Спорт және туризм

"Тараз" - чемпион!

"Тараз" - чемпион!

7Жамбылдық волейболшылар ұлттық лигада қарсылас шыдатпады

Ұлттық лиганың кіл мықтылары топтасқан додада дебютант «Тараз» волейбол клубы осы уақытқа дейін облыс тарихында болмаған жетістікке қол жеткізді. Төрт тур бойы біздің жігіттер қарсылас шыдатқан жоқ. Сегіз команданың серкесі атанған жамбылдық ұжым өздерінің кәсіби тұрғыда мықты екенін аңғартты. Ә, дегеннен-ақ жерлестеріміз «Павлодар», «Алматы», «Атырау», ТНК «Казхром», «Шығыс Свинец Строй» (Өскемен), «Конденсат Жайық Мұнай» (Орал), «Есіл» (Петропавл) командаларының бетін қайтарып, көбісін қалпақпен ұрып алды. Бұлардың ішінде «Атырау», «Алматы» командалары құрлықтық жарыстарда олжа салып жүрген ұжымдар екенін айта кету керек. Төрт бірдей кіші және жалпы турда шашасына шаң жұқтырмаған «Тараз» ойыншылары былғары допты қарсыластардың алаңына шегедей қадай білді! Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. «Тараз» волейбол клубы КМҚК директорының орынбасары Сұлтан Рыспанбетов: – Бұл жеңісті ұзақ күттік. Қарсыластар оңай шағылатын жаңғақ емес. Осы тұрғыдан келгенде, команданың бас бапкері Виктор Бекшаның өлшеусіз еңбегін айта кеткен ләзім. Команда өзінің әдемі, ұжымдық ойынының арқасында топ жарды. Чемпионат барысында «Тараз» волейбол клубы жиырма сегіз ойын өткізіп, оның жиырма бесінде жеңіске жетті. Команда капитаны Евгений Быхалов, шабуылшылар Константин Порошин, Алексей Романко, Жақсылық Тілеулин, Андрей Радюк, байланыстырушы Александр Дмитриев, либеро Бердияр Данияровты және өзге жас ойыншыларды айрықша атап өткім келеді. Александр Дмитриев орталық алаңның үздігі атанса, Андрей Радюк үздік шабуылшы, Константин Порошин үздік тосқауыл қоюшы атанды. Сонымен қатар төрт ойыншымыз ұлттық құрамаға шақырту алды. Осы жерде командамызға үлкен қолдау көрсеткен облыс әкімі, облыстық волейбол федерациясының Президенті Кәрім Көкірекбаевқа, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Гамлет Қайнарбековке үлкен алғыс айтқымыз келеді. Біздің команда алдағы уақытта да үлкен биіктерден көрінуге, жанкүйерлер сенімін ақтауға тырысатын болады, – деді өз ойымен бөлісіп. Ұлттық лигаға қосылған күннен тамаша ойын өрнегін көрсетіп, үздік атанған «Тараз» волейбол клубының ойыншылары расында жанкүйерлер сенімін ақтады. Дәйім солай болғай! Айтпақшы, шамамен маусым, шілде айларында біздің өңірде волейболдан әлемдік лига ойындары өтетін болды. Бұл да үлкен қуаныш. Мұндай ауқымды доданың Таразда өтуі волейбол спортының дамуына септігін тигізері де анық.

8

 Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Суретті түсірген Ақәділ рысмахан.