Мәдениет

Ширек ғасыр бұрын жарияланған «Боздақтар» күйі

Ширек ғасыр бұрын жарияланған «Боздақтар» күйі

немесе өңіріміздегі дәулескер күйшілер мен сазгерлер туралы деректер не дейді?

«Ел іші – өнер кеніші» дейміз. Өлкемізден шыққан өнер майталмандарының көбінің атын білгенімізбен, өмір тарихынан, шығармашылық жолынан бейхабар екендігіміз рас. Сондықтан болар, «Ақ жол» газетінің биылғы 27 қаңтардағы санында «Бүкпесіз әңгіме» айдарымен берілген атақты «Ерке сылқым» күйінің туындыгері, дәулескер күйші-сазгер Әбдімомын Желдібаев туралы сұхбат көп жайға қандырып, жақсы әсер сыйлады. Бұл ретте сұхбат авторының киелі күйшілік өнерін жақсы білетіндігін, мұны қайбір жылы, шертпе күйдің шеберлері жайлы тамаша әңгімелерімен танылған көрнекті жазушы Тәкен Әлімқұлов туралы мазмұнды мақаласынан байқағанымызды айта кету ләзім.

Біздің өлкемізде шертпе күйдің шеберлері бұрындары аз болмаған, қазірде де бар. Сұхбатта солардың бірі – Боранқұл Қошмағанбетовтің шығарған жаңа күйі облыстық газетте қалай жарық көргені жайлы да айтылады. Сол жылдары редакцияның мәдениет бөліміндегі ақын Жақсылық Сәтібеков ағамыз бен ол кез жаңа таныла бастаған жас жазушы – сұхбат авторының елден келген табиғи дарыны барлардың талайының туындыларына газет бетінен «жасыл көше» ашқаны бүгінде басылым ардагері санатындағы біздің де есімізде. Осыларды білгендіктен Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналып дайындалып жатқан жинаққа енгізбек ниетпен Қошмағанбетовтің күйі жарияланған газет санын мұрағаттан іздедік. Таптық та. «Ақ жолдың» 1990 жылғы 9 мамырдағы Ұлы Жеңістің 45 жылдығына арналған санында нотасымен жарияланыпты. Әрине, күй авторының арнау сөзімен. Келтіре кетелік: «Құлын тайдай тебісіп бірге өскен Икімбек Сәрсенов, Төре Досатов, Базарбай Ондыбаев, Жақсыбай Сейітбеков сынды достарыма туған жерінің бір уыс топырағы да бұйырмады. Олар Фин соғысы, Ұлы Отан соғысы кезінде жат жерде жау қолынан қаза тапты. Қазір сол достарымның асыл бейнелері көз алдымда күні кешегідей елестесе, жарқын үндері санамда жаңғырып қайталанады. Ал мұндай ел басына күн туған шақта менің осынау асыл достарымнан басқа халқымыздың қаншама ер-азаматы қыршынынан қиылды десеңізші. Мен «Боздақтар» атты күйімді солардың рухына бағыштадым». Таныстыру сөзінің өзінен-ақ үлкен толғаныс, тебіреніспен жазылғаны аңғарылып тұрған күйге сұхбат авторының сазгердің сұрауына орай табан астында «Боздақтар» деген мазмұнымен шебер үйлескен атты тауып қойғаны тәнті етерлік. Ал осы жайға куә болған Жақсылық Сәтібеков ағамыз 1992 жылдан от ортасынан оралмағандарға арнап кітап шығару ісімен айналысты. Ол кітап облыс әкімдігінің қолдауымен Ұлы Жеңістің жарты ғасырлық тойы қарсаңында «Боздақтар» деген атпен жеті том болып шықты. Сол жолы облыстық газетке өз туындысын әкелген кезде күйші, домбырашы, сазгер Боранқұл Қошмағанбетовтің жасы жетпіске жетіп қалған еді. 1922 жылы Қарағанды облысының Жаңарқа ауданында, Қулы, Мұңды аталатын тауларымен әйгілі өңірде дүниеге келген ол отызыншы жылдардағы алапат аштық жылдары отбасымен Сарысу, Талас бойына қоныс аударған. Ұзақ жыл ұстаздық еткен. «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озаты» атағын алған. Арқа мен Қаратаудың шертпе күйлерін насихаттаушы болған. Сексен бес жыл жасаған ерекше дарын иесінің шығарған күйлері Елбасының тапсырмасымен жарық көрген «Қазақтың 1000 күйі» антологиясына енген. Ширек ғасыр бұрын тұсауы кесіліп, ел игілігіне айналған күйдің газетте жариялану тарихы туралы осы шағын мақаламызды жазу үстінде халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың