Әлеумет

«Отбасымның он бес адамынан тірі қалған жалғыз мен едім...»

«Отбасымның он бес адамынан тірі қалған жалғыз мен едім...»

7Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университетінің «Әлеуметтік тарих» кафедрасы «Жамбыл облысы Ұлы отан соғысы жылдарында. 1941-1945 жылдар» атты жоба аясында сұхбаттар сериясын ұйымдастырыпты. Ол – жастары жүзге тақап қалған тыл ардагерлері  аналарымызға арналыпты. Университет профессоры Мәмбет Қойгелдиев және бір топ зерттеушілер Жеңістің 70 жылдығына тарту ретінде еңбектерін облыстық «Ақ жол» газетіне жолдапты.       Біз еліміздегі жоғары оқу орындары қара шаңырағының бірі саналатын білім ұясы профессорының тілегін қабыл алды қ. Сонымен алғашқы сұхбат иесі тыл ардагері, Социалистік Еңбек Ері  Мәрзия Ибрагимова.   -Мәрзия апа, Сіз тек өз шаңырағыңыздың ғана емес, сонымен қатар кеңестік  кезеңдегі қоғамдық ортаның да ұйытқысы бола білдіңіз. Жарты ғасырға жуық ғұмырыңызды қызылша егістігін дамытуға арнапсыз. Жұмысыңызды абыроймен, адал орындап, заманның бір күрделі уақыты – 1947 жылы-ақ Социалистік Еңбек Ері атандыңыз. Сондықтан жамбылдықтар сізді жақсы таниды, сыйлайды. Ауылда Сіздің құрметіңізге М.Ибрагимова атындағы көше, балалар бақшасы бар екен. Мәрзия апа, ең алдымен өзіңіз туып-өскен жеріңіз, ата-анаңыз жөнінде айтсаңыз:     – Туып-өскен, өнген жерім Тасақыр деп аталады. Көп жағдайда Ақыртас деп жүр, бірақ негізінде олай емес. Мен Жамбыл облысы, Байзақ ауданының Тасақыр деген жеріненмін. Әкемнің аты – Рысбай, анамның аты – Айкүл. Әкемнің бес қойшысы болатын, жылқы мен түйені құм жақта ұстады. Түйе демекші, әкем алты айлап, Қоқанға барып тұратын, бірде жеті түйеге артып тас кілем әкелгені бар. Сол кілемдерді де, малды да кәмпеске жылдарында алып қойды ғой. Бар болдық, бірақ қызығын көре алмадық. Түгіміз қалмаған соң Тасақырдың ар жағында әкемнің жайлауы болатын, оның  жоғары жағына бидай, тары, қауын екті. Ал басқасын неге екенін білмеймін, екпейтін. Бар байлықтан айырылғанымызда сиыр ұстай бастадық. Бірақ сиырдың сүтінің «иісі бар» деп ішпей жылайтынмын, әрең үйрендім жарықтыққа! Сол күндерден жайлаудан көшіп келе жатқанымыз есімде қалыпты, құдайы тамақ беріп, сиынып жолға шығатынбыз. Өйткені бір құздан өтетін жалғызаяқ жол болатын. Мен атта отырмын, ал аттың басын біреу жетектеп жүрді. Алдымда көшкен кісілер кебежеге барларын салып, түйеменен кетіп бара жатты. Әкем маған «құзға қарама, басың айналады» десе де, мен қарайтынмын. Сонда тағы бір таңғалатыным, жайлауға шығарда қыстаудағы үйдің есігін жіппен байлап кететінбіз, оның ішіндегі кілемдерді, ыдыс-аяқ, заттарымызға ешкім тимейді. Ал жайлауға тек көрпе-көрпешелерімізді алып кететінбіз. Сөйтсем,  әкем бізге қазақтың нағыз жайлауын көрсетіп кеткен екен ғой, шіркін! – Апа, әкеңіз қандай адам болған еді? – Әкемнің өз жайлауы болған дедім ғой, сол жерге бір күні қырғыздар малын жайыпты. Ол жер  қазір де бар, үлкендер барып демалады. Жайлауда жауын күнде жауады. Менің әкемді көпшілік «бай» дейтін, атын атамайды, әкем ұйықтап жатқан жерінен бір кісі келіп, «ой, байеке, неге жатсың, қырғыздар сенің жеріңді алып қойды ғой!»,  дегенде әкем ұшып тұрып, қолына шоқпарын ала сала атқа мініп сол жаққа кетті. Ол кезде баласы, келіні бар болатын.  