Жаңалықтар

Жақсыдан қалған із

Жақсыдан қалған із

Өмірдің небір дауылын, қиындығын бастан кешкен аға ұрпақ неткен төзімді еді?! Олар шыр етіп дүниеге келе-ақ жетімдіктің, жоқшылықтың, соғыстың зардабын бастан кешті. Солардың бірі Алтай Әбенұлы Қартабаев еді. Бар ғұмырын Жамбыл жерінде өткізген Алтай Әбенұлы Арқа жерінің перзенті болатын. Қазақ жерінің қасиетті бір өлкесі Ұлытау өңірінде кіндік қаны тамған. Атасы Қартабай Елденұлы Ұлытау жеріне белгілі би болған. Атадан қалған үйір-үйір жылқыға ие бидің ұлы Әбен әпербақан кеңестік заманда 90-ға келіп қайтыс болған. Кең далада баршылықпен өмір сүрген бәйбішесі Изагүл Тұрғынбекқызы өмірден ерте озды. Одан кейінгі өмір сол заманның төлдері бастан кешкендей өрбиді. Анасынан ерте айырылған Алтай ер мінезді, өзі зерек, еті тірілігінің арқасында қысқа мерзімдік есеп-санақ курсын бітіріп, қатарға ілігеді. Осы сәтте Ұлы Отан соғысы басталып, жастар майданға алынады. 17 жасқа толған бозбала Алтай да қан майданға аттанып кете барады.

