Пайдалы қазбалардың қоры мол
Пайдалы қазбалардың қоры мол
Қазақстанның әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру тұжырымдамасында алдағы жұмыстың ұзақ мерзімді басымдықтары белгіленген. Солардың арасында геологиялық барлау саласы да бар. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылғы: «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауында: «Қазақстан геологиялық барлау саласы бойынша әлемдік нарыққа шығуы тиіс. Тиісті заңнаманы жеңілдете отырып, бұл салаға шетелдік инжинирингтік компаниялардан инвестиция тартқан жөн» деп ерекше атап көрсетті. Елбасы сондай-ақ, елімізде минералдық шикізат базасын одан әрі дамыту мақсатында жаңа кен орындарын ашу және геологиялық барлау жұмысын жандандыруды тапсырды. Бұл бағытта елімізде, оның ішінде облысымызда елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Облысымызда құзыретті органмен мердігерлер арасында 178 келісім-шарт жасалып, 137 жер қойнауын пайдаланушы жұмыс атқаруда. Оның ішінде 156 келісім-шарт бойынша өндіру жұмыстары және 22 келісім-шарт бойынша геологиялық барлау жұмысы жүргізілуде.
Қазақстанда Менделеев кестесіндегі элементтердің барлығы бар. Облысымыздың аумағы да пайдалы қазба байлықтарға бай. Еліміздегі фосфор қорының 72 пайызы аймағымыздың аумағында орналасқан. Сондай-ақ, алтын, күміс, мыс, темір, уран және бариттің орасан қоры барланған. Құм, әктас, жалпақтас, шағал, гранит, мәрмәр және гипс сияқты пайдалы қазба байлықтар облыс, елімізбен қатар шет мемлекеттерде де үлкен сұранысқа ие. Кейінгі кезде жер қойнауын игеруге ниет білдіруші әлеуетті мекемелер мен жеке кәсіпкерлер көбейіп келеді. Олар құзырлы орган өткізетін жер қойнауын пайдалану конкурстарына қатысып, ұтып алғандар келісім-шартқа ие болуда. Сөйтіп олар жер қойнауын игеруге белсене кірісуде. Өткен жылы пайдалы қазбаларды игеру үшін осындай келісім-шарттарға «КазГипс» ЖШС, «Сұңқар – 2020» ЖШС, «Бақыт» жеке кәсіпкерлігі, «Буларов» жеке кәсіпкерлігі, «Тау-кен Самрұқ» АҚ, «Байелі» шаруа қожалығы, «ДДА» ЖШС, «Шоқпар-Гагарин» ЖШС, «Қаратау Цемент» ЖШС, «Шамахсутов» жеке кәсіпкерлігі, «Мухамедия» ЖШС, «Stone Tecnology» және «Асылбек» кәсіпорны ие болды. Жамбыл аумақтық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясы Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңына және Жер қойнауын пайдалану жөніндегі басқа да нормативтік актілерге сәйкес келісім-шарт алушылардың ондағы талаптарды орындау барысын бақылау және қадағалаумен шұғылданады. Барлау жұмысын үздіксіз жүргізу нәтижесінде облыс аумағында пайдалы қазбалардың мол қоры табылуда. Кейінгі кезде алтын, фосфор, мыс, молибден, әктас, мәрмәр және гранит көптеп өндіріліп, олар өндірушілерге айтарлықтай табыс әкелуде. Келісім-шарт алушыларға қатаң талап қойылады. Олар әуелі өздеріне берілген жерде 3 жыл ішінде барлау жүргізуі тиіс. Содан кейін ғана оларға осында 25 жыл кен өндіруге рұқсат беріледі. Жер қойнауын игеруші әуелі өндіру жобасын жасау керек. Екіншіден, жер қойнауын пайдалануға құзыретті органмен келісім-шарт жасауы тиіс. Үшіншіден, жер мәселесін заңдастыру қажет. Сондай-ақ, келісім-шартта