Жаңалықтар

Сауытбек сал

Сауытбек сал

13Әлдихан Қалдыбаев, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Сауытбек Ұсаұлының туғанына 140 жыл толғанда мерзімді баспасөзде бірсыпыра материалдар жариялаған болатынмын. Олардың ішінде Саукең туралы зерттеу мақалам да бар еді, соны қайта қарап, толықтырып жариялауды жөн көріп отырмын. 122005 жылы Алматыдағы «Аруна» баспасынан жарық көрген «Қазақ әдебиеті» атты энциклопедиялық анықтамалықта Саукең туралы мынандай мәлімет берілген: «Сауытбек Ұсаұлы (1870, Жамбыл облысы, Шу ауданы, Қосқұдық мекені – 1932 сонда) ақын, «Ашаның алты салы» халық өнерпаздарының бірі ретінде мәлім болған. «Ақбөпе – Сауытбек» дастаны ел аузында сақталған. «Сақпанбайға», «Садыр биге», «Нәметқұлға» деген арнау өлеңдері белгілі. Мырзабай, Балқыбек ақындармен, Майса қызбен, інісі Сыбанбекпен айтыстары бар. Белгілі зерттеуші А.В.Затаевич Сауытбектен өз әндерін және бірқатар халық әндерін жазып алған». Энциклопедия – ғылымның белгілі бір саласынан немесе барлық саласынан мәлімет беретін ғылыми анықтама кітап. Мәлімет қысқа да нұсқа, анық та айқын болуы керек. Ал мына Саукең туралы жазылған мәлімет қосымшаны қажет етеді. Мұны жазған адамның Саукеңді қомсынатыны көрініп тұр. Біздіңше, Сауытбек Ұсаұлы – айтыс өнерінің өрен жүйрігі. Дастан «Ақбөпе - Сауытбек» емес, Сауытбектің «Ақбөпе» дастаны деп аталады. Белгілі ғалымдар Біржан сал мен Сара Тастанбекқызының, Мұсабек (молда Мұса) Байзақұлы мен Манат Бекбергенқызының айтыстарымен деңгейлес деп санайтын Сауытбек сал Ұсаұлы мен Ақбөпе Өтелбайқызының айтысының ауызға алынбауын қалай түсінуге болады? Саукеңнің сол кездегі ел ағалары Тұрар Рысқұлов пен Сәкен Сейфуллинге жан күйзелісін айтып жазған күңіренген өлеңдері, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев әуелетіп шырқаған «Ақбөпе» әні неге аталмай қалған? Жамбыл жарықтық «қайран Саукеңнің «Ақбөпесі» деп ыңылдап айтып отырады екен. Ән мен жырдың кені Кенен атамыз Сауытбектің әндерін жақсы біліп, орындаған. Біз білеміз, Саукеңнің «Ақбөпесіне» көз алартушылар көптен бері бар. Кезінде олар «Ақбөпе» Сауытбектікі емес, Иса Байзақовтыкі» деп те даурыққан. Алайда, Саукеңнің де, Ақбөпенің де өмірде болғаны, өмірден өткендеріне көп болмағаны дәлел болып, өрге баспайтын әңгіме тоқтаған. Ал «Ақбөпені» дүлдүл ақын Иса Байзақов «Саукеңнің әні» деп орындаған, өзінің «Ақбөпе» поэмасын Сауытбектің «Ақбөпе» дастанының әсерімен жазылғанын айтқан. Сөйте тұра «Ақбөпені» Саукеңе қиғысы келмегендер киямпұрыс әрекетін калай да бір көрсетіп қалумен келеді. Айталық, ана бір жылы Сарбас Ақтаев құрастырған, ішінде Саукеңнің «Ақбөпесі» бар «Қазақ әндері» жарық көрді. Жинақта Саукеңнің сүйгенінен айырылып, бірде егіліп жылап, бірде «ит болып ұлып» айтатын ұзақ әнінің бір-ақ шумағы беріліпті. Тіпті, 1968 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Қазақ әндерінің» үш томдығында «Ақбөпе» авторы белгісіз, халық әндеріне қосылып кеткен. Жалақорлар қанша жармасқанымен, Сауытбектің төл туындылары өзінікі болып қала беретіні ешқандай күмән туғызбайды. Оның бір дәлелі – ешқандай іздеушісі де, сұраушысы да жоқ Сауытбек Ұсаұлының біз атап отырған «Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық анықтамалығына енуі. Бұл – анау-мынау емес, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының кітап сериялары бойынша шығып отырған кұнды еңбек. Тағы бір қуана айтарымыз: «Ақбөпе» Президенттің өзі алғысөзін жазып, тікелей қамқорлығымен шыққан «Қазақтың дәстүрлі 1000 әні» үнтаспа жинағында Жамал Омарова мен Аяз Бетбаевтың орындауларында жарияланды. Шынайы өнер туындысының, өміршеңдігіне бұдан асқан мысалды қайдан іздеп таппақсың? «Ақбөпе», «Сұлукеш» әндерін жазып алып, «Қазақтың 1000 әні» жинағына қосқан А.В.