Тарихтан сыр шерткен кездесу
Тарихтан сыр шерткен кездесу
Қазақ хандығына 550 жыл толуына орай дүбірлі тойды өткізу облысымыздың еншісіне бұйырған соң жергілікті ЖОО білімгерлері тарихи лекцияларды жиі тыңдап жүр. Облыстық Шоқан Уәлиханов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында өткен «Шу-Талас жазығынан бастау алған Қазақ хандығы» тақырыбындағы семинар кеңесі соған дәлел. Оқу залында Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ профессоры, т.ғ.д., Археология ғылыми-зерттеу орталығының директоры Сәйден Жолдасбаев, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, т.ғ.д. Данияр Елеуов және т.ғ.к. Дөкей Талеев білімгерлерге мазмұнды дәріс оқып берді. Мәселен, ғалым Дөкей Талеев «Созақ – Қазақ хандығының тірек қаласы» деген баяндамасында: «Әбден ірге бекітіп, елдік құрылымға көтерілген соң Керей мен Жәнібек сұлтандар Қазақ хандығын құрып, астанасын Созақ деп жариялайды. Қазақ ежелден көшпенді халық болғандықтан жаңа хан ордасының да ежелгі салт бойынша көшіп-қонып жүргенін алға тартады ғалымдар. Бұл үрдіс Абылай ханға дейін жалғасты. Созақтың тұрғындары бірнеше есеге көп болғандығы белгілі. Созақ Сығанақ қаласына жақын маңда орналасқан. Созақ қаласы ХІІІ ғасырдағы жазба деректерде «Хұзақ» деген атпен аталады, ал ХVІ ғасырдан бастап Созақ деген атпен белгілі. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің айтуынша, Созақ өз заманында аса мәдениетті қалалардың бірі саналған. Онда сауда қатынастары мен түрлі шеберханалар орналасты. Қазақ халқының алғашқы салт-дәстүрі, тілі сақталған. Көне Созақ қаласы Қаратау, Мойынқұм, Бетпақдаламен шектеседі. Қала өз заманында әсемдігімен кез-келген адамды тамсандырып жіберетін» деді. Семинарды облыс әкімдігінің мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары Сара Мәдиева қорытындылады.
Қанат Тілепберген, «Ақ жол».