«Нағыз учаскелік инспектор» деп Өтебаевты айт
«Нағыз учаскелік инспектор» деп Өтебаевты айт
Өмірде кездейсоқ жағдайлар көп болады. Күнбе-күн айналамызда болып жатқан оқиғаларды естіп, теледидардан небір жантүршігерлік жағдайларды көріп, «адамдар неге сонша безбүйрек?» деп ойланатынмын. Қазіргі қоғам сондай шығар. Бірақ, көпке топырақ шашпаймын. Өйткені, бес саусақ бірдей емес. Оған өзімнің көзім анық жетті. Айтпағым, учаскелік инспектордың адамгершілігі жайлы. Жай адам болса, байқар ма еді, кәсібі арқылы қалыптасқан қырағылығы шығар, бәлкім. Қаңтардың 2-сі күні болатын. Сағат кешкі 21.30 шамасында Талас аудандық ішкі істер бөлімінің Ақкөл ауылдық округіндегі учаскелік инспектор Дінмұхамед Өтебаев деген азамат Жамбыл ауданындағы Қаракемер ауылының маңында үйден шығып кетіп, жолда адасып бара жатқан менің науқас ұлымды кездестіреді. Бейсауат жүрген жан емесін, көмек керек екенін біліп, көлігіне мінгізіп, сол аудандағы ішкі істер бөліміне апарып, кезекшілерге тапсырған. Өйтпегенде, жағдай қалай боларын кім білсін. Ұлымның түнгі аязға ұрынып, бір жерде қатып қалуы да әбден мүмкін еді. Бақытымызға орай, учаскелік инспектор кездесіп, ұлым аман-есен үйге оралды. Адамның тағдырына немқұрайлы қарамайтын, адамгершілігі зор жандар арамызда баршылық. Сүйікті газетім «Ақ жол» арқылы сондай азаматтың бірі – Дінмұхамед Өтебаевқа отбасымның атынан алғысымды жеткізгім келеді. Оның отбасына амандық, өзіне зор денсаулық, жұмысына табыс тілеймін. Өз міндеттеріне жауапкершілікпен қараған Жамбыл аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлеріне де ризамын.
Биязкүл Әбітаева, зейнеткер.
Тараз қаласы.