Затаевичтен бастау алған Сауытбек Ұсаұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеушілердің үлкен шоғыры қалыптасқан. Сауытбектанушылар көшбасында марқұм, зиялы азамат Уәш Асатовтың болғанын ризалық сезіммен атап өткен ләзім. Саукеңнің өмірі көркем шығармаларға да арқау бола бастады. Халық ақыны Белгібай Бектұрғанұлы «Ақбөпе мен Сауытбек» жыр-баянын, Әбді Шынбатыров «Сауытбек» атты пьеса жазды. Өмірімнің ең қажырлы кезеңі редакция столына таңылып өткен мен де бұл күнде Саукең тақырыбына бет бұрып отырмын. «Сауытбек пен Ақбөпе» атты сазды драма жаздым. Ол облыстық «Ақ жол» газетінде жарияланды. Басты сауытбектанушы Уәш Асатовтың жазуы бойынша, «Сауытбек Ұсаұлы 1870 жылы Әулиеата уезінің Аша болысында (қазіргі Жамбыл облысының Шу ауданында өзінің атындағы ауыл тұрған жерде) кедей шаруаның отбасында туған. Руы – күнту, оның ішінде мәмбет. Алты ағайынды болған. Үшеуі – Сауытбек, Тәтелбек, Сыбанбек өнер жолын қуған. Сауытбек пен Сыбанбек – ақын, Тәтелбек – күйші. Кенжелері Сыбанбек бес жасқа келгенде әке-шешелері өліп, алты ағайынды кедей жігіттер өмірдің небір қыспағын көреді». Сауытбек шығармашылығы жайлы сөз бастамас бұрын оның туған жылы туралы әртүрлі пікір бар екенін айтып, шындығы қайсысы екеніне көз жеткізіп көрген жөн болар. Қазақ совет энциклопедиясының 10-томында Сауытбек Ұсалы туралы біраз деректер беріліп, туған жылы 1870 деп көрсетілген. Жоғарыда біз «Қазақ әдебиеті» энциклопедиялық анықтамасында да осы жыл көрсетілгенін жаздық. Белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков: «Айтыс (Сауытбектің інісімен айтысын айтады – Ә.Қ.) 1895 жылы басталады (екеуі екі жылдан кейін қайта айтысқан – Ә.Қ.). Сауытбек жиырма жетіде, Сарыбай бидің асында қақ жарып ән салып, аты елдің аузында жүрген кезі. Сыбанбек он жетіде екен», деп жазады. Егер Сауытбек інісімен алғаш 1895 жылы, екінші рет 1897 жылы айтысса, әрі ол кезде 27-де болса, шынында да 1870 жылы туған болады. Шымкенттік ғалым Әсілхан Оспанұлы: «Бүгінгі Түлкібас төңірегінде туып, бұрынғы Шымкент, Әулиеата уездерінің талай жерін шарлаған Бекең (халық ақыны Белгібай Бектұрғанұлын айтып отыр – Ә.Қ.) 1924 жылы аяулы Ақбөпесінен арманда айырылған әнші-ақын Сауытбек Ұсаұлының Шудағы ауылында жаздай, күздей жатып, қайғылы ғашықтық хикаясына құлақ құрышын әбден қандырып қайтқан-ды. Күллі күнгей Қазақстанға танымал, 1885-1934 жылдар арасында өмір сүрген Сауытбек Ұсаұлы мен 1889-1908 жылдары жасап, кер заманның кесірінен небәрі он тоғыз жасында қара жер қойнына кірген Ақбөпе Өтелбайқызының қасіретті тағдыры Бекеңнің өмір бойы азалап айтып өткен әніне айналды», деп жазады. Неге екенін қайдам, ісіне мығым, білімді ғалым оңбай шатасқан. Олай дейтініміз, осындағы бір де бір цифр дұрыс емес. Ә.Оспанұлына сенсек, Саукең 49 жыл өмір сүреді. Сөйтіп, Сауытбек пен Ақбөпенің жас айырмашылығы 4 жас болып шығады, шындығы олай емес. Өйткені, Ақбөпемен айтысқанда Саукең 24-те, ал Ақбөпе 17-де. Олай дейтініміз, Саукеңнің айтыста былай дегені бар: «Он жеті, он сегізге жаңа келдің, Сен емес жасың кексе тарих көрген». «Ақбөпе» дастанында Саукең мен Ақбөпенің жас айырмашылығы екі жерде айтылған. Дастанның кіріспесінде, казіргі тілмен айтқанда, преамбуласында: «Баладан малды артық бағалаған, Қайтерсің бұл қазақтың салтын, Бөпе? Үш жыл жүрдім соңында үміт етіп, Таппадым еш нәрсенің шартын, Бөпе!» – десе, төкпе жыр түрінде айтылатын негізгі бөлігінде: «Малға сатты зарлатып, Үстіне беріп әйелдің. Жиырма жеті жасында, Сауытбектің қиылды кедейліктен желкесі», – деген. Бұл келтіріліп отырған үзінділер Саукеңнің Ақбөпемен айтысып, серт байласуы мен дастанның жырлануы арасында үш жыл өткенін көрсетеді. Ендеше, айтыс зерттеушілері анығына жете алмай, айта беретініндей, 1895 жылы емес, 1894 жылы өткен. Жуырда мен «Ар-Ай» газетінде айтыс 1897 жылы өтті деп жазып едім, зерттей келе қателескеніме көзім жетіп отыр. Сауытбектанушылар «Ақбөпені» дастан