Әкем үш күн жоқ болып кетті. Әкемді артынан іздеп жатқан ешкім жоқ. Сөйтсек қырғыздармен жалғыз өзі соғысыпты, ақырында малын алдына салып, ақ көйлегі қан-қан, беті тілім-тілім болып келді. Өзі бойы ұзын, үлкен кісі еді. – Апа, балалық шағыңыздан қалған естеліктер қызықты екен. Алайда, сол мамыражай өмірді,  өкінішке қарай, советтік солақай саясат күл-талқан етті. Әкеңіздің өмірі отбасының да тағдырына әсер етті. Ол кісіні қалай тұтқындап алып кеткені есіңізде ме?    – Бәрі көз алдымда. Ата-анам алдын ала біршама қойды сатып, қам-қарекетін жасады.   Кәмпеске болады деген түні таңға жуық қара киізге ораған алтындарымызды алып, үйден шығып кетті. Бір жерге көмейін дегені шығар. Бірақ, біз әлі күнге дейін оның қайда екенін білмейміз. Содан не керек, қалған малды өкімет айдап әкетті. Бәрінен бұрын әкемнің Қоқаннан жеті түйеге артып әкелген кілемдерін алып кеткенде, анам байғұс қатты жылады. Сол кілемдер Жамбылда ел ішінде  бар көрінеді, өйткені бірде ауруханада жатқанымда бір орта жасқа келген кісі «бізде үйде бір кілем бар, өмірі тозбайды, қара кілем» деп айтып отырды, ол тозатын кілем емес. Оны «таскілем» деп атайды. «Сонда, белсенділер кілемдердің барлығын өкіметке бере салмаған, өздеріне де алып қалған екен ғой», деп ойладым. Сонымен әкемді тұтқындағаннан кейін одан хабар-ошарсыз қалдық. Қайда қамап қойғанын да, қашан қаза тапқанын да білмейміз. Отбасында 15 жан едік. Әкем де, анам да, аға-апаларым да бәрі аштықтан, шешек ауруынан опат болды. Содан нағашыларым қыпшақ рулы елінде тұрушы еді, солардың  қолында жүріп өстім, тұрмысқа шықтым. Жетім деп бір адам маңдайымнан шерткен жоқ. Қайта байдың қызы деп қошеметтеп, менің көңіліме қатты қарайтын. Әкем үш ағайынды кісілер еді. Мені әкемнің ортаншы інісінің  әйелі, жеңгеміз бақты. 16 жасымда тұрмысқа шықтым, енем шашымды жуып беретін, тарайтын, шашым қалың еді, енем берген бір тарағым болатын, сол тарағымды әлі сақтап, ұстап жүрмін. Тұрмысқа шыққан жерім Қарақожа, ақсүйектер.  Жақсы адамдарға келін болып түстім. – Соғыстың басталғаны жөнінде хабар қалай жетті? – Мен маусымның 10-ында тұңғыш баламды босанып жатқан едім. Босану үйінде, әйелдерді 12 күнге дейін қарап, күтуші еді. 22 маусым күні «соғыс басталды» деген хабарды естідік. Өмірге келген сәбиім бір жасқа толғанда жолдасымды  әскерге алды. Есімі – Ташболат. Енемнің сіңлісі екеуіміз жылап-сықтап отырмыз, енді күніміз не болады деп. Ал күйеуімнің туған анасының тәуіптігі бар еді. Ол кісі: «Жалғыз менің балам кетіп бара жатқан жоқ! Алла қаласа, аман келеді жыламаңдар?» – деп жекіп тастады. Құдайдың құдіреті! Айтқанындай, 5 жылдан соң, аман-есен оралды. Келгеннен кейін 3 қыз екі балалы болдық. – Күйеуіңізбен хат алысып тұрдыңыздар ма? – Ол да, мен де хат танымадық. Біреуге жазғызатынбыз. Бәрін сандыққа жинай беріппін. Сол хаттар сандықта сақтаулы. Жолдасым майданда байланыс бөлімшесінде болған екен. Сұрапыл бір шайқаста ол құмның астында көміліп, қалып қойыпты. Майдандас серіктері құтқарып алып шығыпты. Содан кейін қатты ауырған көрінеді. Өйткені, Украина жерінде госпитальда 6 ай жатса керек. Тамағы ісіп кеткен соң, операция жасатыпты. Шыққан соң тағы бір жерлерде күзетші болған екен, әйтеуір 5 жылдан соң ауылға оралды. – Тылдағы еңбектегі бір күндік өмірді әңгімелеңізші. – Ол уақытта сағат жоқ, сондықтан уақыттың қанша екені