бертінірек, Ұлы Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында шыққан, небір танылып үлгірмеген талантты жалмаған соғыс шындығын баяндаған кітабы да «Боздақтар» аталатыны еске оралды. Бұл кітабында жазушы жамбылдық қаруластарының бірі – капитан Тұраш Әбуовтың майданда ақындық, әншілік, күйшілік өнерімен танылғанын, бірге шайқасқан Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың ерлігіне арнап «Мәншүк» атты күй шығарғанын әсерлі суреттеген еді. Қазақстанда жасақталған 100-атқыштар бригадасының 412-ші полкінің саяси жетекшісі болған Тұраш Әбуовтың өзі жазған «Майдандағы той» деген деректі әңгімесін таптық. Онда аты айтып тұрғандай, шабуыл алдындағы тыныс сәтінде командирлерінің рұқсатымен өзі сияқты ақын, сазгер, домбырашы, майданда туған «100-бригада жыры» әнінің авторы Смағұл Көшекбаев екеуінің өнерпаз қазақ жауынгерлерінің басын қосып қаруластары алдында үлкен концерт бергендері, соңынан көкпар тартылғаны қызықты әңгімеленеді. Сол концертте Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнін орындаған Тұраш Әбуов Жамбыл ауданына қарасты Қыршынды деген Таразға тиіп тұрған жерде дүниеге келген. Майданнан оралған соң Жамбыл қаласында қызмет істеп, ара-тұра мақалаларын, өлеңдерін облыстық газетте жариялап тұрған. Бір топ өлеңі республикалық баспадан шыққан «Еңбек күйі» жинағына кірген. «Солдат күнделігі» деген көлемді дастаны болған, бірақ, жарияланғаны туралы еш дерек жоқ. Өлке тарихына, атақты адамдарына қатысты қызықты деректерді жинап жүргендердің бірі ретінде айтарымыз – есімдері алдыңғы аға ұрпаққа мәлім, бірақ кейінгілерге беймәлім, шығармалары өшпей, жоғалмай орындалып келе жатқан күйші-сазгерлер табылады. Кейбірі туралы аңыз-әңгімелердің өзі зерттеушісін, жазушысы табылса үлкен ғылыми еңбекке, көркем шығармаға арқау боларлық. Айталық, мына Тұрар Рысқұлов ауданының Жарлысу ауылында Тәттімбет Саршаұлы деген күйші өткен. Өзіміз өмір жолын зерттеген, кітабын шығарған Өзібек Ақжолұлы ақынмен тағдырлас. Ашаршылық жылы бақилық болып кеткен. Қобыз тартқан. Құлан өңірінен шыққан атақты Есім биге еріп қырғыз Шәбден манаптың асына барып өнерімен танылған. Бұл 1912 жылдың қазан айында болса керек. Арада ондаған жылдар өткенде күйшінің даңқын естіген академик Ахмет Жұбанов 1936 жылы, Мәскеуде қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі өтер қарсаңда Жарлысуға келіп, Тәттімбет жайлы сұрастырған, қайтыс болғанын естіп, өкініп кеткен деген әңгіме ел арасында айтылып келеді. Ең танымал күйлері «Былқылдақ», «Сылқылдақ» деседі. Ал мұндай күйлер аттасы, Сарыарқада өткен әйгілі күйші-сазгер, домбырашы Тәттімбет Қазанғапұлында (1918-1962 ж.ж.) бар. Жұмбағы көп жай осы. Зерттеушілер табылса, аңыздың ақиқаты айтылса дейсіз. Қазір әннің сөзі мен әуенін, күйдің сазын жатқа біліп, қабілеті жетсе орындап жүргендер, бірақ, олардың авторлары кім екендігін білмейтіндер, тіпті, біреудің әнін, күйін өзгеге теліп айтатындар да кездеседі емес пе? Мұның орын алу себебін, әрине, дәулескер күйші-сазгерлердің мұралары жеткілікті зерттелмеуінен, насихатталмауынан іздеген жөн сияқты. Демек, соңғы кезде беттерінен тың тыныс, жаңаша леп есетіндігімен оқырмандарының көңілінен шыққан «Ақ жол» газетінің журналистері осы мәселеге де назар аударар, жаңа жоба ойластырар деп сенеміз. Оған есімдері елеусіз қалып келе жатқан, өлкемізде бұрынғы, соңғы өткен әнші-сазгерлер, дәулескер күйшілерді білетін, тіпті олардың шығармаларын өзі сүйіп орындайтын оқырмандар атсалысары кәміл.

Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ, журналист.

Тараз.