Жамбылда не жаңалық?

Ақпараттар ағыны

Ақпараттар ағыны

Тараз

Белгілі журналист, әріптесіміз Жаңабай Миллионов Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұл марапат оның бұқаралық ақпарат құралдарындағы көп жылғы жемісті еңбегі, қоғамдық жұмыстардағы үлесі үшін беріліп отыр. Саналы ғұмырын журналистика саласына арнап, облыстық «Ақ жол» газетінің тілшісі, аға тілшісі, бөлім басшысы, Сарысу аудандық газетінің бас редакторы болып жүріп қаламының қарымын аңғартқан Жаңабай Миллионов қазір облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінің бас редакторы қызметін абыройлы атқарып келеді. Жамбыл Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 70 жыл. Жеңіс жылы туылған бала да жетпіске келді. Ұрпақ алмасты. Ерлікке деген тағзым ардагер мен ұрпақ арасын жалғап тұрған алтын көпір десек жарасады. Осы ұлы мерекеге орай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев пен «Қызыл ай» қоғамының аудандағы өкілі Шарипа Елібаева Аса ауылының тұрғыны, қарт майдангер Састай Көркембаев пен гродековолық Исеқұл Оңғарбаевтың үйіне барып, құрмет көрсетіп, аталардың ақ батасын алып қайтты. Қордай «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінде Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған студенттік ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған білімгерлер алты топ болып қатысып, слаидтармен көркемделген баяндамалар жасап, «Қазақ хандығының құрылу тарихы», «Ұлы адамдардың ұлы жолы», «Қазақ билері», «Қазақ хандығының жұмбақтары» тақырыптарында дайындаған ғылыми жобаларын қорғады. Бұл жұмыстарды колледж директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Дамира Сүгірбай бастаған қазылар алқасы таразылады. Сарысу Жаңатас қаласында көктем туа пайда болатын Қырым қанды безгегі жайлы конференция болып өтті. Онда республикалық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми практикалық орталығының карантиндік және аса қауіпті аурулар мониторинг бөлімінің бас сарапшысы А.Мырзабеков, Жамбыл облысы тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің басшысы Ғ.Надуев баяндама жасап, Қырым қанды безгегі туралы кеңінен сөз етті. Конференцияға қатысушылар қауіпті аурудың алдын алу жайлы пікір алмасты. Талас Қаратау қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің инженерлік-экономикалық факультетінде «Дінің тұрсын дін аман» атты іс-шара өтті. Оған аудан орталығы мешітінің бас имамы Н.Әлиев және аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Б.Сыздықбаев, факультеттің білімгерлері мен оқытушылары қатысты. Жиында дін, жастардың бойында имандылық қасиеттерді қалыптастыру мәселесі сөз болды. Шу Ауданда орманды қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Қажетті көшеттер Қосқұдық ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің тұқымбағынан дайындалып, отырғызу жұмыстары «61 шақырым» учаскесіндегі 80 гектар алқапты толық аяқталса, «Қарамола» учаскесіндегі 220 гектарда жалғасын табуда. Алқапқа барлығы 540 мың дана сексеуіл көшеті отырғызылды. Алқап басындағы 2 вагон үйге жайғасқан жұмысшылар ауа-райының құбылуына қарамастан көшет отырғызуды жалғастырып жатыр.