дейді. Бұл да дұрыс емес. Саукең, әлбетте, әдебиет теориясын білмеген, ұзақ өлеңін дастан деген. Ал дастан – эпикалық жанр, сюжетті ұзақ жыр, қисса. Саукең ұзақ жырларын сюжеті бар-жоғына карамай дастан деп атаған. Мысалы, ол «Тұрармен амандасу» деген өлеңін былай бастайды: «Оу, отырған көп туысқан Қызмет етіп берейін, Сауытбектің тыңда дастанын. Төрт Дулаттың баласы Қосылып қапты бастарың». Бұл дастан емес, сюжетсіз ұзақ жыр, «Ақбөпе» де сондай. Дегенмен, осы уақытқа дейін дастан деп танылып жүрген «Акбөпені» дастан деп сөйлеу анау айтқан ағаттық бола қоймас дейміз. Жалпы, Саукеңнің өмірі мен шығармаларының хронологиясына әркім бір ойына келгенін істеген. Мәселен, Белгібай Бектұрғанұлының «Ақбөпе мен Сауытбек» жыр-баянына жазылған алғысөзде былай делінген: «Екі жас бір-біріне ғашық болып, қосыла алмай, жоқшылықтың азабын көп көреді. Оқиға 1888 жылдары (бұл шындыққа мүлде жанаспайды – Ә.Қ.) Жамбыл облысы, Шу ауданында болған. Белгібай Бектұрғанов бұл оқиғаны 1925 жылы арнайы іздеп барып, Сауытбектің өз аузынан жазып алған. Сол кезде Сауытбек 56 жас шамасында екен». Кейбіреулер атау сөзге, алдында тұрған көп екенін білдіретін сан есімді елемей, көптік жалғауын жалғап жазады. Осыны ескерсек, «1925 жылдары» – 1925 жылы, тиісінше Саукеңнің туған жылы 1869 болады. Бір ғажабы Бекең келтірген өмірбаяндағы «5» цифры 7-ге өзгертілген. Бекеңнің жазғанын сөзбе-сөз келтірейік: «1927 жылы («7» басқа цифрдың үстіне бастырылып жазылған – Ә.Қ.) Сауытбектің үйінде 6 ай болған едім. Саукең біздің үйге де келіп қайтқан болатын, өлеңін жазып алған едім». Мұндағы 1927 жыл рас болса, Саукең 1871 жылы туған болып шығады. Ғалым Сейсекүл Исматова: «Қоғамдық пікірде Сауытбектің туған жылы 1870 жыл деп қалыптасқан. 1990 жылы Сауытбек Ұсаұлының туғанына 120 жыл толды деп танып, ел есінде қаларлықтай мәдени және тарихи шаралар атқарылды, Үкіметтің ономастикалық комиссиясы шешім қабылдап, ақын есімі туған ауылына, мектепке, Шу қаласындағы Мәдениет үйіне (дұрысы кинотеатр – Ә.Қ.) берілді. Мұндай алшақтық жағдайында басымдық ресмиленген пікірге берілуі абзал. Өйткені, біз кұқықтық мемлекет нормаларын ұстануға тиіспіз. Осы тұрғыдан келгенде С.Ұсаұлының өмір сүрген уақытын 1870-1934 жылдар деген тоқтамды қабылдауды жөн санаймыз» деп жазады. Сонымен Мырзатай Жолдасбековтің жоғарыдағы бұлтартпас пікірі мен Сейсекүл Исматованың мына мәмілегерлігі Саукеңнің туған жылын 1870 деп білуге толық негіз болады. Ал Саукеңді 1934 жылы өлді деу бекер сөз. Сауытбек Ұсаұлы енген энциклопедияның бәрінде оның 1932 жылы өлгендігі жазылған. Бұл жерде біз Сейсекүлдің өзі жазып, иландырып отырған қоғамдық пікірден ауытқып, Белгібай Бектұрғанұлының «Сауытбек 1934 жылы Жуалы ауданы, «Майтөбе» совхозында қартайып қаза тапты» деген күмәнді пікірінің жетегінде кеткеніне өкініш білдіреміз. Өйткені, Бекеңнің бұл айтқанынан – «сонда ақын Шудан алыстағы Жуалыда не істеп жүрген?» деген сұрақ туындайды. Біздіңше, Саукең 1932 жылы қайтыс болған. Марқұм шулық журналист Бақытжан Текебаев «Ақ жолда» жарияланған «Қойыпты «Алты бек» деп атымызды» атты мақаласында Шу бойының ақын- салдарының шығармашылығына жетік Мұрат молданың айтуынша, Саукеңнің Сәкен Сейфуллинге хаты 1931 жылы жазылған, дейді. Ал Уәш Асатов «Сауытбектің «Сәкен Сейфуллинге» деген өлеңі 1931 жылы сәуір айында жазылған» деп бұл пікірді растай түседі. Хатты Саукеңнің Балым деген әпкесінен туған жиені Смайыл Қалипанов Сәкенге апарып берген. Хаттың жазылу себебі – 1929-1931 жылдардағы Голощекиннің «Кіші қазан» киянатына азын-аулақ мал біткен алты ағайынды Сауытбек те ұшырайды. Саукең осы әуре-сарсаңға түскен күйін айтып, Қазақстан Орталық Атқару Комитетінің төрағасы Сәкен Сейфуллинге шағынады. Мұрат молда: «Смайыл С.