деп атап өтті Ә.Құсайынов. Жиында Ә.Құсайыновтың аймақтық сайлауалды штабының жетекшісі Ольга Клишина да сөз сөйледі. О.Клишинаның айтуынша, адам әлемдік экожүйенің бір бөлігі екенін есінен шығармауы тиіс. Ғаламшардың жарқын болашағы әр адамның табиғи ресурстар мен жануарлар әлеміне деген саналы әрекетіне тәуелді. Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат Әбілғазы Құсайынов Петропавл қаласындағы «Севказэнерго» ЖШС-ның жұмысшы ұжымымен де кездесті. Кездесу барысында ҚР Президенттігіне кандидат өзінің сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттары туралы баяндап берді. «Экологиялық аспектілердің қажеттілігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерін назарға ала отырып, экологиялық қауіпсіз дамуға көшудің негізгі міндеттерін адамзат дамуымен қатар қарастыруды ұсынып отырмын. Жағымсыз экологиялық жағдай жалпы әлемдегі өзекті проблемаға айналып отыр, себебі өнеркәсіпті дамытуда қоршаған ортаның мүмкіндіктері назардан тыс қалып, көп жағдайда табиғатты қорғау технологиялары пайдаланылмайды», – деп атап өтті Әбілғазы Құсайынов. Ә.Құсайынов атап өткендей, бүгінде экологияның кең мағынасына тереңнен бойлап, жеке үйің, яғни биосфера, оның даму ерекшеліктері мен осы үрдістегі адамның рөлі ретінде түсіну қажет. «Севказэнерго» ЖШС ұжымымен кездесу барысында Ә.Құсайыновтың республикалық сайлауалды штабының жетекшісі Рүстем Жоламан да сөз сөйледі. «Біздің кандидат атап өткендей, экономикалық жүйеміздің даму тұғырнамасын қайта қарастырған жағдайда ғана қауіпсіз дамуға қол жеткізе аламыз. Табиғат ресурстарын тиімді әрі жоспарлы пайдалану, қоршаған ортаны ластанудан қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздікке көшу біздің ең басты міндеттерімізге айналуы керек», – деді Р.Жоламан. Бүгін Қазақстан Республикасы Президенттігіне үміткер Н.Ә.Назарбаевтың Республикалық қоғамдық штабының мүшелері Алматы қаласының белсенділерімен, студенттік жастармен, Алматы көпірлік конструкциялар зауыты жұмысшыларымен кездесті, сондай-ақ, Ұлт Лидерінің мыңдаған жақтастарының Форумына қатысты.