Әлеумет

Дауылдан соң...

Дауылдан соң...

қалпына келтіру жұмыстары тез әрі сапалы атқарылсын

Өткен аптадағы дүлей дауыл Қаратау қаласы мен оған жақын елді мекендердің жұртшылығын қатты әбігерге түсірген еді. Осыған байланысты күнтізбедегі жексенбіге қарамай, облыс әкімі К.Көкірекбаев жұмыс сапарымен Қаратау қаласына келді. Арнайы ұйымдастырылған лездемеде облыс және ауданның бірқатар сала басшылары жиырма төртінші наурыздағы сұрапыл дауылдың келтірген залалдары және оны қалпына келтірудің барысы туралы хабардар етті. Аталмыш жағдайды Талас ауданының әкімі Б.Рысмендиев пен облыс әкімдігінің құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Байтелиев баяндады. Олардың мәлімдемесіне қарағанда сол күні қаһарына мінген жел күшейісімен Талас және Сарысу аудандарында төтенше жағдай жарияланып, штаб құрылып, тиісті құрылымдар жедел жұмысқа кіріскен. Соның нәтижесінде қала халқына жылу, ауыз су, электр жарығы және газ беруде істен шыққан нысандарға шұғыл жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аса көп кемшіліктер орын алмаған. Алайда секундына 29-30 метр жылдамдықпен тұрған желден қаладағы көпқабатты 7 үйдің, 2 орта мектептің, 1 колледж, жұқпалы аурулар емханасы ғимараттарының және 30-ға тарта жеке үйдің шатырлары қираған. Ертеңіне мекеме, ұйым, кәсіпорын жұмысшы-қызметкерлерінің жұмылуымен мыңға тарта адам сенбілікке шығып, желмен ұшып, жарамсыз болған жабындылар жинақталып, көшелер тазартылып, 600 тоннаға жуық қоқыс сыртқы полигонға тасымалданған. Қала маңындағы елді мекендердегі істен шыққан электр жарықтары қалпына келтірілуде. Жалпы, бұл жұмыспен 4 бригада айналысып жатыр екен. – Қазіргі таңда, – деді Р.Байтелиев, – Коммуналдық қызмет түрлері қалыпты. Енді бар күш үйлердің шатырларын қалпына келтіруге жұмылдырылуда. Оған көмектесуге тиісті мердігерлер шақырылып, алды жұмысқа кірісіп те кетті. Облыс басшысы К.Көкірекбаев қала мен елді мекендердегі жол қатынасы, электр жарығының тұрақтылығын пысықтап болған соң, бүлінген нысандарды қалпына келтірудің барысы жайлы толығырақ баяндауды талап етті. – Сіздің тапсырмаңыз бойынша комиссия нақты шығынды есептеп, ең әуелі бүлінген 7 тұрғын үй мен 3 оқу орнының төбелеріндегі шатырларды қайта қалпына келтіру үшін осыдан екі жылға жуық уақыт бұрын жөндеу жұмыстарымен айналысқан мердігерлерді келісім-шартта көрсетілген уағдаластыққа байланысты шақыртып, жөндеуді талап етіп отырмыз, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Б. Орынбеков. Лездемеден кейін аймақ басшысы Б.Момышұлы көшесіндегі №10 үйді қалпына келтіріп жатқан мердігер «Қаз Мұнай Құрылыс» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Көпқабатты үй биыл қыркүйек айында толық жөндеуден өткізіліп, ипотекалық сатылымға қойылмақшы. Облыс басшысы содан кейін Б.Момышұлы көшесіндегі №8-ші көпқабатты үйге соқты. Бұл үйдің төбесіндегі шатырдың едәуір бөлігі зақымданған. Келісім-шартқа сәйкес мердігер қалпына келтіруге келісімін беріп отыр екен. Ал Қаратау гуманитарлық-техникалық колледжінің бүлінген шатырын жөндеуді «Қаз Мұнай Газ Құрылыс» ЖШС-ның құрылысшылары қолға алып жатқанын көрген облыс басшысы құрылысты тез, сапалы жүргізуді тапсырды. Содан кейін өңір басшысы Пушкин атындағы орта мектебіне қайырылды. Мұнда да қираған құрылыс материалдары мектеп маңынан тазартылғанымен, мердігердің жөндеу жұмысын әлі бастамағанына алаңдаған аймақ басшысы: «1-сәуір күні мектепте сабақ басталады. Сол кезде аудан, мектеп басшылары сақтық шараларын ойластырулары қажет» деп пысықтады. Облыс басшысы жұмыс сапарын аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында Талас және Сарысу аудандарының мекеме, ұйым, кәсіпорын басшыларымен кеңес өткізумен қорытындылады. Кеңесте ең әуелі Талас ауданының әкімі Б.Рысмендиев хабарлама жасады. Облыс және аудандық ұйымдардан құрылған комиссия қатты дауылдан зардап шеккен әрбір үйді есептеп, жалпы шығын көлемі 150 миллион теңгеге жеткендігін, алайда, бірқатар мердігерлер кезінде жөндеуден өткізген құрылыс нысандарын өз қаражаттарымен жөндейтін болғандықтан бұл шығынның екі есеге жуық қысқаратынын жеткізді. Аудан басшысы сол сияқты дауылдан қираған кіші футбол алаңы мен Майтөбе ауылындағы А.Дәулетбеков атындағы орта мектептің бүлінген жерлері және Тамды әуітін бекемдеу сияқты жұмыстар да қолға алынып, қаладағы зардап шеккен нысандар қалпына келтіріледі деп сендірді. Өз кезегінде облыс әкімі К.Көкірекбаев облыс әкімдігінің жұмылдыру дайындығы және аумақтық қорғаныс бөлімінің басшысы М.Пралиевке резервтегі құрылыс материалдарынан аудандарға бөліп, көмектесуді тапсырды. «Жамбыл электр жүйесі» АҚ-ның басшысы А.Жарболовтың мәлімдеуіне қарағанда, аталмыш мекеме дауылдан құлаған 47 бағананы өздерінің есебінен қалпына келтіруде екен. Сарысу ауданының әкімі Қ.Мәдібек те облыс әкіміне табиғи апатты жоюдағы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Оның мәлімдеуінше, қатты дауылдан Жайылма, Саудакент ауылдары әжептәуір зиян шеккен. Әсіресе, Б.Адамбаев атындағы орта мектептің шатыры түгелге жуық істен шыққан. Сонымен қатар, туберкулезге қарсы емхананың қоршауы құлап, жарамсыз болып қалған. Жалпы шығынның көлемі 40 миллион теңгеге жетіп отыр. Облыс әкімі К.Көкірекбаев кеңесті қорытындылап, табиғи апаттан келген зардапты жоюдағы аудандардың жұмыстарына оң бағасын бере келіп, ең алдымен, көпқабатты үйлердің, мектептердің төбелерін жөндеуді қолға алу керектігін, құрылыс жұмыстары кезінде сақтық шараларын сақтауды, шығын мөлшерін дәл анықтап беруді тапсырумен қатар, тиісті салалардың қызметін үйлестіруді облыс әкімінің бірінші орынбасары Б.Орынбековке жүктеді. Сөзінің қорытындысында бүлінген үйлерді қалпына келтіруге жауапты мердігерлер жөндеу жұмыстарын мерзімінде, сапалы аяқтауы тиіс деп қадап айтты. Келісім-шартынан жалтарған мердігер компаниялар сотқа берілмек.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Қаратау қаласы, Талас ауданы.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.