Саясат

Коммунистер ұстанымы айқын

Коммунистер ұстанымы айқын

Астанада Қазақстан Коммунистік халық партиясынан (ҚКХП) кандидат Тұрғын Сыздықовты қолдайтын республикалық сайлауалды штабтың тұсаукесері болып өтті. Ол Астана қаласында орналасқан.

Шараға ҚКХП Орталық комитетінің хатшысы, Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықов, ҚКХП ОК хатшысы Жамбыл Ахметбеков, «Халықтық коммунистер» фракциясының жетекшісі Владислав Косарев, республикалық сайлауалды штабының басшысы, Парламент Мәжілісінің депутаты Айқын Қоңыров, БАҚ өкілдері қатысты. Сонымен, ҚКХП-дан кандидат Тұрғын Сыздықовты қолдау сайлауалды штабына Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров басшылық жасайтын болды. Сайлауалды штабы сайлауалды науқанына қатысушы Тұрғын Сыздықовқа қолдау көрсетуді алдына мақсат етіп қойған. Штабтың мін­детіне, сондай-ақ, партияның өңірлер­дегі белсенділігін арттыру, партия­ны жақтаушыларды сайлауалды мін­дет­терді табысты шешу үшін жұмылдыру бойынша жұмыстар жүргізу жатады. Тұсаукесер барысында Қазақстан Республикасы президенттігіне кандидат Тұрғын Сыздықовтың командасы үгіт науқаны кезіндегі өздерінің жоспарларымен бөлісті. Штаб басшысы Айқын Қоңыров бри­­фингте жиналғандарды сайлау нау­қа­ны­ның жоспарларымен таныстырды. «Біздің жоспарымыз іс жүзінде бүкіл сайлауалды науқанына дерлік жа­зып қойылған. Бұлар – зауыттар мен фаб­рикалардың еңбек ұжымдарымен және біздің партиямыздың қоғамдық қабылдауларында қарапайым азаматтармен кездесулер өткізу», деп атап өтті А.Қоңыров. Сондай-ақ, кеше ҚКХП-дан пре­зи­денттікке кандидат Тұрғын Сызды­қовты қолдау сайлауалды штабы үгіт пойызының тұсаукесері өтті. Бұл – партияның символикасымен безендірілген үш машинадан тұра­тын автокеруен. Штаб басшысы Ай­қын Қоңыров атап өткендей, үгіт пойы­зының алғашқы тоқтайтын жері Көк­шетау қаласы, яғни Ақмола облысының орталығы болады. Дәл сол жерде халықтық коммунистер өздерінің сайлауалды тұғырнамасын насихаттауды бастап, ҚКХП-дан үміткер үшін үгіт жұмыстарын жүргізеді. Көкшетауда кандидаттың жастар өкілдерімен және облыстағы бірқатар кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесулері жоспарланған. Одан әрі делегаттар Қостанай, Пет­ропавл, Алматы және Қазақстанның бас­қа қалаларына сапар шегеді. Бар­лығы 40 шара жоспарланып отырса, кандидаттың кем дегенде 11 мәрте жұртшылық алдында сөз сөйлеуі белгіленген. Қазір, коммунистердің өздері атап көрсеткендей, ресурстарды жұмылдыру қажет. Бүгінгі күш кең ауқымды насихат пен штаб жұмысы үшін жеткіліксіз. Еске сала кетсек, үгіт науқаны бір ай дерлік уақыт – «тыныштық күніне» дейін жүретін болады. Қазақстан Республикасы президент­тігіне кандидат Тұрғын Сыздықов өзінің сөзінде аталған электораттық науқанның маңыздылығын атап көрсетті: «Біз сайлау үдерісіне алғаш рет қатысып отырған жоқпыз, біз үшін бұл еш жаңалық емес. Біз беріліп отырған мүмкіндікті халыққа өзіміздің бағдарламаны тағы бір мәрте жеткізу үшін, өзіміздің мақсаттарымыз бен міндеттерімізді таныстыру үшін, сайлауалды тұғырнамамыздың басым­дықтарын егжей-тегжейлірек түсіндіру үшін пайдаланғымыз келеді», деді ол. «Жұмысты адал, толерантты жүр­гізетін боламыз. Себебі, адамдар кімнің қандай бағдарламаны ұсынып отырғанын және оның қайда апаратынын анық білулері тиіс. Біздің сайлауалды тұғырна­мамыз­дың құрамдасының бірі азамат­тарымыздың келешек буыны үшін теңдей алғы­шарттар мен мүмкіндіктер туғызу, тиімді әлеуметтік лифтілер мен жоғары қоғамдық мұраттар үшін жағдайлар жасау болып табылады», деді штабтың тұсаукесері кезін­де президенттіктен үміткер Тұрғын Сыздықов. Тұсаукесер аяқтал­ған соң шақырылғандарға үгіт материал­дарының үлгілері үлестірілді. Атап көрсететін бір жайт – бұрнағы күні сайлауалды штабтары еліміздің барлық өңірлерінде ашылды. Кандидат Тұрғын Сыздықов 1966 жылы Қазақстанның ауыл шаруа­шы­лығын механикаландыру және электр­лендіру техникумын «техник-механик» мамандығы бойынша бітірген. 1974 жылы Мәскеуде БЛКЖО ОК жанындағы Жоғары комсомол мектебінің түлегі атанса, 10 жылдан соң Целиноград ауыл шаруашылығы институтын «ғалым-агроном» мамандығын алып, тәмамдап шықты. Кандидат Тұрғын Сыздықов өзінің еңбек жолын слесарь болып бастаған. Кейінірек тракторшы, механик және «Казахсельмаш» зауытында шебер болып істеді. КСРО кезінде коммунистер қатарына алынды. Сол кезде бүгінгі кандидат 26 жаста болса, қазір 67-де. Бүгін ол партия Орталық комитетінің хатшысы лауазымын иеленіп отыр.