Экономика

Несібеңнен құр қалма, шаруа!

Несібеңнен құр қалма, шаруа!

Облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен аудандағы аграрлық кешен құрылымдарының  басшылары  мен «Агробизнес-2020» бағдарламасы  аясында несиелеу  жолдарын түсіндіру мақсатында облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының  басшысы А.Нұралиев, «ҚазАгроҚаржы» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ның облыстағы еншілес мекемелерінің және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстағы өкілдігінің өкілдері Сарысу ауданында арнайы жиын-кеңес өткізді. 

Оны аудан әкімі Қ.Мәдібек ашып, жиналғандарды ашық пікір алмасуға шақырды. Әкім соңғы жылдары шаруалардың түрлі бағдарламаларға қатысып, сыйақысы аз үстемақы несиелер мен субсидияларға қолдары жеткенін айтты. Мысалы, «Игілік» өндірістік кооперативі лизинг арқылы 2 трактор алды. Сол сияқты «Сыбаға», «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары арқылы мал алып, шаруашылық көшін тіктегендер Сарысу ауданында да жетерлік. Алайда, А.Нұралиевтің айтуына қарағанда бұл аудан өткен жылы инвестициялық жобалар, оның ішінде «Құлан» бағдарламасы бойынша ешқандай жобаны жүзеге асыра алмаған. Сондай-ақ, 2015 жылғы «ҚазАгроҚаржы» АҚ-ның қаржыландыру жоспарына да инвестициялық жоба енгізбепті. Бұл олқылықтың орнына келетін түрі бар. Жақында ғана «Сарысу инвест-2015» аймақтық жиынында үш бірдей ірі жобаның тұсауы кесілген. Дегенмен, ауыл шаруашылық техникасының жаңару деңгейі облыс бойынша 14,6 пайыз болса, Сарысу ауданында 3,4 пайыз ғана. Үкіметтің ұсынған тиімді бағдарламаларының ауданда жүзеге асырылуы қандайлық дәрежеде? Жалпы несиелендірудің жолдары қандай? Өзгерістер мен толықтырулар бар ма? Аталмыш бағдарламалардың қатарын «Ырыс» бағдарламасы толықтырмақ екен. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Сарысу ауданы бойынша менеджері Әбдіхалық Байкеннің түсіндіруінше сыйақы мөлшерінде де өзгеріс жоқ (бұрынғысынша 7-14 пайыз мөлшерінде), ал «ҚазАгроМаркетинг» АҚ-ның облыс бойынша филиал директорының орынбасары Ермек Ділдәбековтің түсіндірмесіне қарағанда Агроөнеркәсіптік кешен субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсалған шығыстардың бір бөлігінің орнын толтыру бойынша субсидиялау жөнінде жаңа бағыт қолға алынған. Инвестициялық субсидиялар 2014 жылғы 1 қаңтардан бастап жоба шеңберінде пайдаланылуға берілген нысандар, сатып алынған техника мен жабдықтар бойынша төленеді. Егер, сіз ірі қара малдың тауарлы фермаларын құрып және техникалық жағдайын жаңадан жарақтандырсаңыз, тауарлы сүт фермасын құрып, кеңейтсеңіз, сыйымдылығы 3 мың мал орнынан кем емес бордақылау алаңын соқсаңыз, жайылымдарды суландыру инфрақұрылымдарын қолға алсаңыз, етті мал шаруашылығын құрсаңыз, суару жүйелерін кеңейтсеңіз, сүт және сүт өнімдерін дайындау мен тасымалдау жөнінде кәсіпорындар ашсаңыз, май өндіруге кіріссеңіз, кондитерлік өнімдерді дайындай бастасаңыз жұмсалған шығындардың бір бөлігі субсидияланып, мемлекет шығыныңызды өтейді. Бұрындары «Сыбағадан» бастап, басқа бағдарламалар бойынша асыл тұқымды мал ұстау үшін қой басын 600 басқа жеткізу тиісті болса, оның саны екі есеге дейін қысқартылып отыр. Әр бас мал өсіргеніңіз үшін 1500 теңге субсидия төленеді, бір жарым айлық асыл тұқымды қошқар сатып алсаңыз 8000 теңгесін мемлекет субсидиялайды. Алайда, осы жиында мәлім болғандай қошқар сатып алу шаруаларға қымбатқа түсетін түрі бар. Сондай мал өсіретіндер оның әрбірін 100-120 мың теңгеге бағалайтын көрінеді. Осыған байланысты А.Нұралиев шаруаның қолы жететін асыл тұқымды қошқарларды көршілес Талас ауданынан алуға болатынын жеткізді. Аудан әкімі Қ.Мәдібек аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы арқылы бизнес жоспарларды дайындап, оны облыстық ауылшаруашылығы басқармасындағы комиссияға ұсынудың жолдарын айта келіп, бұл субсидияны пайдалануға аудандағы 29 шаруа қожалығының мүмкіндігі бар екендігін еске салды. Бірақ, шаруалар бизнес жоспар жасап, құжат дайындауға құлықты емес. – Келер жылдан бастап «Сыбаға» бағдарламасының болмауы мүмкін, – деген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы тауар өндірушілерді жеңілдіктерді пайдаланып қалуға шақырды. Биылдан бастап «Ырыс» бағдарламасы аясында бау-бақшамен айналысатын отбасылық, ауылдық тұтыну кооперативін құру, пилоттық жоба мен тамшылатып суғаруға да мән берілмек көрінеді. Ашық әңгіме-дүкен барысында бірқатар шаруа қожалықтарының төрағалары лизингтік жоба бойынша трактор алуға келісім-шартқа отырғанымен, оған қолдары жете алмай отырғандықтарын айтты. Сауалға орай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қаржылай қолдау қорының өкіліне ұсыныс жасап, бұл мәселенің шешімін табуды өтінді. Ең қуанышты хабар әлемдік дағдарысқа байланысты несиелендірудің сыйақысын өсіру турасында банктер тарапынан ұсыныс болған екен, бірақ Елбасының тікелей тапсырмасымен Үкімет пен екінші деңгейлі банктер арасындағы келісімнің нәтижесінде, сыйақы мөлшері бұрынғы күйінде қалған көрінеді. Шаруалардың, кәсіпкерлердің тағы бір алаңдайтыны – кепілдік еді. Соңғы жылдары ауылдағы құрылыс нысандары (тұрғын үй, қора-қопсы, тағы басқа) кепілдікке қойылған жағдайда құнының 70 пайызы мөлшерінде несие берілетін болыпты. Әрине, ауылдағы құрылыс нысандарының бағасы, қалалық жердегідей емес, сөйтсе де бұл да болса бір адым алға жылжу. – Көктем келді, – деді ақылдасу жиынын қорытындылаған А.Нұралиев, – уақыт бей-жайлылықты көтермейді. Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін жасап, «Қазақстанда жасалған» деген атауы бар өнімдерді сарысулықтардың да молынан дайындайтынына күмәніміз жоқ. Ол үшін іскерлік, бірлік, ілкімділік, талап, жауапкершілік керек екенін шаруалар түсініп қайтқандай.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ, «Ақ жол».

Сарысу ауданы.