белгісіз. Әйтеуір, күн шықпай жұмысқа барамыз, ал күн шығып кетсе, «прогул» болатынын білеміз. Мен жұмысты ғана ойлайтынмын, балама енелерім қарады (енем және енемнің сіңлісі). Қызылшаны суғарамыз, оның арамшөбін жұлып күтеміз. Аяғымызда түк жоқ, күні бойы жалаң аяқ суғарып жүретінбіз, сондықтан аяқ-қолымыз тілім-тілім боп кетеді, оған солидол жағып қоямыз. Білмеймін сөйтіп, өзіміз ем жасайтынбыз, қызылша жүйегіндегі суды лайын дәкемен сүзіп іше салушы едік. Қызылшаны күз кезінде көп суғарсаң мол өнім береді. Қызылша піскен соң, оны қолмен қазып аламыз, қолмен машинаға салып жинаймыз. Бір жолы жалғыз өзім  4 тонналық машинаға қызылша артып, бір күнде төрт рет апарып өткізгенім бар. Қызылшаны қоймаға жеткізген соң,  өзіміз түсіреміз. Сонда жалғыз өзім барамын ғой. Бір кісі: «Балам, абайлашы, ауырып қалмасаң болар еді», – деді. Неге ауырамын екі иығыма екі кісі мінгендей, қарулы едім. Салмағым – 80 келі. Денем  темірдей қатты болатын. Сөйтіп жүргенде расымен ауырып қалдым. Екі күн жаттым үйде. Сонда да қызылша ойымнан кетпейді. Әбден жұмысты беріліп істедік. – Бригадиріңіз ұқыпты кісі болған ғой, сірә? – Басшы қатал болса жұмыс жақсы жүреді. Бригадиріміз болды. Ал мен звеновой болдым. Бригадирлердің кейбіреуі дұрыс, ал кейбіреуі бұзық болады.  Жағдайына үңілмей жатып, «жұмысқа неге шықпайсың?» деп қол жұмсайтындары да болған. Бірақ мен ондай адамдарға жолыққан  емеспін. – Жұмысты барынша беріліп істеуіңіздің сыры неде? – Ол кездегі өкімет тым қатал еді. Колхоз мүшелері біреуі қалмай жұмыс істеуі тиіс болды. Бастығымыз атпен жүріп қызылшаны аралап жүретін. Сонда бір жеріне су жетпей тұрса, ескерту алатынбыз. – Мәрзия Рысбайқызы, Социалистік Еңбек Ері атағын алу оңай емес, советтік қатал өкіметті қалай мойындаттыңыз? – Бір күні Алматыдан қызылша өнімін алудың зерттеуші тобы  келді. Жалпы  4 звеноға 4 гектардан жер бөлінетін. Біз 3 бригада болдық. Қаладан келген зерттеуші қыз бір гектар жерден 800 центнер қызылша береді деген болатын. Өзі қазақша сөйлейді. Айтқаны дәл келді. Ал  бірақ мен 4 гектардың әр гектарынан 820 центнерден бердім. Ол қыз маған қызылшаңыз жақсы екен деп баға беріп кетті. Мен күзде қызылшаларыма жіп байлап қоям, бір жетіде қызылшалардың толғаны  соншалықты жаңағы жіп ішіне қарай кіріп кететін. Міне осындай еңбегімнің арасында Социалистік Еңбек Ері атағын берді. –  Қыстыгүні қандай жұмыс істедіңіздер? – Қыстыгүні кімнің күлі бар, аттың қиы бар соған таласатынбыз, біз оны қызылшаның топырағына апарып төгіп, тыңайтқыш ретінде қолданатынбыз. Қызылшаға себетін екі дәрі бар, оның бірі құрт-құмырсқадан сақтану үшін, екіншісі қызылшаның тамырын өсіру үшін. Соларды сеуіп суғарып жүрдік. Сосын қыста солдатша ойнататын. «Противогазды» қолдануды үйрететін. Мына жақта Шөлдала деген жер бар, жер астынан су шықпайды. Сол жерді қаздырады. Жылқыбаев деген кісі бізге солдат өнерін үйрететін. Бір ағаш үй бар еді, соған жұмыстан қашқандарды қамап қоятын. Жерді қазып алынған топырақты бір дөңгелекті арбаға салып, екінші бір жерге апарып төгетінбіз. Бұл окоп қазуды үйрету еді. Сол даярлықтан өткен соң,  бізді комсомол қатарына қабылдады.   – Бұл даярлық курсының оқу кестесі қалай құрылды? – Қыста ойнатады. Жазда жұмыс көп қой. Жұмыстан босаған кезде суық қар үстінде тұрып, әскери даярлықтан өтетінбіз.  