Діни ахуал тұрақты
Діни ахуал тұрақты
Өңіріміздегі діни ахуалды жақсарту мен руханиятымыздың өркендеуі жолында атқарылып жатқан жұмыстарды жандандыру, өнегелі үлес қосу әрбір имам-молдалардың мақсаты десек, облысымыздағы діни ахуал тұрақты және жыл санап конфессияаралық қарым-қатынас нығая түсуде. Бұл туралы облыс әкімдігінің жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің кезекті отырысында жан-жақты қаузалды. Облыс әкімдігінің мәжіліс залында өткен отырысқа кеңес мүшелері, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарлары және ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, мүдделі жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, діни бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиынды облыс әкімдігінің дін істер басқармасының басшысы Жангелді Омаров ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібінде екі мәселе қаралды. «Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы» Республикалық ислами діни бірлестігінің облыс аумағындағы филиалдарының ғибадат үйлері (ғимараттары) орналасқан жер телімдерінің заң талаптарына сәйкестендіру жұмыстарының барысы туралы аталмыш діни бірлестіктің облысымыздағы өкіл имамы, орталық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Данияр Жұмабаев баяндама жасады. Ол облыс бойынша мешіт, медресе жағдайы және мешіт имам-молдаларының білім дәрежесі, медресе ұстаздары мен шәкірттері жайлы мәліметтерге тоқталды. – Облысымызға қарасты мешіттерде қызмет атқаратын имамдардың 59-ы зайырлы жоғары, 26-сы діни жоғары, 18-і алыс-жақын шетелдегі белді жоғары діни оқу орындарында, 23-і еліміздегі медреселерде, 81-і Алматыдағы имамдардың білім жетілдіру институтында, ал 96-сы түрлі діни сауат ашу курстарында білім алған. «Һибатулла Тарази» медресесінде имамы жоқ мешіттерге болашақ имамдарды даярлау мақсатында қысқа мерзімді курс ұйымдастырылды. Курсқа қатысушы болашақ 10 имамға Құран, Фиқһ, Ақида, Ислам тарихы секілді дін қызметкеріне ең негізгі қажетті дәрістер жүргізіліп, 2 ақпанда арнайы сертификат табысталды. Алдағы уақытта Муфтиятта сараптамалық сынақтан өтуге жіберіледі. Қазіргі уақытта медресемізде 43 шәкірт білім алуда. І курста – 15 шәкірт, ІІ курста – 12 шәкірт, ІІІ курста 16 шәкірт оқып жатыр. Биыл осы 16 шәкірт медресеміздің алғашқы түлектері болмақ, – деді Данияр Әлмұханбетұлы. Сондай-ақ, оның айтуынша, қазіргі таңда облыс бойынша 118 мешіттің мемлекеттік актісі ҚМДБ-ның атына және әділет басқармасына тіркелсе, 51 мешіт жеке тұлғалардың атына әрі әділет басқармасында тіркеуде тұрғанын білдік. Бұл орайда түйіні тарқатылмаған мәселелер де баршылық екен. Айталық, облысымыздағы 64 мешіттің мемлекеттік актісі мүлде жоқ болса, 45 мешіттің құжаттары белгісіз және әділет органында да тіркелмеген болып шықты. Осы тұрғыдан алғанда тек Шу мен Мойынқұм аудандары тиянақты жұмыстарының жемісін көрсетіп отыр. Бұл екі ауданда орналасқан мешіттердің мемлекеттік актілері толығымен заң талаптарына сәйкес келсе, қалған аудандар мен Тараз қаласында бұл мәселе толық шешімін таппаған. Мәселен, Тараз қаласында – 8, Байзақ ауданында – 4, Жамбыл ауданында – 11, Жуалыда – 6, Қордайда – 15, Меркіде – 2, Т.Рысқұлов ауданында – 8, Сарысуда – 4, Таласта 6 мешіттің мәселесі өз шешімін таппауда. Сондай-ақ, қабылдау актісі ҚМДБ-ның атында әділет органына тіркелген мешіттің саны 71, жеке тұлғалардың атында әділет органында тіркеуден өткен 68 мешіт барлығынан хабардар болдық. Ал 99 мешіттің қабылдау актісі мүлде жоқ болса, 42 мешіттің құжаты белгісіз және әділет органында да тіркелмеген екен. Қабылдау актісі жоқтардың қатарында Тараз қаласы бойынша – 11, Байзақ ауданында – 5, Жамбыл ауданында – 13, Жуалыда – 5, Қордайда – 34, Меркіде – 11, Т.Рысқұлов ауданында – 10, Сарысуда – 1, Таласта 2 мешіт бар екені анықталған. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы аумағында заңдастырылмаған жылжымайтын мүліктерді, нысандарды жария ету науқаны жүріп жатқанын ескерген Данияр Жұмабаев облыс әкімдігі тарапынан облысымыздағы әлі күнге дейін қаржылық жағдайға байланысты тіркелмеген, құжаттары жоқ мешіттерді легализациялау бойынша заңдастыру жұмыстарында қолдау көрсетуді сұранды. Жангелді Омаров баяндамашыдан өңіріміздегі түзеу мекемелеріндегі діни әдебиеттермен қамтамасыз етілу жайын және намазханалардың ресми тіркелуінде туындап отырған мәселелер хақында сұрады. – Жалпы түзету мекемелерімен біз екі жақты келісім-шартқа отырғанбыз. Бізге қарасты бес түзету мекемесі болса, оның төртеуі – Тараз қаласында, біреуі Көктал ауылында. Біз көбіне қаладағы төрт мекемемен тығыз жұмыс жасаудамыз. Олардың әрқайсысына екі имамнан бекітілген. Олар онда арнайы бағдарлама арқылы белгіленген уақытта болып, дәрістер оқып отырады. Имамдар барған сайын Дін істері агенттігінің сараптамасынан, ҚМДБ-ның тексерісінен өткен әдебиеттерді өздерімен бірге алып кіреді. Бірақ, ол жақтың өз талаптары бойынша ол әдебиеттерді онда қалдырмай алып кетіп отырады. Осыдан біраз уақыт өздерінің сұраныстары бойынша діни әдебиеттерді үлестірген болатынбыз, – деді өз жауабында Д. Жұмабаев. Ал намазханалардың тіркелуі мәселесін ол басқармамен бірлесе отырып шешсек деген ниетін білдірді. Сондай-ақ, Д.Жұмабаев намазханаларды алдағы уақытта тек намаз оқитын орын ретінде ғана қалдырып, онда ешқандай дәрістерді жүргізбеу, діни шараларды атқармау керек деген ойын білдірді. Бұл ғана емес, жиын барысында Сарысу ауданындағы діни мамандардың тапшылығы, Қордай ауданындағы жиырма бір мың тұрғыны бар бір ғана Сортөбе ауылдық округінде 14 мешіттің тізіліп тұрғандығы туралы да жан-жақты ойлар ортаға салынды. Жангелді Жайлауұлы бұл мәселелерді шешуде жергілікті қала, аудан басшылықтары да атсалысу керектігін тиянақтады. Сондай-ақ, басқарма басшысы бұл тұрғыда атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесіздігін алға тартып, кейбір аудандарды сынға алды. Бұдан кейін күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша баяндама жасаған облыс әкімдігінің Дін проблемаларын зерттеу орталығының директоры Гүлжахан Мамешова мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асыру мақсатында атқарылған жұмыстар туралы мәселені алға тартты. Соңыра облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің ережесі мен 2015 жылға арналған жұмыс жоспарына өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралып, кеңес мүшелерімен мақұлданды.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.