Білімі бар жастарды іріктеп, кіші командирлік курстан өткізген ғой. Алтай Қартабаев Ржевтегі соғыс училищесіне жіберіліп, қысқа мерзімде оқу-жаттығудан өтеді. 1942 жылдың шілдесінде І Украин майданы 723-атқыштар полкының қатарында ұрысқа кіреді. Сталинград үшін жүріп жатқан қиян-кескі соғысқа қолына қару алып араласады. Украина жерін басқыншылардан азат ету жорықтарына бастан-аяқ, одан ары Чехославакия, Югославия елдерін неміс фашистерінен тазарту соғыстарында ерлік көрсете отырып, Берлинді шабуылдау операциясына қатысады. Соғыс жорығын осында аяқтаған лейтенант Алтай Қартабаев жауынгерлік Қызыл Жұлдыз және ІІ дәрежелі Отан соғысы орденін және де 11 медалін кеудеге тағып, 1946 жылы аман-есен туған елге оралады. Жауынгердің одан кейінгі өмірі Жамбыл жерімен тығыз байланысты. Алғашқы бейбіт еңбек жолын облыстық комсомол ұйымында, облыстық кәсіподақ саласында бастаған майдангер А.Қартабаев 1966 жылдан 1985 жылдар аралығында Жамбыл қалалық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болып ұзақ жыл абыройлы еңбек етеді. Коммунистік партияның қатал тәртібінен өткен, жастайынан өмірдің ащы-тұщы дәмін татқан, соғыс майданында шыңдалған абзал азамат осы жылдар аралығында елге елеулі қызмет етіп, үлкен беделге ие болады. Бұл жылдар Қазақстанның барлық өңірлері сияқты Жамбыл өңірінің, оның ішінде облыс орталығы Жамбыл қаласының өсіп-өркендеу кезеңі болды. Кадр мәселесіне талап қатаң еді. Өйткені ол кезеңде «іс тетігін кадр шешеді» деген өмірлік ұстам болды. Алып химия ошақтары бой көтеріп, одаққа танылған Жамбыл ірі өндіріс алаңына айналды. Үлкен жұмысшы табы пайда болды. Қала ішінен Орталық және Зауыт аудандары ашылып, партиялық комитетке айналды. Осындай кезеңде кадр мәселесін іріктеуде, оларды дұрыс орналастыра білуде білікті басшылық қажет еді. Ондай іске өмірден түйгені мол Алтай Әбенұлы сынды сыралғы кадрдың көмегі зор еді. Бұл күнде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, кешегі майдангер Тілеуқабыл Төребеков қария Алтай Әбенұлы жайлы: «Алтай аз сөйлеп, көп тыңдайтын азамат еді. Осы байсалды мінезі оны ортасына сыйлы етті. Достыққа адал болатын. Өмірден көрген-түйгені мол, өз ісіне берілген адал қызметкер еді. Жұмысына тастай, өте сауатты маман ретінде танылды», – деп еске алды. Сексенінші жылдары Жамбыл қалалық партия комитетінің үшінші хатшысы қызметін атқарған Любовь Ивановна Накрякова ол кісімен қызметтес болған жылдарды өмірімнің ең бір елеулі кезеңі дей келе: «Өмірде әр адам өзіндік із қалдырады. Біреу жақсы, біреу жаман дегендей, ал біздің қадірлі Алтай Әбенұлы жайлы еске алғанда, көз алдыма әлі тәртіпке қатал, қызметіне мығым, адал адам келеді. Ол кісінің бейнесі арада талай жылдар өтсе де әлі көз алдымда. Өте таза киінетін және талғаммен. Бөлімдегі қызметкерлерден де осыны талап етеді. Оны дауыс көтеріп ұрысып емес, жәй ғана ақыл айта отырып жеткізетін. Жүрегі жұмсақ еді. Мен ол кісінің қарамағында істеп, үлкен тәлім-тәрбие алып, кейін жауапты қызметтер атқарған талай азаматтарды білемін. Олар үнемі Алтай Әбенұлына алғыстарын білдіретін», – дейді. – Алтай ағайдың қарамағында істеп, көп нәрсені үйрендік. Ол кезде партияның талабы қатал. Сәл нәрседен қателессең кешірмейтін. Іске ұқыпты болуды, әсіресе құжаттармен мұқият жұмыс істеуді сол кісіден үйрендік. Тіпті, жиындар өтетін кезде жұмыстан ертерек босатып, киімімізді, тіпті шашымызды ретке келтіріп келуімізді айтатын. Өзі тәртіпке мұқият қарайтын адам қарамағындағылардан да сол тәртіпті талап етті. Әсіресе, бізге ұнайтыны ұл-қыздарына деген сүйіспеншілігі, оларды адалдыққа, шынайылыққа, парасаттылыққа, рухани байлыққа тәрбиелеп, барлығына жоғары білім алуына себепкер болды. Бұл бізге алдағы өмірімізге үлкен сабақ болды, – деген сол жылдары қалалық партия комитетінде нұсқаушы болып қызметтерін бастаған, бұл күнде Тараз қаласының Құрметті азаматтары Қосайкүл Сейдалина мен Күләш Назарбекованың жылы лебіздері таусылар емес. Айта берсе Алтай Әбенұлының атына жылы лебіздерін білдіретін азаматтар аз емес. Осыдан-ақ ол кісінің қоғамдағы орны, ортасына беделі айқындалғандай. Партия органдарында көп жылдар бойы жемісті еңбек атқарғаны үшін Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Президиумы 1984 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Құрмет грамотасымен марапаттады. 1985 жылы абыроймен республикалық мәні бар дербес пенсияға шығады. «Жамбылсуқұрылыс» тресінде кадр инспекторы қызметін үш жыл атқарады. – Ол жылдары құрылыс қарқын алып, жұмыс бастан асатын. Бай тәжірибесі бар, өз ісіне адал, байырғы маман кадр жұмысын жолға қойды. Алтай Әбенұлына құрметпен қарайтынбыз. Өзіне қалай талап қойса, өзгеге де солай талап қоятындығы риза етті, – дейді сол жылдары осы мекемеге басшылық еткен, Қазақстанның Құрметті құрылысшысы, Тараз қаласының Құрметті азаматы Берікшал Имашов мырза. Ақырын жүріп, анық басып өзіне де, өзгеге де жақсылық сыйлаған абзал азамат 1992 жылы дүниеден озды. Қазақ елінің тәуелсіздік алған бақытын көріп болашақ ұрпағының алаңсыз өмір сүретініне сенді. Жақсыдан із қалады. Бұл күнде үлкен бәйтерекке айналған ұрпағы өсіп-өніп, әке жолын жалғауда. Тұңғышы Назима ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарып, қазір құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты. Ұлы Бейбіт Ақтөбе қаласында кәсіпкерлік салада жемісті еңбек етуде. Қызы Әсима Тараз қаласындағы балабақшада 35 жыл меңгеруші қызметін атқарып, әлі де ұрпақ тәрбиесі саласында тер төгуде. Ұл мен қызы Бітім мен Рәсима да өмірде өз орындарын тапқан, бақытты ғұмыр кешуде. Енді осы ұл-қыздардан тараған ұрпақ үлкен бәйтерекке айналып, өсіп-өнуде. Тұңғыш немересі Ермек Қазақстан Ішкі істер министрлігінде жауапты қызметте, ал Аян алыстағы Англияда білім алып, еліміздің Конституциялық кеңесінде қызмет атқарады және де немере ұл-қыздары жоғары білім алып таңдаған мамандығы бойынша жұмыс атқаруда. Мейірімін аямай төккен немерелері Альжан мен Арман – бүгінде білікті заңгер және өз ісіне мықты кәсіпкер. Шөбересі Әлімхан қазақ-түрік лицейінде білім алса, Арсланы – спорттан ел-таныған азамат, Мирас пен Аружан №40 гимназияда білім алуда. Жақсының аты өшпейді деген – осы. Аталарының атына лайық ұрпақтың тәуелсіз елдің келешегі үшін еңбек ететіні хақ. Артында қалған ұрпақтары әкелерін еске ала отырып рухына құран бағыштап еске алу асын ұйымдастыруда.

Әділбек ЖҮНІС.

Тараз.