Немереме Қасым-Жомарт деп ат қойдым
Немереме Қасым-Жомарт деп ат қойдым
Жас кезімде Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі жазушы, қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаған Кемел Тоқаевтың шытырман оқиғалы кітаптарын іздеп жүріп сүйіп оқушы едім. Содан болар, жазушы жақын ағамдай болып кетті. Өзімнің он бірінші немеремнің есімін қояр кезде де ойыма бірден Кемел аға түсті. Немереме «Қасым-Жомарт» деп жазушы ағамыздың ұлының есімін беруді жөн деп шештім. Осыған байланысты мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына арнайы хат та жолдадым. Кешікпей жауап хат та келді. Онда Қ. Тоқаев: «Ең алдымен менің атыма жолдаған жылы лебізіңіз үшін Сізге үлкен алғысымды айтамын. Дана халқымыз ежелден жаңа туған сәбиге ырым жасап, азан шақырып ат қою рәсіміне ерекше мән беріп, құрметпен қараған. Немереңізді менің есіміммен атауға келісімімді бере отырып, кішкентай Қасымжомарт келешекте қазақ елінің мақтан тұтар азаматы болып өсуіне тілектестігімді білдіремін» деп жазып, өзінің «Әке туралы ой-толғау», «Беласу» атты кітаптарын қоса жолдапты. Оның бірауыз өтінішімізді елеусіз қалдырмай жауап беріп, алғыс айтқанына отбасы болып қуанып, ризалығымызды білдіріп отырмыз. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген, сірә, осы болар!
Серік БАЛАБЕКОВ, аудандық ардагерлер кеңесі әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссиясының төрағасы, зейнеткер.
Байзақ ауданы.