Сейфуллиннің қабылдауында болып қайтқаннан кейін екі-үш ай аралығында Сауытбекті қудалау тоқтатылғанымен, келер жылы ашаршылық қыспағынан Қырғызстанға жаяу ауып бара жатқан көпшіліктің ішіндегі Сауытбек Ұсаұлы Тоқташ деген жерде көз жұмады», дейді. Мұны жуырда жолығып, әңгімелескенімізде келіні, жасы тоқсаннан асқан Шәмшия апай да растады. Бұл тарихи шындыққа келеді. Сол нәубет жылдары Шу тұрмақ, Арқа қазақтарының да көрші республикаларға ауғаны анық, жолда сүйегі шашылып қалғаны аян. Саукеңнің Сәкенге хатында мынандай жолдар бар: Бір Құдайға бар шығар, Айып-қате, мініміз. Алпыс бірге келгенде Ел ішінде қуғын жеп, Осылай болды күніміз. Қызық, бұл өлеңге ешкім назар аудармаған ба, немене? Мұнда бәрі анық қой, Саукең 1931 жылы 61 жаста, ендеше туған жылы – 1870, 1932 жылы 62 жасында өлген. Осымен Сауытбек Ұсаұлының туған және өлген жылдары жөніндегі ойлы-қырлы әңгімелерге нүкте қойсақ болады. Сауытбектің арғы аталары ақын әрі діни сауатты адамдар болған. Бұған дәлел Саукеңмен айтысқан інісі Сыбанбек: «Түсінде үлкен атам алған өлең, Өнерім одан бері сенен көрген» дейді. Сондай-ақ, Сауытбекпен айтысқан ақын Майса қыздың «Атаңыз – дін иесі, мықты дейді» дейтіні бар. Бұл мысалдар Сауытбектің текті атадан шыққанын көрсетсе керек. Саукеңнің аталастары, яғни, Мәмбеттер аз, жиырмаға жетер-жетпес түтін болған. Мәмбет балалары шетінен өнерлі екен. Бұл жөнінде Саукеңнің: «Бір атадан он жеті үй, Естілсе егер жиын-той, Домбыра ала шабамыз, Өлең, сауық, тамаша Ән менен күй, қызыққа, Басынан құмар бабамыз» – дегені дәлел. Сауытбектің ақындық жолының басталуы жөнінде әртүрлі пікір айтылады. Біреулер: «Сауытбектің ақындығы өзінің кенже інісі Сыбанбекпен айтысынан басталады» десе, Майса қызбен айтысын алға шығаратындар да бар. Шынына келсек, Саукеңнің бойындағы ақындық қабілет ерте танылған. Жас кезінің өзінде-ақ, өткір өлеңдерімен ел аузына ілігеді. Саукең Майсамен інісі Сыбанбекпен алғашқы айтысынан бес жыл бұрын, яғни 1890 жылы айтысады. Майса – Сауытбек шығармашылығына жетік деп саналатын Мұрат молда жазғандай, «Суан еліндегі Байта деген байдың қызы» емес, сәмбеттің қызы. Бұл жөнінде өзінің руы сәмбет Уәш ағамыздың айтқаны дұрыс. Ол кісі: «Сауытбектің бұл айтысы Дулат еліндегі (Шуда сәмбеттерді дулат деп біледі. Мәселен, Шуда ертеректе екі Ақтөбе елді мекені болды, бірі - Масақ (Күнту) Ақтөбе, екіншісі – Дулат (Сәмбет) Ақтөбе аталатын. Дулат Ақтөбені өң сәмбеттер мекендейтін – Ә.Қ.) Суан деген байдың қызының ұзатылу тойында болады. Майса – атақты Байта деген байдың қызы. Ол сөзге шешен, суырып салма ақындығымен менменсіп жүрген талай өр кеуде ақынды сөзбен тойтарып, меселін қайтарып отырған. Ол кезде Сауытбек ақынның 20 жастағы кезі екен» деп жазған. Сауытбек пен Майсаның айтысы – халқымыздың қыз бен жігіт айтысының ең бір көркем үлгісіндей. Байдың шолжаң, сонымен бірге, ақылды, ақын қызы Сауытбектің кедейлігін, бір көзінің кемдігін бетіне басып, шайпау сөйлейді. Сонда Саукең қарсыласының бір сөзін де шашау шығармай, ұтқыр да тапқыр жауап қайтарып отырады. Саукеңнің бір көзінің шетінде ағы бар екен. Майса соны кемдік көріп, өлеңге қосады: «Көктемде сиыр қашар оқырадан, Ауылым күнде базар топырлаған. Мақтаншақ ақын деген әңгі келер, Дәрі ме сұлу қызға соқыр адам». Сондағы Саукеңнің жауабы адам таңданарлық: «Тұрмысың бүгін көріп Сауытбекті, Бір көзім бір көзіме ауып кетті. Атақты Байта атаның сұлу қызы Бетімнен қаншық иттей қауып кетті». Саукеңнің «Бір көзім бір көзіме ауып кетті» дегені тапқырлык қана емес, анатомиялық тұрғыдан да дәл. Сауытбек – байлықтан да, барлықтан да өнерді, өлеңді жоғары қойған азамат. «Тәуір кыз жібі түзу тие қоймас, Едім, деп, байдың ұлы алдамасаң», – деп қағытқан Майсаға Сауытбек: «Байдың ұлы едім деп сатылмаймын, Берікпін өз ісіме, шатылмаймын. Өлеңім, өнерімнің бәрі де ашық, Ешкімнен бүгежектеп жасырмаймын», – деп жауап береді. Бұған Майса қыз: Қыз тұрмақ, кемпір