Әлеумет

Жолкіре бағасы бес теңгеге арзандады

Жолкіре бағасы бес теңгеге арзандады

Қоғамдық көліктердегі жолақының қымбаттауы қарапайым халықтың қалтасына қиын соғары анық. Жанар-жағармай арзандағаннан бері баршаның басын ауыртқан бір ғана «жолаушылар тасымалына төленетін ақы арзандай ма?», деген сауал болды. Осы мәселе жөнінде жуырда Тараз қалалық мәслихатының кезектен тыс XXXIX сессиясы өтті. 

Жыл басында жол ақысы қымбаттағанда қарапайым халықтың наразылыққа толы назы әр жерде айтылып жүрген еді. Аталған мәселе талқыланған сессияны №1 сайлау округінен депутат Анар Досымбаева жүргізіп отырды. Депутаттар қоғамдық көліктердегі жолкіре құнын 5 теңгеге төмендетуді бір ауыздан қолдап, бұдан кейін жолаушыларды тасымалдау бағасы 55 теңге болып бекітілді. Мұны олар жанар-жағармай бағасының төмендеуімен байланыстырып отыр. Осылайша, қоғамдық көліктердегі жолақы құны бұрынғыдай 60 емес, 55 теңге болмақ. Арнайы жеңілдіктер де сол күйі қалып отыр.

Наурызбек САРША,  «Ақ жол». Тараз.