Оқырмандарын ойлай бастады
Оқырмандарын ойлай бастады
Менің облыстық «Ақ жол» газетіне бұрынғы «Сталиндік жол», «Еңбек туы» аталатын кезінен бастап қоғамдық тілші ретінде атсалысып келе жатқаныма алпыс бес жылдан астам уақыт өтіпті. Сүйікті газетімнен күні бүгінге дейін қол үзген емеспін. Бір байқағаным, соңғы жылы газеттің түр-түсі де, мазмұны да жақсарды, ішіндегі материалдарын оқысаң, адам қызығатындай. Газет тілшілері де өз мақалаларында облыстың өзекті мәселелерін көтеріп, байыппен қалам тербеп жүр. Тағы бір байқағаным, редакция алқасы жас журналистерге қамқорлық жасап, көмектесіп те отырады екен. Бұл жастардың тәжірибе жинақтауына, өсуіне де игі ықпал етпек. Облыс баспасөзінің қарашаңырағы – «Ақ жол» газетінің бүгінгісін ғана емес, болашағын ойлау, лайықты ізбасарларды тәрбиелеу ғой бұл. Мен басылымның байырғы оқырманы ретінде аз уақыт ішінде газеттің түрі мен сапасын, мазмұнын жақсартуға қол жеткізгені үшін де «Ақ жолдың» бүгінгі ұжымына шынайы алғысымды білдіремін. Басылымның көркеюі оқырмандарын да кемелденуге бастайды деген ойдамын.
Есіркеп СЕРІКБАЙҰЛЫ, ауданның Құрметті азаматы. Байзақ ауданы.