тиер бір жерің жоқ, Болмаса бойға біткен бір өлеңің, – деуі Сауытбектің ақындығын жоғары бағалауы. Саукеңнің осы айтысы да, қолда бар Сыбанбекпен және Ақбөпемен айтыстары да оның алқынуды білмейтін айтыс ақыны екенін көрсетеді. «Біздің қолда бар» деп қомсынып отырғанымыз себепсіз емес. Саукең өз заманындағы өлең өнерінің көп өкілімен сөз қағыстырған, айтысқан. Мырзабай, Балқыбек, Бармақ, Өзібек ақындар Саукеңмен талай рет айтыса жүріп, бір-бірлерін өте сыйлаған. Саукең өз інісі Сыбанбекпен алғаш 1895 жылы, одан соң екінші рет 1897 жылы айтысқан. Бұл – қазақ әдебиеті тарихында бұрын кездеспеген айтыс. Олай дейтініміз, ағайынды адамдар ел алдына шығып, бір-бірінің намысына тиетін ауыр сөз айтып, айтысып көрмеген. Алғашқы айтысында інісін аяп, тізгінін тарта сөйлеген Сауытбек жеңіледі. 1897 жылы болған екінші айтыста Сауытбек: Салмақты болар деуші ем қорғасындай, Кісіге өнер бітпес жол ашылмай. Көрерміз әніңменен бір қыз алсаң, Есектің китіңдеген жорғасындай. Басымда ән де, өлең де жеткілікті Мың қыздың көлемі үлкен қорасындай - деп інісін тұйыққа тіреп, жеңеді. Саукеңнің Сабанбекпен 1895 жылғы алғашқы айтысын 1897 жылғы екінші айтысымен шатастыратындар да бар. Олар бірінші айтыс өткенде Саукең 27 жаста еді дегенді айтады. Бұл – жаңсақ пікір. Саукеңнің ащы сөзі тұщы етіне тиген Сыбанбек сол жылы көкірек еліндегі Күртібай дегеннің қызын алып қашып әкеліп, Сәукеңе былайша салмақ салады: Санап бер, келін келді, береріңді, Аяма қоқиланған беделіңді. «Әйел ал» деп мазамды кетіріп ең, Істедім үлкен ғой деп дегеніңді. Жырлап берсең, көкірек риза болар, Мың қойдың қорасындай өлеңіңді. Мұны естіген бір ағамыз «Өз сөзін өзіне табақ қып тартып, ағасын тағы да жеңіп кетеді» деген ой түйеді. Бұл айтыста айтылған сөз емес, кәдімгі «аға – бордан, іні – зордан» дегенді білдіретін інінің ағаға салған салмағы. Саукең ағалығын адал атқарады. Бүкіл күнтуды жиып, келінінің калыңмалын жинап, төлейді. «Сауытбек пен Ақбөпенің айтысын» қазақ айтыс өнерінің маржаны десе де болады. Кенесары Қасымовтың жасағында болған қыпшақтар отыз үй болып, Шу бойына тұрақтап қалған. Ақбөпе солардың ішінде Өтелбай деген адамның қызы. Жастығына қарамай, өзімен айтысқан талай ақынды жеңген Ақбөпе бірден суырыла сөйлейді: Бабамыз Арқада өскен тау басында, Аз ғана қыпшақ кепті Шу қасына. Отыз үй қыпшақ болып шамасында, Отырмыз көп дулаттың ортасында. Салмағым аз да болса, жеңіл емес, Салса да таразының бір басына. Сауытбек ақын жігіт бар деуші еді, Бұл сөзді терең ойлап болжасын да. Бар болса бізге неге көріспейді, Далада сырттап жүрмей кел қасыма. Сауытбек сөзін қызды сыйлап, әдепті бастайды: Ақбөпе, көңілің шат, денің сау ма? Сайраған бұлбұл құссың сен бір бауда. Өлеңмен Сауытбекті шақырған соң. Жеткендей болды төбем асқар тауға. Ақ тұйғын қанатымен қағып өтті, Тор жайсам түсер ме екен жібек ауға. Созғанмен қолым қысқа, жете алмайды-ау, Шың тасқа ұясы бар биік – зауда. Сейсекүл Исматова «Зауда – пайғамбарлар ғана шығатын биіктік. «Биік зауда ұясы бар шың тасқа жете алмайды-ау» деген орам сөздің өзі асқақтықты танытатын күрделі эпитет, ол ақын парасатының кеңдігін білдіреді» дейді. Осы пайымдауы Сейсекүл қарындасымның білгір әдебиетші болып қалыптасқанын көрсетеді. Бір әттеген-айы – «зауда» демей, «зау» деп жазуы керек еді, өйткені «зауданың» түбірі – «зау». Кезінде мен Сейсекүл Исматованың «Сауытбек ақын» монографиясына қуана пікір білдіргенмін, қазір осы шағын зерттеу мақаламен жұмыс үстінде оның ақын атамыз жөнінде баға жетпес еңбек жазғанына тәнті болып отырмын. Сейсекүл Сауытбек пен Ақбөпенің айтысы жөнінде өзінен бұрын айтқандардың сөзін сараптап, өзінен кейін айтатындарға айқын бағдаршам боларлық ой айтқан. Басында бұл айтыс жөнінде өз ойымды кең толғап айтуды ұйғарып едім, Сейсекүлдің жазғандарына разы болып, райымнан қайтуға