Әскери адамдарша өлең айтқызатын. – Соғыс кезінде алым-салықтың түрлері көбейді, оны қалай өтеп тұрдыңыздар? – Колхоз бойынша кедей болсаң да, орташа болсаң да оған қарамайды, мәселен  40 келі май, 40 келі ет бересің дейді. Ең соңында, қиналып кеткен соң, қалған бір алашаны сатып ет алдық, жалғыз сиырдың сүтін өзіміз ішпей майын шығарып әйтеуір салынған салықтың көлеміне жеткізіп беріп отырдық. Ауыл бойынша жиналған азық-түлікті Оразбай деген кісі алып кететін, ол әйелдерге жүн әкеліп таратып, одан қолғап, шұлық, жылы киімдер тоқытатын. Оразбай соғысқа қатысып, аман-есен оралған кісі еді. – Мәрзия апай, Сталин туралы сіздің пікіріңіз қандай? – Сталин өлді деген хабарды естігенде, жұмысты тоқтатып қойып, жыладық қой. Бірақ сонда өзіміз де білмейміз не үшін жылағанымызды. – Соғыстан оралғандарды ауыл болып алдынан күтіп алушы ма едіңіздер? – Олар келгенде жылап-сықтап, қарсы алушы едік,  кейіннен соғыстан «не алып келіпті?» дегенді шығарды ғой мына ел. Бірақ, расында бір кісі Германияда көп жүріп қайтқан болу керек, сапасы жоғары көп маталар, шапандар, тағы басқа заттар әкелген болатын. – Соғыстан оралған мүгедек жандар көп болды ма? – Иә. Қолынан, аяғынан айырылғандар көп болды. Сондай жағдайда жүректі ауыртатын өлеңдер де шыққан. Аяқ-қолы жоқ адамның «құшағыма ала алмадым» деген арманды сөздері бар. Ал кейде біреулерге қара қағазды қателесіп жеткізіп жататын, оларға тіпті  ас беріп құран оқытып та қойғандары болған.  Кейіннен күткен адамы оралып, айран-асыр қуанғандарды да көрдік. – Апа, жолдасыңыздың соғыстан келген сәті туралы есте қалғандарды айтып бере аласыз ба? – Жұмыс басында жүргенімде «жолда келе жатырмын» деген хат алдым. Жалғыз ешкіміз бар еді, соны сойып, елге құдайы тамақ тараттық. Менімен бірге істейтін бір бойжеткен қыз жүгіріп келді, мойнымдағы қызыл маржан моншағымды шешіп алды да, «аға келе жатыр екен, сүйіншіге осыны бер» деп алып қойды. Сондай әдемі еді, бірақ бердім. Жолдасым келген соң қалған бір лағымызды сойдық. – Жолдасыңызды қай жерде қарсы алдыңыздар? – Өзі үйге кіріп келді. Соғыстан келген соң жаңа үй саламыз деп отырғанбыз. Ал бұрынғы үйімізді қарашайлар отбасына бердік. Сосын «аткөшінік» (малдары тәркіленіп, басқа өңірге еріксіз жер аударылған, кейін оларға өз туған жеріне оралуға рұқсат берілген. «Аткөшінік» орыстың «откочевник» сөзінен шыққан болу керек-М.З.) дегендер келді. Сөйтсек, өзіміздің қазақтар екен. Одан кейін біздің ауылға немістің кіп-кішкентай балаларын әкелді. Оларды колхоздарға бөлді, осындағы кейбір отбасылары өз қамқорлығына алып, асырап бақты. Кейін сол неміс балалары қазақ жастарымен бас қосып отбасын құрды. Майдангер азаматтардың ішінде неміс қызына үйленіп келгендері де болды. Қазір сол Германиядан келген неміс әйелдің он баласы бар. Қазақша сөйлейді, жақсы әйел. Бүгінде 90-нан асып қалды, бірақ менен кіші. – Жастарға қандай тілек айтасыз? – Жастар біздің көргенімізді көрмесін, осы ауыртпалықтардың бәрін өзімізбен алып кетейік. Сендер де біз сияқты еңбекқор болыңдар! – Мәрзия апай әңгімеңіз үшін үлкен рахмет, бақытты өмірде ұзақ жасаңыз! Әңгімелескен Зәбира Мырзатаева,  тарих ғылымдарының кандидаты, Абай атындағы Қазақ ұлттық   педагогикалық университетінің аға оқытушы,   

Нәзима Жұбандықова, журналист. Алматы – Тараз – Алматы.