Жаңалықтар

ЕКІ СОҒЫС КӨРГЕН АРДАГЕР

ЕКІ СОҒЫС КӨРГЕН АРДАГЕР

Ұлы Отан соғысының ардагері және облыстық ішкі істер органы қылмыстық іздестіру бөлімінің ардагері Петр Павлович Вербицкий тоқсан жасқа толды. Мерейтой иесін торқалы жасында әріптестері арнайы құттықтай келді. ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қ. Шоңғарбаев құттықтау хатын тапсырып, иығына шапан жауып, барлық құрамның атынан алғысын білдірді. ІІО ардагерлер кеңесінің және облыс бойынша Ұлттық гвардияның төрағасы, отставкадағы полковник Ө. Смаилов мерейтой иесіне Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы медальды тағып және «Жеңіс» республикалық акциясы аясында шыққан «SOS» жедел нүктесі бар ұялы телефон тарту етті. Тоқсанға келсе де Петр Павловичтің өмірге деген құштарлығы зор. Үлкен құрметке бөленген ол көңілі босап, көзіне жас алып Ұлы Отан соғысы және Жапон империализміне қарсы соғыстағы күндері мен милициядағы қызмет жолы туралы еске алды. ... 18-дегі бозбала Петр 1943 жылы Отанын қорғауға өз еркімен майданға сұранып кетті. Воронеж байланыс училищесін аяқтап, Екінші Балтық майданында соғысып жатқан 313-артиллерия полкына радист ретінде жіберілді. 1944 жылы ауыр жарақат алды. Одан кейін денсаулығын қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт госпитальда ем қабылдап, Жеңіс күнін де қарсы алады. Алайда, жауынгер Вербицкий үшін соғыс әлі аяқталмапты. 1945 жылы мамыр айында оны Қиыр Шығысқа жібереді, бұл кезде фашистік Германияның одақтасы Жапония әлі де соғысып жатқан болатын. Танк оқу полкында қайта даярлаудан өткен соң Петрді СУ-76 өздігінен жүретін артиллерия қондырғысына нысанашы ретінде тағайындайды. Әсіресе, оның есінде Муданьцзян қаласы үшін болған ұрыс ерекше сақталып қалыпты. Бұл шайқастан соң «Жауынгерлік ерлігі» үшін медалімен және СУ-76 экипаж құрамы тағы бір маңызды жауынгерлік тапсырманы орындағаны үшін Ұлы Отан соғысының І дәрежелі орденімен марапатталады. Жауынгерлік марапаттарының арасында ардагер үшін аса қымбаттысы – «Қызыл жұлдыз» ордені мен Жоғарғы Бас Қолбасшы Сталиннің 1945 жылы 23 тамыздағы «Қиыр Шығыстағы жапондықтармен шайқастағы әскери ерліктері үшін Алғыс жариялансын» деген бұйрығы. 1950 жылы Петр туған жері Жамбылға коммунист атанып бір-ақ оралады. Қазақстан Компартиясының қалалық комитетінің шешімімен ол ішкі істер департаментінің қылмыспен күрес бөліміне жіберіледі, ол осы жерде 36 жыл еңбек етеді. Сан соқпақтан өткен өмір жолында Отанына адал қызмет еткен Петр Павлович Вербицкий жауынгерлік үлесі үшін 18 мемлекеттік марапат, ІІО атқарған қызметі үшін барлық дәрежедегі «Мінсіз қызметі» медалімен марапатталған. 1977 жылы Қазақ ССР-нің ең үздік милиция қызметкері ретінде танылды және «Қазақстан ІІМ Құрмет кітабына» енгізілді.

Гүлсара Мұхтарқұлова, облыстық ІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы.