Экономика

Түсінік жұмысын жандандыру тапсырылды

Түсінік жұмысын жандандыру тапсырылды

Мүлікті жария ету бойынша атқарылған жұмыстар аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Нарбай Ергебековтің қатысуымен өткен дөңгелек үстел барысында талқыланды. Бүгінгі күні мүлікті (ақшадан басқа) жария ету жөніндегі комиссияға тұрғындардан 110 өтініш келіп түскен. Қабылданған өтініштің 99-ына мүлікті жария ету туралы шешім шығарылған. Меншік иелерінің өтініші негізінде жария етілген мүліктердің құны 536 630,0 мың теңгені құрады. Өтініш бергендердің 66-сы тұрғын үй, 4-еуі кәсіпкерлік нысан, 40-ы қора қопсы. Осы мәліметтерді алға тартқан Нарбай Әбілқасымұлы өткен жылдың төрт айында комиссияға 53 өтініш келіп түскенін, оның ішінде 44 өтінішке мүлікті жария ету туралы шешім шығарылып, 9 өтініш құжаттарын толықтыру үшін кері қайтарылғанын айтты. Ал осы жылдың қаңтар айында қабылданған 31 өтінішке толық шешім шығарылып, жұмыстың жақсы жүргізілгені үгіт-насихат жұмысының нәтижесі деп түсіндірді. Бірақ ақпанда бұл қарқынның күрт төмендегенін айтып, комиссия мүшелеріне түсіндіру жұмысын жандандыруды тапсырды. Комиссия хатшысы Нұрлан Әбдібеков өз кезегінде мүлікті жария ету бойынша бүгінге дейін аудандық газет бетінде 5 мақала жарияланып, ауылдық округ әкімдеріне ақпараттық хабарламалар таратылғанын айтты. Сондай-ақ аудан орталығында екі жерге, бірі орталық алаңға, екіншісі теміржол өткелінің жанына және бес ауылға «Мүлкіңді жария ет!» деген тақырыпта банерлер мен стенділер ілінгенін, барлық ауылдық округте тұрғындармен кездесулер өткізгенін жеткізді. Сонымен бірге округтер бойынша мәліметтер де беріп өтті. Мәселен, округтердің ішінде, атап айтқанда Бауыржан Момышұлы ауылынан – 45, Мыңбұлақ ауылдық округінен – 10, Қарасаз ауылдық округінен 8 өтініш түскен. Қалған округтерден түскен өтініш саны бес, үш, екіден аспайды. .

Марат ҚҰЛИБАЕВ.

Жуалы ауданы.