мәжбүр болдым. С. Исматова айтыстың барлық қырын өте әділ бағалаған. «Ақбөпеге байланысты, – деп жазады Сейсекүл, – Сауытбектен үш туынды қалған: «Ақбөпе» дастаны, «Сауытбектің Ақбөпемен айтысы», «Ақбөпе» әні (сөзі де, әні де Сауытбектікі, ән сөзі – дастанның бір үзіндісі). «Сауытбек пен Ақбөпе айтысы» қыз-жігіт айтысына ұқсағанымен, біраз ерекшеліктері бар. Дәстүрлі қыз бен жігіт айтысындай жеңіл, бұралқы, бұрма сөз мұнда жоқ. Айтыс Сауытбек пен Ақбөпе арасында аса ілтипатпен, ізгілікті ізетпен, сұлу мәдениетпен өтеді. Ірі ақындар айтысындағы ру намысын өз намысындай жыртып, ру туын көтеру тәсілі мұнда да қолданылады. Әдеттегі қыз-жігіт айтысында бұл бола бермейді. Әлеуметтік теңсіздікке қарсылық мейлінше ашылып айтылады. Айтыстың мақсаты – айтысушы екі адамның бірін-бірі жеңуі емес, екі жақтың махаббат диалогын құруы, екеуінің табысып, серттесуге жетуі. Айтыс кейінге Сауытбектің есіміне байланысты, Сауытбек ақындығының мұрасы ретінде жетсе де, Ақбөпенің айтыс басталуында – байланыстырушы, дамуында – тақырып ұсынып отырушы, шиеленістіруші, шешілуінде – тоқтам айтушы болып, жетекші қызметте көрінуі әділеттілікпен сақталған. Ол Сауытбектің әлсіздігінен емес, ақындық, айтыскерлік мәдениеттілігінен. Айтыс психологиялық драматизмге құрылған. Біріне-бірі сырттай ғашық, көңілдері бір көрсем деп ауып жүрген қыз бен жігіт айтыса келе түсінісіп, серт байласады. Бірақ, оның өзі бірден емес, бірте-бірте айтыс шарттарын орындап барып, сыннан өткен соң ғана жүзеге асады: танысу, рулық намысты ту ету, тарихи қайраткерлерді дәріптеу, екі жастың бір-біріне ынтызарлығы, серт байласу». Сауытбек талай топ жарған айтыс ақыны. Мені таңдандырғаны Ақбөпе болды. Ақбөпе егесіп, есіп сөйлеген Сауытбектен бір мысқал да кем соқпайды, қайта асып түседі. Айтыс финалында Ақбөпе: «Тор жайсам деп едіңіз тоты құсқа, Ойлама «жетпейді», деп қолым қысқа». Ақ тұйғын шақырмай-ақ өзі барар, Керетін торыңыздың жолын нұсқа. Ойлаған мақсатыңыз орындалсын, Қолыңды маған бергін, қолымды ұста», – дейді. Әйелді күң санайтын заманда осылай сөйлеу неткен батылдық десеңізші! Атақты «Біржан-Сара айтысында» Біржан теңі емес адамға кетіп бара жатқанын айтқанда Сара мүдіріп қалып, айтыс тоқтамайтын ба еді, ал Ақбөпе қаумалаған, ішінде өзін аңдып отырғандары да бар топтан қаймықпай, Сауытбекке қолын ұсынады. Айтыс тоқтайды, екі ақынды да ғашық оты шарпиды. Мен ойлаймын: «Сауытбек пен Ақбөпенің айтысы» өз заманындағы теңдесі жоқ айтыс. Халық өлеңінде «жігітке кедейшілік қой бақтырар» демейтін бе еді, ал Сауытбек ақынға кедейшілік ой бақтырған. Ол жарлы болғанымен, арлы болған. Өмірінде кездескен қиындықтың бәрінің төркіні – кедейшілік, соған ұрындырып отырған кер заман екенін Сәукең жақсы білген. Біз орынсыз, коммунистік идеология екпінімен Сауытбек Ұсаұлын таптық санасы оянған күрескер еді дей алмаймыз. Дегенмен оның Ақкөз Қосанұлы көтерілісін құптағаны, тіптен, Ашаның адамдарын бастап келіп, белсене қатысқаны көп нәрсені аңғартса керек. Жазушы Мақұлбек Рысдәулет; «... Ақкөзді ел басшысы етіп көтергенде, (ақ киізге отырғызып, хан көтергенін айтады – Ә .Қ.) Сауытбек ақын: Хандығыңды құттықтап, Қазақ елі келіп тұр. Қазақ, қырғыз, төрелер, Соңыңа сенің еріп тұр. Меккеге барған қажы да Ақ батасын беріп тұр. Абыройың асқақтап, Балағыңнан өріп тұр. Сөз қанжарын суырған, Сауытбек бәрін көріп тұр, – деп толғап-толғап жіберіпті», деп жазды бір зерттеу мақаласында. Бұл Саукеңнің дауылпаз ақын екенін көрсетеді. Сауытбек Ұсаұлы – өмірі екі бөлініп, бірінші жартысы XIX ғасырда, екінші жартысы XX ғасырда өткен ақын. Ол құбылмалы, қалтарыс-қағаберісі көп сол дәуірдің өкпек желінің өтінде соқтықпалы, соқпақты өмір жолынан өткен. Ақбөпесіне жете алмай аһ ұрған ақын табиғаттың заңынан аттай алған жоқ, екі рет үйленді. Алғашқы әйелі Күнбала өте ақылды, мейірімді