оның кен көзін игеру үшін құятын қаржы көлемі, жергілікті бюджетке аударатын салықты төлеу мөлшері, тіпті сатып алатын техникасы мен өндіретін өнімінің көлеміне дейін айқын көрсетілуі тиіс. Өкінішке қарай, қазба байлық өндіруге жүрдім-бардым қарайтындар да бар. Олардың арасында белгіленген талапты орындамайтындар да кездеседі. Біздің инспекция қызметкерлері ондайларға әуелі ескерту жасап, айыппұл салады. Одан тиісті нәтиже шығармаса, құзырлы органдарға жер қойнауын пайдаланушының келісім-шартын кері қайтарып алу туралы ұсыныс түсіреді. Өткен жылы облыс әкімдігінің №8 қаулысымен тиісті талаптарды орындамаған «Мерке–Аглопарит» ЖШС, «Аяда GROUP» ЖШС, «Ареал» ЖШС, «Қордай мәрмәр» ЖШС және «Аль-Басар» ЖШС-ның келісім-шарттары қайтарып алынды. Бүгінде облысымыздың аумағында жаңа кен орындарын игеру мақсатында 8 жерде геологиялық барлау жүргізілуде. «Южспец геология» ЖШС Мойынқұм ауданында алтынға, «Көрпесай» ЖШС алтын, күміске, «TENIR LOGISTIC» ЖШС титан, магнитке, «Мирошниченко» жеке кәсіпорны гранитке, Талас ауданында «AST Minerals Group» әктасқа, Қордай ауданында «Қопалы» ЖШС алтын, күміс және мысқа, Жамбыл ауданында «Ланос – 2001» ЖШС құм-шағал қоспасына және Жамбыл, Жуалы аудандарында «Бақыт» жеке кәсіпорны гипске геологиялық бақылау жүргізуде. Біздің мекеме қызметкерлердің ұсынысымен құзырлы орган, яғни облыс әкімдігінің қаулысымен осыған дейін жүзден астам келісім-шарт оның иелерінен қайтарылып алынды. 2014 жылы жоспарлы тексеру нәтижесінде заң талаптарын бұзу анықталып, лауазымды және заңды тұлғаларға 24 әкімшілік құқық бұзушылық іс қозғалды. Оның ішінде 12 заңдық тұлғаға 2592800 теңгеге, 12 жеке тұлғаға 703760 теңге айыппұл салынды. Құқық қорғау органдары арқылы оның 89 пайызы өндірілді. Облысымызда 2000 жылдардың басында геолог мамандар тапшылығы өткір сезілген болатын. Кейінгі кезде бұл проблема еңсеріліп келеді. Қазір бізге Алматыдағы Қазақ ұлттық техникалық университетін, Қарағанды, Семей және Тараздағы арнайы оқу орнын бітірген мамандар жұмысқа орналасуда. Геолог мамандарын оқыту және жұмысқа орналасуға жер қойнауын игерушілердің өздері мүдделі болуда. Аймақта өз кәсібін жетік меңгерген, білікті мамандар да аз емес. Солардың қатарында «Казфосфат» ЖШС «Қаратау» кен өңдеу комбинатының бас геологы Мұрат Макаев, «Казфосфат» ЖШС «Қаратау» кен байыту комбинаты «Көксу» кенішінің бас геологы Асқар Ахметбеков, «ЕуроХим-Тыңайтқыш» ЖШС-ның бас геологы Қалдан Қойшыбаев, «Шығыс кен басқармасы» ЖШС-ның бас геологы Владимир Гришин және «Алтыналмас» АҚ-ның бас геологының орынбасары Серік Көбеевтің есімдерін ерекше атап өткен жөн. Білікті мамандар облысымыздағы барлау және өндіру үдерістеріне өздерінің сүбелі үлестерін қосып келеді. Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып, аймақтағы осы саладағы барлық әріптестерімді кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларына амандық, зор денсаулық, істеріне табыс пен игілік тілеймін.
Асқар Құндызбаев, Жамбыл аймақтық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясының басшысы.
Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.