Бірі командир, бірі жауынгер
Бірі командир, бірі жауынгер
қанды көйлек қос майдангер кейін құйрық, бауыр жескен құда болған Бұл оқиғаны маған ауылдасым Өсер айтып берді. «Қайынатам Төленді қария «әкең менің зеңбірек оқтаушым болған» деген сөзді мақтана айтып отырушы еді. Кезінде мән бермеппін. Сөйтсем, болашақ құдаларды тағдыр сонау сұрапыл соғыс кезінде-ақ тар окопта табыстырған екен. Ол кезде мен де, жұбайым Аманкүл де дүниеге келмегенбіз» деді ол әңгімесін тұздықтай түсіп. Бәріміз де бір ауылдың тумасымыз. Шым-шымдап есіме түсті, Өсекеңнің әкесінің де, қайынатасының да көзін көрген екенмін. Олар өзіндік өнеге-үлгісі, өмір сүру салттары да өзгешелеу, ауыл-аймаққа сыйлы қариялар еді. Сонау бір жылдары от пен оқ ортасынан жеңіспен оралған ауылдағы елу бес ердің қатарында бейбіт еңбектің жалауын желбірете биікке де көтере алды. Ойық, Жданов атындағы, Бостандық кеңшарларында партком хатшысы, кәсіподақ комитетінің, жұмысшылар кооперациясының басшысы қызметтерін атқарған Төленді Зікіряев кесіп сөйлейтін тілді, оқыған-тоқығаны мол көзіқарақты кісі болатын. Соғыс өрті түтеп тұрған сын сәтінде 316-шы мотоатқыштар полкінің зеңбірек расчетінің командирі ретінде неміс фашистеріне қарсы ойсырата соққы бергендігі бар, кейін де тік жүріп, тік тұратын әскери қатаң тәртіппен ғұмыр кешті. Ал Оразалы қария Тілекеұлы ауылдағы үш-төрт малсақ, бақуатты азаматтың бірі еді. Ол кісінің Бестам ауылындағы үйінің жанынан өткенімізде мая-мая үйілген шөпті көретінбіз. Ауласынан мыңғырып мал өретін. Үйінен қысы-жазы ақ үзілмеуші еді. Жаз шықса-ақ, киіз ауылға көшіп, бие байлайтыны да бар-ды. Қарияның шектеу қойылғанына қарамастан, кеңестік кезеңнің өзінде жекеменшігіндегі малының басын көбейткені де, бәйбішесі Ибакүл Тілекееваның отағасына өзі қосқан Күлзада апа балаларының бәрін бауырына басып, тәрбиелеп өсіргені де ерлікпен пара-пар іс еді. Орекең туралы білетінім осылар. Енді, міне, қарияның, кешегі майдангердің өз қолымен жазған өмірбаяны қолыма тиіп отыр. Оны мұқият оқып шықтық. Көрмегені жоқ, қарияның. «1917 жылы, яғни бес жасымда әкем қайтыс болған соң, анам Жұмакүл, ағам Жетпісәлі үшеуміз Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласына көштік. Осында балалық шағымызды өткіздік, – деп жазыпты майдангер өз жазбасында. – Ал 1938-1941 жылдары әскер қатарында болдым. Кейін білдік, біздің Байзақ ауданы Ақжар ауылындағы атты әскери бөлімімізді соғысқа жіберуге дайындаған болып шықты. Содан 1941 жылдан 1944 жылдың қараша айына дейін 3,5 жылдай соғыста болдым. Мәскеу түбіндегі қанды шайқастарда теңдесі жоқ ерлік істерімен әлемді дүр сілкіндірген қазақстандық 316-шы атқыштар полкінде танкіге қарсы зеңбіректі оқтаушы болдым. Жорық жолдарым Украина, Беларуссия, Польша, Румыния, Чехия мемлекеттерін жаудан азат ету шайқастарына жалғасты. Айтпақшы, бір жолы шабуылдау барысында Днепрді жалдап өтуімізге тура келгені бар. Ақ қар, көк мұз да, белуардан қар кешу, табаннан өткен сыз да, бет қаратпай қарып түсетін сарышұнақ аяз да қызыл әскердің екпінді шабуылын тоқтата алмады. Соғыстарда көлеңкедей бір елі қалмай, өзімізбен бірге еріп жүретін ажалға да бой үйренген еді. Өмір мен өлімнің арасында жүрсек те, жан-жақтан атқылаған зеңбіректер мен автоматтардың қарша бораған оғына қарамастан, саябыр сәттерді пайдаланып, көңіл көтеріп бір-бірімізбен әңгімелесіп қалатынбыз. 1944 жылдың күз айы. Күн жауын-шашынды суық болатын. Сол күнгі сұрапыл шайқаста сол аяғымнан жараланып, госпитальға түстім. Емделіп шыққан соң, аяғың жарамайды деп, мені елге қайтарды. 1944 жылдың соңына қарай екінші топтағы мүгедек ретінде туған жеріме оралдым. 1946 жылдан 1972 жылға дейін қазіргі Жамбыл ауданындағы «Тәжірибе совхозында» (орталығы Бесағаш ауылы) мал шаруашылығы саласында жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Еңбегім үшін «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен және мақтау қағазымен марапатталдым. 1973 жылдың күз айында Талас ауданы, Ойық совхозы, Сейілбек ауылына қоныс аудардым. Қазір отбасымда 1 қыз, 9 балам бар». Майдангер қарияның өз қолымен жазған жазбасының ұзынырғасы осы ғана. Біз де бөтен сөз қоспадық. Ал сонау бір сұрапыл соғыс кезінде бірі командир, бірі зеңбірек оқтаушысы болып, жауға қарсы жанқиярлықпен күрескен қаруластардың енді жиырма-отыз жыл өткеннен кейін құда болып, төс қағыстыра көрісетіні ойлары түгіл, түстеріне де кірмеген еді. Ол да соғыс «аңызындай» болып, білетіндерді қайран қалдырумен келеді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығын көру маңдайларына жазылмағанмен, тар окоп табыстырған құдалар Төленді Зікіряев пен Оразалы Тілекеевтің ұрпақтары өсіп-өніп, оман жұртқа да айналды. Олар әкелері кеуделерін оққа тоса жүріп, сақтап қалған бейбіт күннің шуағына бөленіп, бақытты ғұмыр кешуде.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол». Талас ауданы.