жар болады. «Құдай бір айналдырғанды шыр айналдырады» демекші, ол Сәукеңді де, Күләй, Ләйлім деген қыздарын да, бір жасар ұлы Нәметқұлды да тастап, о дүниеге аттанып кете барады. Саукең: Күнжаным ойға түссе, көп жылаймын, Тарттырмас кісіге ақыл көп уайым. Өкінгеннен өткен күн қайта келмес, Нәметке өмір берсін бір Құдайым, – деп өзіне өзі тоқтау айтады. Сәукең одан кейін Бәтимаға үйленген. Ол әйелі де жақсы жар болған. Сауытбектің жоғарыда айтылған екі қызы және де 11 ұлы болған. Ашаршылық, денсаулығын Ұлы Отан соғысына беріп келген үш ұлы: Нәметқұл, Телғара, Саттарқұл бірінен соң бірі өлген. Нәметқұлдан Тұран есімді бір қыз ғана қалған. Ол Ақыртөбе бекетінде, Телғараның әкесі өлгеннен кейін үйленген әйелі Шәмшия апа Таразда тұрады. Ақын, сазгер, әнші Сауытбек Ұсаұлының мәлім де беймәлім өмірі мен толық емес шығармалары жөніндегі әңгімемізді осымен тәмамдап, Ақбөпе туралы айтарымызға көшейік. Біздіңше, қазақ өнерінде Ақбөпеге жетерлік қыз кемде-кем. Он жеті жасар Ақбөпе Сауытбекпен айтысында сөз жарыстыру өнерінің өрен жүйрігі екенін көрсетеді. Образды орамдар, өзі көкейін тескен жігіттің аптығын басу, өз ата-бабасын мақтан тұтып дәріптеу, туған жерді қастерлеу сияқты айтыскерге аса қажетті қасиеттер мол дарыған, ел тарихына жетік ақын қыз өте әдемі жыр төгеді. Мына жай анық: Сауытбек талантына табынушылар Ақбөпені тасада қалдырып қойған. Саукең сияқты алдырмас ақынмен айтыс тізгінін берік ұстаған Ақбөпе мұндай сөз бәйгесіне көп түскен сыңай танытады. Мұның үстіне ол сол кездің ақындары іспетті өз сөзін өз сазымен сүйемелдеген сазгер. Ақбөпенің еріксіз ұзатылып бара жатқанда шырқырап, шырқаған «Ел ішінде бар ма екен мендей мұңлық?», Сауытбек қуып келгенде қоштасуға қия алмай, жылап тұрып айтқан «Дауысыңызды естіген соң шыдамадым», қоштасу мұңын сыртқа шығарған «Жүрекке түскен жараның...» әндерін тауып, жаңғыртса, музыка мәдениетімізге қосылған аз да болса саз үлес болар еді. Сауытбек пен Ақбөпе өмірлерінде қосыла алмай, арманда кеткенімен, өнерде қатар аталатын ардақтылар. Әдебиет, мәдениет тарихынан Сауытбек Ұсаұлы алған орынды Ақбөпе Өтелбайқызы да иемденгені жөн. Ақбөпе Сара, Ұлбикелермен теңдес ақын. Осыны біліп, бағалайтын кез келген сияқты. Сөз соңында айтарымыз: ақын есімі ауылға, мектепке, кинотетарға берілгенін жоғарыда жаздық. Саукеңнің келіні, жасы тоқсаннан асқан Шәмшия апайымыз: «Ағайындар атаның жерленген жеріне кесене, ескерткіш орнатса, жөн болар еді», – дегенді айтады. Өте орынды пікір. Сауытбек Ұсаұлы – қазақтың атақты ақыны, бір рулы елдің ардағы. Оның есімін қазақ әдебиетінің білгірлері қастерлеп, энциклопедияға жазып, мәңгілік етіп қойған. Ағайындары қасиеттеп, басын қарайтса, жақсы болар еді. Шүкір, Саукеңнің қолы ұзын аталастары аз емес. Осы зерттеу мақаламды жазып, «бір іс бітірдім-ау» деп отырғанымда мына бір жарияланымға кез болып қалғанымды қарашы. Үйдегі кітаптарымды анда-санда аударыстырып қоятын әдетіме кіріскенімде «Халық әндері мен халық композиторларының әндері» деген кітап назарыма ілікті. Кітап 1991 жылы «Өнер» баспасынан шығыпты. «Кітапта Сауытбектің Ақбөпесі бар ма екен?» деген ой сап ете қалды. Дереу кітапты парақтауға кірістім. Бар екен. Қуанып кетіп, оқи бастадым. Өкінішке қарай, қуанышым су сепкендей басылды. Неге? Оны енді қазір өздеріңіз аңғарасыздар. Кітаптағы Сауытбек туралы берілген мәліметті түгел келтірейін. «Сауытбек Ұстаұлы (1870-1932). Сауытбек қазіргі Жамбыл облысының Шу ауданындағы «Қосқұдық» мекенінде дүниеге келген. Ақын, әнші, композитор. Сауытбек есімі Шу өңірінде өмір сүрген «Ашаның алты салы» атанған өнерпаздардың бірі ретінде кеңінен танымал болады. Оның «Ақбөпе» дастаны, бірнеше өлеңдері, Майра (дұрысы Майса) қызбен айтысы, інісі Сыбанбекпен айтыстары сақталған. Сауытбектің әндерінен ел арасына кең танымал «Ақбөпесін» ұсынып отырмыз.

АҚБӨПЕ

Кешкенің бе, Ақбөпе, күдер үзіп? Кетеріңде беріп кет түймеңді үзіп. Қайырмасы: Беу, Әзизатай-Ақбөпе, Енді есен бол-ай! Кетеріңде бермесең түймеңді үзіп, Әлдекімге барамын көзім сүзіп.

Қайырмасы:

Бұған не деуге болады?

«Аралтөбе басында бес үй отыр, Ақбөпе жоқ несіне отыр. Мал бергені барады алып кетіп, Кедейшілік қолымды кесіп отыр», – деп басталып, зар еңіреп айтылатын ән қайда? Ғашық оты жандырған хал қайда? Мынау әзілқой жігіттің жеңіл үні, ал «Ақбөпе» қайғысы – махаббаттың шерлі халі. Мынау кім көрінген айтатын сүйреткі сөз, ал «Ақбөпе» Сауытбек бірде адам болып жылап, бірде ит болып ұлып айтқан ән. Кітапқа әнін қосқан адамның аты-жөнін дұрыс жаза алмауын қалай түсінеміз? Сауытбек Ұстаұлы емес, Ұсаұлы. Баспагерлер әдейі шатастырып отыр ма, басқаша ма, белгісіз. Сауытбекті «сал» деуге қимай «өнерпаз» деу – кемсіту. Саукеңнің қазақ әдебиетіндегі қыз бен жігіт айтысы үлгісінің теңдесі жоқ Ақбөпемен айтысын ауызға алмауды түсіне алмай, дал болудан басқаға амал жоқ. Сауытбек өмірі оның Ақбөпемен айтысынан ажыратылып айтылса, басты мәнінен айырылады. А. Затаевич «Қазақтың 1000 әніне» енгізген «Ақбөпе» әні де, «қолын кедейшілік кесіп» ғашығына қосыла алмаған Сауытбектің «Ақбөпе» дастан-зары да ақынның Ақбөпемен айтысынан бастау алады, сөйтіп әдебиет пен өнер тарихында жоқ үш жанр: айтыс, дастан, ән тоғысуы дүниеге келген. Өте өкініштісі бұл ән жинағын құрастырушы халық әндері мен халық композиторларының әндерін орындаудың теңдесі жоқ шебері, марқұм Жәнібек Кәрменов болғаны. Үнтаспадағы әндерін үзбей тыңдап, ләззат алып отыратын ғажап әншіні мынандай жүрдім-бардым тіршілікке қимай қиналғаннан басқа не істерсің енді?! Осы жерде мына бір жайды айтуға тура келеді. Тегі, Сауытбек Ұсаұлы жөнінде «Қазақ Совет Энциклопедиясындағы», сондай-ақ, басқа энциклопедиялардағы материалдар да, жинақтардағы кішігірім кіріспелер де жете ойластырылмай жазылып, бірінен-біріне көшіріле берген. Мынау – соның бірі, өкініштісі, катесі көп. Сауытбек Ұсаұлы – өте күрделі тұлға, ғашығын кұшып, бір сәттік бақытқа бөленген жігіт, сүйгенінен айырылып, аңырап қалған шерменде, атақты Ақкөз Қосанұлы көтерілісіне Ашадан қырықшақты адамды бастап келіп қосылған азамат, замана зауалынан он бір ұлы мен екі қызынан айырылып, артында бір-ақ немере қызы қалған пақыр, отыз екінші жылғы ашаршылықтың құрбаны. Шу елі, оның билік басындағылары Сауытбектің әруағын асыруды әсте естерінен шығарған емес. Сауытбек есімімен аталатын мектеп, ауыл, кинотеатр бары жақсы-ақ, енді өлген жері Тоқташта – мүрдесі осында шығар деген тұсқа қандай да бір белгі орнату керек. Осы орайда Шу ауданының басшыларына мынандай бір ұсыныс айтқым келіп тұр, ол – Шу қаласында Сауытбек пен Ақбөпеге еңселі ескерткіш орнатып, оның маңайын махаббат деген ұлы сезіммен аталатын шағын бақ етіп абаттандырса, құба-құп болар еді. Облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы ақындар айтысын өткізіп, менің «Сауытбек пен Ақбөпе» драмамды дер кезінде сахналауды ойластырғаны жөн.